Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көше атаулары жалпылама бола ма? - АРҚА АЖАРЫ

Көше атаулары жалпылама бола ма?

ал, сонда есімдері ескеруді тілейтін асылдарымызды не істейміз?!.

Ақмола облыстық ономастика комиссиясының  көптен бері өтпеген кезекті отырысы болып өтті. Оның сирек өткізілуі  осы мәселеге мораторий жариялануынан деуіміз керек. Комиссия мүшелері көше,  мектеп жасына дейінгі білім мекемелері атауларын өзгерту жөнінде Көкшетау, Степногорск қалалық және  Атбасар, Сандықтау, Жарқайың, Целиноград аудандық әкімдіктерінің ұсыныстарын қарады. 

Осы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин биыл жоғарыдан көшелерге туғанына 175 жыл толуына байланысты Ыбырай Алтынсариннің, туғанына 150 жыл толуына байланысты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың, туғандарына 100 жыл толуына байланысты Хамит Ерғалиевтің, Қайым Мұхамедхановтың, Баубек Бұлқышевтің, Кәукен Кенжетаевтың есімдерін беру туралы ұсыныстар түскенін  айтты.
Сондай-ақ, бұдан былай өзгертілетін көше атауларына Тәуелсіздік, Бейбітшілік, Республика, Достық, Бәйтерек, Бірлік, Желтоқсан, Жібