Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қуатты өңір – қуатты Қазақстан! - АРҚА АЖАРЫ

Қуатты өңір – қуатты Қазақстан!

Астанада өткен Ақмола облысының күндері осыны айқын паш етті

 

«Базарың құтты болсын!»

 Елорда төрінде екі күн бойы осы сөз көп айтылды

  Тәуелсіз еліміздің экономикасының қарқынды дамуы мен халықтың әлеуметтік ахуалының алға басуына республикамыздың барлық өңірлері де өздерінің үлестерін қомақты етіп қосуда. Әсіресе, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің орны ерекше екендігі де ақиқат. Бұл орайда, жер жәннаты аталып кеткен Жетісудің жемістері мен Алатаудың ал қызыл алмасы,  көкөнісі көздің жауын алатын Шымқала мен Тараз өңірінің өнімдері, дәмі тіл үйірер Арал мен қарт Каспийдің тайдай тулаған балығы, сапасы жағынан теңдесі жоқ теріскей өңірдің ұны, Көкшенің сере қазысы, Алтайдың балы, айта берсек, елімізде адам денсаулығына аса пайдалы азық-түліктің бәрі дерлік өндіріледі десек, ақиқаттан алыс кетпегендігіміз. Арқа төсінде орын тепкен Елордамыз – Астананың азық-түлік белдеуін құру міндеті де бас қала тұрғындарын сапалы азық-түлікпен толық қамтамасыз етуден туындаған мәселе. Сондықтан да болар, еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден әкелінетін азық-түлікпен шектеліп қалмай, жыл сайын жаз ортасынан бастап, күздің соңына дейін Астанада әр облыстың жәрмеңке ұйымдастыруы дәстүрге айналды.

 

 

Өткен сенбі-жексенбі күндері Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің басшылығымен биылғы осындай жәрмеңкелердің соңғысы Елордадағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда өтті. «Астана мен Ақмола егіз ұғым» деген сөз рас, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерінің Елордадағы сауда орындарының сөрелерінен күнделікті табылатындығына қарамастан, республика облыстары арасында ақмолалықтардың ең соңында жәрмеңке өткізуі де биыл осы бір игі шараның соңғы нүктесін қою болғандығы сөзсіз.
 Әрине, Елордада жәрмеңке өткізу бір қарағанда, Астанадан шалғай жатқан облыстарға біршама қиындық тудыратындығы да жасырын емес. Дегенмен, Елорданың азық-түлік белдеуін құру тұрғысында қала тұрғындарын сапалы да арзан тауарлармен тұрақты түрде қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін айтып жату артық болар. Сонымен қатар, басқа облыстар өткізгендей бір күн емес, бұл жолы екі күнге созылған жәрмеңкенің астаналықтардың көңілдерінен шыққандығы сөзсіз.
 Нақты деректерге сүйенер болсақ, екі күнге созылған қызу саудада ақмолалық тауар өндірушілер 620 тонна ет және ет өнімдерін, 20 тонна балық, 458 тонна көкөніс пен картоп, 63 тонна сүт және сүт өнімдерін, 430 мың дана жұмыртқа, 170 тонна ұн және 40 тонна өсімдік майын әкелген екен. Яғни, осы күндері барлығы 784,0 миллион теңгенің 70 түрлі азық-түлігі сатылды.
 Ал, бағаға келетін болсақ, жәрмеңкедегі азық-түлік қаладағы сауда орындарын айтпағанның өзінде, базардағыдан да біршама төмен болды. Сондықтан да болар, жәрмеңке басталған сенбі күні таңертең ертемен әсіресе, жұмыртқа сатылған жерден ұзын-сонар кезекте тұрған тұрғындарды байқадық. Әрине, дүкендерде он жұмыртқа шамамен 300 теңгеден сатылатын болса, бұл жерде 190 теңгеге алуға болатындықтан, мұндай кезекке таңдануға болмас. Сондай-ақ, жылқы етінің бір келісі 1100 теңгеден, сиыр еті  1000, қой еті 950 теңгеден әп-сәтте сатылып кетіп жатты.
– Арзан әрі, сапалы болған соң «етті келілеп дорбалағаннан гөрі, біржола арбалайын» деп жылқының жарты етін сатып алдым, – дейді астаналық зейнеткер Бақыт Төлеубаева. – Күн суыта бастады, енді бір мезгіл жылқы етін жемесек көңіліміз көншімейді. Қалған тауарларды тағы да қараймын. Сондай-ақ, үйреніп алғаннан соң ба, әйтеуір осы өңірдің жылқы еті ерекше дәмді болып көрінеді. Сосын ғой, соғымға дейін іздемейін деп, күздік сатып алғаным.
 – Шынымен, осындай жәрмеңкелер өткізіп тұру біз үшін қолайлы болды, – деп Сүлеймен Кенжеғарин да бізбен әңгімеге араласты. –Тіпті, жаз ортасынан бері келесі демалыста қандай облыс, не ұсынады екен деп күтіп отыратын болдық. Күнделікті керегімізді қаладағы базарлар мен дүкендерден алып тұрамыз. Ал, мұндай жәрмеңкелерде сақтауға келетін азық-түлік түрлерін мүмкіндігінше молынан алып тұруға тырысамыз.
Шынында да, екі күнге созылған Ақмола облысының Астанадағы күндері үлкен той іспетті болып өтті. Осы күндері өткізілген мәдени және спорттық шаралар, сахналанған қойылымдар мен ақын-жазушылармен жүздесулер де өте жоғары деңгейде өтті. Жәрмеңке өткізілген алаңда да қызу саудамен қатар, «Тәуелсіз елдің тұғыры биік» атты театрландырылған қойылым, концерттік бағдарламалар, бауырсақ мейрамы және спорт жарыстары да қала тұрғындарын бейжай қалдырмады. Алғашқы күні Ерейментау ауданы және келесі күні Қорғалжын ауданы ұйымдастырғандай келушілерге тегін ыстық шай мен бауырсақ үлестіру, қымыз ұсыну да мерекенің мәнін аша түсті.
– Әрине, мұндай жәрмеңкелерге әр облыс өзінше дайындалады. Мүмкіндігінше барлық сапалы тауарларын әкелуге тырысады, – дейді жәрмеңкені өзі аралаған Ақмола облысының әкімі Сергей
Кулагин. – Шынтуайтқа келгенде, жәрмеңке дегеніміз тұтынушыларға өз тауарларыңның қаншалықты сапалы екендігін көрсету ғой. Яғни, бұл да жарнама. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біз үшін баға емес, ең алдымен тұтынушылардың талаптарына жауап бере алатын сапалы тауар өндіретіндігімізді көрсету. Ешқандай делдалсыз сатып алушыға тікелей шығудың да маңызы зор екендігін ұмытуға болмайды. Бұл өз кезегінде бағаның қымбаттауына жол бермейді. Бүгінгі күні Ақмола облысы Астананы етпен 52 пайызға, сүтпен 50 пайызға қамтамасыз етсе, картоп және жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта ет пен ет өнімдерін молырақ шығарсақ, біздің үлесіміз бұдан да қомақты болады деп сенемін. Сонымен қатар, тауық етін де бүгінгіден едәуір мол әкелетіндей мүмкіндігіміз бар. Ол үшін облыста жаңа кәсіпорындар ашылатын болады. Ал, ең бастысы, Астана біздің облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері үшін өте тиімді нарық. Осындай мүмкіндікті ұтымды пайдалану екі жаққа да өте қажет.
Жәрмеңкені облыс әкімі Сергей Кулагин-
мен бірге аралаған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те облыстың тауар өндірушілеріне өзінің ризашылығын білдіріп, осындай жәрмеңкелердің қала  тұрғындары үшін өте бір игі шара екендігін айтты.

 

Рәзия Байғанақызы,
Астана қаласының тұрғыны:
– Өзге облыстардың ұйымдас-тырған жәрмеңкелерімен салыстырғанда,  бұл жолы өнім түрі мол, әрі бағасы да арзан. Бірінші күні жылқы етін сатып алсам, бүгін сүт, май, қаймақ, жұмыртқа алуға келдім. Жалпы, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға зор ризашылығымды білдіргім келеді. Қымбатшылық қысып тұрғанда бұл әсіресе, табысы аз, тұрмысы төмен отбасылар үшін өте тиімді. Сондықтан да осы үрдіс жалғаса берсін деп тілейміз.

 

 

 

Бәрін сүйсінткен көрме

 

Бейбітшілік және келісім сарайында екі күн қатарынан Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Осыған дейін Астана төрінде барлық облыстардың күндері өтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылғанымен, мұндай көрме алғаш рет ақмолалықтар тарапынан қолға алынып отыр.

 

Көрме облыстағы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, шағын және орта бизнес, туризм, білім, денсаулық және мәдениет саласындағы қол жеткен жетістіктер, яғни, өнімдер мен жобалар тұратын он екі бағыт бойынша өтті. «Ел экономикасының локомотиві» атаған табиғи таза өнімдерге бай, адами, өндірістік және көліктік әлеуеті бойынша Қазақстанның қарқынды дамушы аймақтарының қатарына жататын Ақмола облысының аймақтық жалпы өнімі артып, өңір өнеркәсіп өндірісі көлемі бойынша елімізде көш бастап келеді. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы нәтижесінде жеткен жетістік мол, бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Соңғы жылдары электр қуатын өндіру, тұрғын үй салу мәселелері, көгалдандыру жұмыстары бойынша оң өзгерістер көп.  Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен өнер салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Көрмеде осы жағына ерекше мән беріліп, облыстың басты тұтынушысы астаналықтарға көрсетіліп, таныстырылды. Көрмеге ұсынылған он жеті аудан мен екі қалада шығарылатын барлық ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы өнімдер мен білім, медицина және туризм саласындағы жобалар қатысушылардың қызығушылығын тудырды деуге әбден болады. Оның ішінде осыдан тура бір жыл бұрын Целиноград ауданының Максимовка ауылында ашылған аяқ киім цехының өнімдерін астаналықтар мен көрме қонақтары сол жерде сатып алып жатқанының да куәсі болдық.  «SAMHAT» серіктестігінің кәсіпорны Ресей, Беларусь, Түркия, АҚШ, Англия және Шығыс Еуропа елдерінің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша арнайы мақсаттағы аяқ киімдерді шығарады. Әзірге, кәсіпорын еліміздің Қарулы Күштерінің тапсырысы бойынша жұмыс істеуде.
– Ұсынылған өнімнің негізгі артықшылығы сапасында болып отыр. Біз өнімнің сапалы болуы үшін шетелдің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша жұмыс істейміз. Өнім барлық талаптарға және мемлекеттік стандарттарға сай келеді. Ал, кәсіпорынның қуаты жылына 500 мың пар аяқ киімге тең. Тапсырыс болып жатса өнімділікті одан әрі арттыруға болады. Біздің негізгі тұтынушыларымыз әскери қызметкерлер мен астаналықтар, – дейді бізбен әңгімесінде кәсіпорын директорының орынбасары Асхат Исабеков. Көрмеде өз тауарларын ұсынған облысымыздағы іргелі шаруашылықтар «Родина» агрофирмасы», «Милк Проджект», «Астана агро продукт», «Айбат» және «Бижан» ет өңдеу кешені» тәрізді өзге де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өнімдерін астаналықтар көптеп тұтынады. Бұл жайға көрмені аралап көрген облыс әкімі Сергей Кулагин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов көз жеткізді. Осы ретте, облыс басшысы Астана нарығына шығарылатын отандық өнімдердің санын одан әрі  молайтатынын атап өтті.
– Жыл өткен сайын елорда халқының саны көбеюде. Сол себепті, біздің өнімге сұраныс өсе береді. Бүгінгі көрмеде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында облыстың жеткен жетістігін көрсете алсақ, енді бір жағынан астаналықтарға жарнама жасап отырмыз, – деді өңір басшысы.
Көрмеде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласымен бірге денсаулық сақтау саласында облыстың қол жеткізген жетістіктерін көруге келгендер де көп болды. Солардың бірін сөзге тарттық.  
– Өскеменнен Астанаға көшіп келгеніме бірер жыл болды. Астанада өтетін көрмені күтіп жүрген едім. Осында көрме болады деп жұмыстан сұранып келдім. Өйткені, Ақмола облыстық ауруханасында ашылған кардиохирургия бөлімшесі – еліміздің тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласында қол жеткізген ірі табыстарының бірі. Осы күні әлемдегі ең озық медициналық технологиямен жабдықталған бөлімшеде жүрек талмасы, қан қысымы сырқатына шалдыққан науқастарға ота жасалып жатыр деп естіген едім. Сол себепті, өз басым медицина саласында қызмет істегендіктен, әріптестерімнің тәжірибесін көріп, пікір алмасуды жөн деп санадым, – дейді Астанадағы №7-ші қалалық емхананың қызметкері Айгүл Зарипова.
Жалпы, қатарынан екі күн өткізілген көрме көпшіліктің көңілінен шықты.   Көрме барысында облыс әкімі Сергей Кулагин  мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов екіжақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.  Аталған меморандум аясында Ақмола облысының аумағындағы кəсіпорындарда шығарылған азық-түлік, киім-кешек жəне құрал-жабдықтарды  шекара қызметі тапсырыс бойынша тұтынатын болады.
– Ақмола облысында еліміздің шекара қызметіне қажетті жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрал-жабдықтар өндіріледі. Сондықтан, бүгінгі меморандум аясында облыс кәсіпорындары өз өнімдерін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сата алады. Бұл бір жағынан жергілікті кəсіпорындар өнімдеріне деген сұранысты арттырса, енді бір жағынан ел шекарашыларын сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта осы ынтымақтастыққа сәйкес ұсынылатын өнімдердің түрлерін арттыратын боламыз, – деп атап өтті өз сөзінде Сергей Кулагин.

 

 Қандай жақсы жүздескен

 

Елордадағы Ақмола облысы күндеріне және Қарттар айлығына орайластырылып, облыс әкімі Сергей Кулагиннің шақыруымен кезінде облыс экономикасына лайықты үлес қосқан абыз ақсақалдар мен абзал әжелер «Аққу» мейрамханасында бас қосты.

 

Мейрамхананың залына кезінде Қазақ ССР Білім министрі болып қызмет атқарған Қожахмет Балахметов ақсақал, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қасым Тәукенов, Ақмола облысының әкімі болған Владимир Гартман, облыс әкімінің бірінші орынбасары, кейіннен Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қуаныш Алпысбеков, облыс әкімінің орынбасары, Парламент Сенатының депутаты лауазымын көп жыл атқарған Светлана Жалмағамбетова, облыстық ішкі саясат басқармасын басқарған Күләш Байдәулетова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы, бүгінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл және басқа да облыстық деңгейде басшы қызметтер атқарған, бүгінде зейнеткерлікке шыққан адамдар бір-бірімен тағы бір қауышқанда емен-жарқын әңгіме, әзіл-қалжың, түрлі оқиғаларды еске алу сынды сұхбат  бірден қыза бастады.
Кездесуді облыс әкімі Сергей Кулагин ашып, қысқаша кіріспе сөзбен бастаған соң күні кеше ғана туған күні өтіп, сексеннің сеңгірінен асқанына жыл өткен Қасым Тәукеновті құттықтап, сый-сияпат ұсынуы да, өзінің Қасым Аппасұлының қарамағында түрлі лауазымдарда жұмыс істегенін еске алуы да жарастығын тауып жатты. Қазақ мұндайда «ығай мен сығай жиналған» (жақсы мағынасында, әрине) дейді ғой. Шынында да, кезінде лауазымдарынан «ат үркетін», облысымыздың, жалпы еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ағалар мен апалардың шүйіркелесіп, жастарының келулеріне орай «тақтан түссе де, аттан түспеген», «сыры да, сыны да кетпеген», жүріс-тұрыстарынан тектіліктің лебі есіп тұрған кейіптерін көріп бір қуанып қалдық. Әрине, бұл арада кездесуге жиналған ардагерлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес.  Мәселе, олардың ерен еңбектерінен үлгі алып отырған кейінгі буынның оларды әрдайым құрметтеуі, үлгі тұтуы ғой. «Қариясы бар ауыл – қазыналы ауыл» деген сөз рас болса, кездесуге жиналған ардагерлердің ақыл-кеңестері, олардың бай тәжірибелері, салиқалы ойлары жас ұрпаққа қажет-ақ. Әр адам өзінің күйбің тіршілігімен жүрген мына заманда кешегі әріптестеріңмен, қоян-қолтық жұмыс істеген достарыңмен жиі кездесудің сәті түсе бермейтін болар. Ал, кезінде талай ауқымды проблемаларды шешіп, талай адамның ісіне оң бағыт бере алған, облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық ахуалының алға басуына үлкен үлес қосқан мұндай адамдардың бір-біріне айтар әңгімелері, бүгінде аудан, облыс басқарып отырған қызметкерлерге айтар ақылдары аз болмас. Ал, ең бастысы, абыз ақсақалдарымыз бен апаларымыздың еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі.  Астанада өткен алқалы жүздесу де соның бір айғағы дейміз.

 

 

 

Көп көңілінен шыққан қойылым

 

Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері  Мұхтар Шахановтың өлеңмен жазылған романы негізіндегі «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) қойылымын сахналап, өнерсүйер қауымның ыстық  ықыласына бөленді.

 

Шараға Қазақстанның Халық ақыны Мұхтар Шаханов қатысып, өнер тарландарына өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Қойылымды Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников та тамашалады.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтау сөз сөйлеп, келер жылы облыстық орыс драма театрының 40 жылдық мерейтойы аталып өтетіндігін және бұл шығармашылық ұжым осы қойылыммен халықаралық орыс театрларының фестивалінде Гран-при сыйлығына ие болғандығын айта келе, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Поэмада  арқау болған негізгі кейіпкер – Шыңғыс хан. ХІІІ ғасырда барлық Еуразия кеңістігін  қайта құрған   Шыңғыс хан шынында да адамзат тарихындағы тұғыры биік тұлғалардың бірі.  Спектакльде ханның басты кейіпкерлермен тілдесе отырып, өткен өмірін еске алу эпизодтары өте сәтті шықты. Әлемді билеген Шыңғыс ханның өмірінің соңғы сәттері суреттелетін қойылымда Ұлы ойшылдың орамды ойлары, қасіреті мен қалауы, аңсар арманы баяндалады. Кек пен ыза, жауыздық  пен өшпенділік сияқты адамға таупық бермейтін залым қасиеттер түптің түбінде өзіңе оқ болып оралатындығын автор жақсы келтірген.  Рөлді сомдаған театр әртісі А.Красноштановтың да ізденісі көрініп-ақ тұр. Шыңғыс хан рөлінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері В.Гречанниковтың актерлік шеберлігі де көптің көңілінен шықты.
Қойылымнан кейін сахна төріне көтерілген Мұхтар Шаханов: «… Рок опера  әлемдік поэзиясының ең биігі деп есептеледі.  Бұл шығарма ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемнің 60 тіліне аударылып, әлемнің 12 мемлекетінде сахналануда. Осындай тарихи шығарманы көрерменге ұсынып отырған Ақмола облыстық орыс драма театрының әртістеріне зор алғысымды білдіремін», – деді өз сөзінде Мұхтар Шаханов.

 

 

 

Жәрмеңкедегі өнер салтанаты

 

«Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен екі күн бойы облыс өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, Астана қаласының меймандары мен тұрғындарын бір серпілтіп тастады.    

 

Арқаның арайлы ақ таңының алтын шапағына ілесіп жеткен шаттықтың шырайлы шуағы астаналықтарды қуанышқа бөледі. Қала тұрғындары шат-шадыман думанмен «Хан шатырға» ағылды. Сәні мен салтанаты жарасқан сахна алдында облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайындағы би ұжымдарының орындауында «Тәуелсіздік – мақтанышым» атты тақырыпта хореографиялық қойылым көрсетілді. «Буындары былқылдап» билеген жастардың бал-бұл жанған жүздерінен-ақ ұлттық рух, патриоттық сезім байқалады. Қоңыр күздің өңмеңіңнен өтетін өкпек желіне қарамастан, ән ырғағымен жарасымды билеген жастарды көріп шын тәнті боласың.     
Халықаралық байқаулардың
лауреаты «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауында Абылай ханның «Қара жорға» күйі,  облыстық филармонияның айтулы әншісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетов шырқаған Нияз серінің «Ой көк» әні шалқыған көңілдерді шарықтатты.  Айта кету керек, бұл күні  Шортанды, Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Олардың арасында облысымыздың маңдайалды жезтаңдай әншілері де өнер көрсетті. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова, дәстүрлі әнші Ерлан Құжиманов, «Қазақстан дауысы» теле жобасының жеңімпазы Мұратбек Қайролда және тағы басқа әншілердің орындауындағы әндер көрермен ықыласына ие болды. Өздеріңізге мәлім, сексенінші жылдардың орта тұсында еліміздің мәдени рухани өміріне айтарлықтай үлес қосқан отбасылық ансамбльдердің қатары көп еді. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, соңғы жылдары сол үрдіс қайта жаңғырып, қазіргі таңда аудандарымызда отбасылық ансамбльдер қатары көбейіп келеді. Соның айғағындай, Астанада өнер көрсеткен осындай өнерлі отбасылардың қатарына Аршалы ауданының «Алмагүл» халықтық отбасылық  ансамблі мен целиноградтық Аян мен Құттықыз  Айбасовтардың да өнерлерін  атап өтсек деп едік. Бұл концертте  Сандықтау ауданының «Журавушка» халықтық ансамблі, атбасарлық Ортвин Шлоссер жетекшілік ететін «Молодость» халықтық би ансамблі, Есіл ауданынан келген әнші Александр Шатило, әсем әні әуелеген шортандылық Жұмабике Орынбасарова, Көкшетау қаласының Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Мәдина Тілеулинаның жетекшілігімен ондаған жылдар би өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп тұратын «Көкшетау», осы өнер ұжымында Айгүл Жолдыбаеваның жетекшілігімен өнер биігінен көрініп жүрген «Шалқыма» халықтық би ансамбльдері репертуарларымен де, орындау шеберліктерімен де ерекшеленіп тұрды.
Келесі күні жалғасын тапқан жәрмеңкеде Ерейментау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Бұланды, Ақкөл, Еңбекшілдер, Жарқайың, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Ән мен күй әуелеткен қыз-жігіттердің арасында ұлттық өнерді асқақтатып жүрген өнерпаздар көп болды. Әсіресе, аудандардан келген фольклорлық ансамбльдер қатары көп. Тарқатып айтар болсақ, «Көкше әуендері» халықтық фольклорлық ансамблі (Бурабай ауданы), «Дудар-ай» халықтық фольклорлық ансамблі (Қорғалжын  ауданы),  «Көкек» халықтық фольклорлық ансамблі (Еңбекшілдер ауданы), «Мирас» фольклорлық ансамблі (Степногорск қаласы),  «Арқа әуендері» фольклорлық ансамблі (Зеренді ауданы) көпшілік көңілінен шықты. Жәрмеңкенің ажарын ашып, сахнада  сән-салтанат құрған  ерейментаулық «Жастар» халықтық би ансамблі де көрерменінің көңілдерін көкке өрлетті. Жарқайыңдықтар да өнерден кенде еместігін көрсетті. Әсіресе, «Аламан» дуэтінің орындауындағы ретро әндерді тыңдаушылар жақсы қабылдады. Жақсы ауданының әншісі Жандос Жаманов пен Егіндікөлден келген вокалдық квартет, ақкөлдік Бауыржан Дәулет, Бұланды ауданының «Жарайсың» вокалдық дуэті, Астрахан ауданының «Қоңыр» вокалдық квартеті өз өнерлеріне жиналғандарды тәнті етті.

 

 

 

Ақ пейілді аңғартқан ақ бауырсақ

 

Жәрмеңке аясындағы мәдени шараларға да дайындықтың ерекше жүргізілгені байқалып тұрды. Көздің жауын алатын ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігіліпті.

 

Ұлттық киім киген аспазшы-даяшылар әрбір киіз үйдің жанында қазан көтеріп, келген қонақтарға дәм татқызып жатты. Қазанда піскен бауырсақтың дәмі ерекше ғой. Ол халыққа молынан таратылды. Мерекеде қазақ халқының салт-дәстүрлері барынша насихатталып, киіз үй жасаулары көрсетілді. Спорттық ойындар: бұқа тартыс, армрестлинг асық ату, тағы басқа спорттық жарыстар мәдени-шараның ажарын аша түсті.  
Сайыстарда мерейі үстем болған жүлдегерлерге қаптап картоп, қант сияқты азық-түлік сыйға тартылды. Сондай-ақ, қойды кім жылдам шешеді деген жарыста шапшаңдық пен ептілік танытқан Астана қаласының тұрғыны Евгений Утебаев 2 минут 23 секунд уақытымен өзгелерден басым түсіп, бір қойды олжалады.
Осылайша қуаныш мен шаттық асқақтаған арайлы Астанадағы Ақмола облысының күндеріне орайластырылып өткізілген жәрмеңке мәдени-көпшілік шараларымен де ел көңілінен шығып, алаң үстінде мың бұралған би, әсем әуезді ән жаңғырып, жарасып тұрды.

 

 

 

Алашы үшін хақ жолынан таймаған

 

Елордадағы Ақмола облысы күндері аясында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ұжымының сахналауымен көрерменге жол тартқан драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім» драмасы ойшыл ғұламаның туғанына 150 жыл толуына арналып отыр.
Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы ғұмырының бір бөлігін қамтитын, асыл ойларын айшықтап, ізгі, мағыналы мұратын көз алдыңа келтіретін толымды шығарма.

 

Осыдан тура жиырма жыл бұрын жазылған туынды астаналық көрерменге алғаш рет ұсынылды. Автордың айтар ойы мен сол кездегі тағдырдың талай теперішін көріп, жазықсыз қудаланған қазақ зиялыларының қилы-қилы тағдыры ашық көрсетілген тарихи драма Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының директоры, əрі осы қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов пен актерлердің кəсіби шеберлігінің арқасында көп көңілінен шықты.
Басты рөлді сомдаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатаев Шәкәрімнің портреттік бейнесі мен рухани образын үйлестіріп сахналады. Актердің шеберлігі сонда, көрерменін кейіпкерінің іс-әрекетіне сендіріп қана қоймай, бүгінгі қоғаммен астасып жатқан адамдардың арасындағы қарым-қатынасты шынайы жеткізіп, жүректі тебірентуі. Сонда ғана оқиға да, кейіпкер де есіңізде сақталып қалады. Сахнаға жол тартқан шығарма режиссердің иелігінде. Осы тұрғыдан келгенде, қойылымның аяқталуындағы шешім ұтымды. Драманы қоюшы режиссерінің айтуынша, астаналықтарға бұл тың туындыны ұсынудағы басты мақсат – ол азаттық жолындағы қақтығыстар, тартыстар, көзге көрінбейтін жымысқы әрекеттерді бейнелеу арқылы Шәкәрімнің өз заманындағы биік тұлғасын даралау.
– Құдайдың хақтығына, пайғамбардың ақ жолына бас иген Шәкәрімнің асыл қазынасы Алаш баласы үшін мәңгілік мұра болып қала бермекші. Көрерменге үлкен ой салып, жан дүниесін рухани байытып, болашағына бейжай қарамауға үйрететін, сол арқылы ақ пен қараны ажыратып, биікке шығар тұсын меңзейтін мұндай қойылымның көрерменіне берері мол, – дейді Мұратбек Оспанов.

 

 

 

Құдайберлі ақынның ақбоз өлеңі

 

Осындай тақырыппен «Бейбітшілік және келісім» сарайында белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабектің шығармашылық кеші өтті.

 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйлеп, Құдайберлі ақынға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебізін арнады. Әдеби кешке танымал қоғам қайраткерлері, айтыскер ақындар қатысты. Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбілов өз сөзінде: «Белгілі айтыс ақыны Көкен Шәкеевтің тастүлегі Құдайберлі талай дүбірлі додада шашасына шаң жұқпай, айтыс аламанынан маңдайы жарқырап  жеңіс тұғырынан көрініп жүргендігі күні бүгінгідей көз алдымда. Көкеннің өзі Құдашты сан жүйріктің ішінде хас жүйрікке балап еді, – деді ағынан жарылып. Бұл кеште атақты Көкен ақын туралы көп айтылды. Әсіресе, Құдайберлі Мырзабекті айтыс өнерінің биігіне жетелеген еңбегі ерекше аталды. Шәкіртінің халық ақынына арнаған мына бір өлеңі ұстазының
таланты мен дарынын айқындаса керек.
Өзіңсің өнердегі бәйтерегім,
Мен сізсіз тұл болар ма ем, қайтер едім?
Төбемде жалғыз жұлдыз өзің ғана,
Басына шықсам дағы қай төбенің…
Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Садырбеков, белгілі алаштанушы, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, қанаттас ағалары ақын Қорғанбек Аманжол мен ақын-жыршы Баянғали Әлімжановтар  Құдайберлі Мырзабектің шығармашылығы туралы тереңінен толғап, ағалық ақжарма тілектерін білдірді.     
Ақын Құдайберлі соңғы жылдары сазгерлік қырымен де танылып жүр. Мұның айғағы әні мен сөзін өзі жазып бұл күнде бірнеше әннің авторы болып отыр. Осы кеште автордың «Жан әке», «Түн баласы», «Ащылы-Жекебояқ», тағы басқа әндері орындалып әнсүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Айта кету керек, Құдайберлі Мырзабек бұл күнде драматургия саласында да көзге түсіп жүр. «Батырлық жолы», «Науан Хазірет» сияқты пьесаларынан үзіндіні Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері сахналады.

 

 

 

Арқаның ән  керуені үзілмейді

 

«Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жер жұмағы – Көкшетау, Ел жүрегі – Астана» атты тақырыппен өткен облыс шығармашылық ұжымдарының гала концертіне көрермен риза болды.

 

Концертте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері мен мәдениет қайраткерлері өз өнерлерін ортаға салды. Өнер  жүйріктеріне облыс әкімі Сергей Кулагин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің  атынан ықылас гүлдері ұсынылды. Сәні мен салтанаты жарасқан концерт шымылдығы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Аталмыш туындыны облыстық К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің құрама хорының сүйемелдеуімен Анас-тасия Медетова, Бейімбет Таңарықов орындады. «Арқа әуендерін» әуелетіп шырқаған дәстүрлі әншілер де құлақ құрышын қандырып, залда отырғандарды бір серпілтіп тастады. Ақиық ақын Аманжол Әлтаевтың Абылай ханға арнаған арнау жыры жиналғандарды бір серпілтіп тастаса, Нұрғиса Тілендиевтің  «Ақсақ құлан» күйін оркестрдің сүйемелдеуімен  республикалық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзин орындап, өнеріне көпті тәнті етіп, халық ықыласына бөленді.
Өнер кешінде қобызшылар квартетінің шеберлігін халық зор ынтамен қабыл алды. Әсіресе, қобызшы Әділет Азбаевтың орындау шеберлігі сүйсінтті. Қобыз – қазақтың жаны мен жүрегі, демі мен лебі, шаттығы мен қайғысы, мінезі мен жаратылысы емес пе. Әділет Азбаев талантты қобызшы ғана емес, дарынды дирижер. Әр музыкалық шығарманы жүрегімен сезініп, әрбір нотаны тыңдаушысына жеткізе білетін, сол сиқыры сазды ойнатып қана қоймай, музыкаға қанат бітіріп, өзі де көңіл қанатында өнер биігіне шарықтай алатын шебер өнерпаз.
Сахнаға халықаралық  байқаулардың лауреаты   Талғат Галеев   шығып, Кенжебек Күмісбековтың «Менің далам»  әнін нақышына келтіріп шырқады. Дархан даланың кеңдігін көз алдыңа әкеліп,  сұлу саз адам жанын кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңіл шіркінді әуелетіп әкетті. Сондай-ақ, бұл кеште облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Эльмира Камарницкая, Алдияр Ерғали тәрізді талантты әншілер өнерлерін ортаға салып, ән төгілтіп, жүрекке жеткізіп, құлақтың құрышын қандырды.
Гала концертте аппақ нұрға шомылып, бірі сахна ажарын ашып, мың бұралып билесе, енді бірі қырға біткен қызғалдақтай көздің жауын алған «Көкшетау» халықтық би ансамблі мен «Гәкку» би ансамбльдерінің биші қыздарының өнерлері де көп көңілінен шықты. Осылайша Астананың өнер көгінде ән қалықтап, күй күмбірлеп, би  шалқыды.   Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған таланты биік хас шеберлерге  өнерсүйер қауым дән риза болысып, жүрекжарды тілектерін арнап, тарқасты.

 

 

 

Жыр-жүректің жарқ еткен алауы

 

өлең болып өріліп, Ұлттық академиялық кітапханада «Тәуелсіз елдің азат ойлы ақындары» атты әдеби-сазды кешке ұласты.

 

Кешке қатысқан «Ассалаумағалейкүм», «Ностальгия», «Мен біреуді сағынамын» атты кітаптардың авторы Мерген Тоқсанбайдың есімі әдебиетсүйер қауымға таныс. Оның өлеңдері сезім қылын шертер лирикаға толы махаббат жырларынан тұрады. Ал, көптеген жыр байқауларының жүлдегері, «Жас жүректің аңсаған жаз арманы» атты жыр жинағының авторы Бақытбек Бекмұратұлы болса, болашағынан үміт күттіретін талабы мол дарын иесі. Көбіне-көп ауыл тақырыбын жырына арқау ететін Қуаныш Оспан  бүгінде өлең өлкесіне өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан жас таланттың бірі. Оның «Ауылдың баласымын», «Жыр керуен» атты жинақтары қалың оқырманның жақсы бағасын алды.
Әдеби кеште Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейінің оқушылары осы авторлардың өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, Мерген Тоқсанбайдың сөзіне жазылған бірнеше әндер орындалды. Әдеби кеш дәстүрлі әнші Аслан Мұхамедияровтың орындауында Қуаныш Оспанның «Ауылдың баласымын»  әнімен түйінделіп, өлеңсүйер қауым ақындарға ақ тілектерін айтып тарқасты.
Талғат ҚАСЕН,
Аслан ОСПАНОВ,
 Ұлмекен ШАМЕНОВА,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),  
арнаулы тілшілеріміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар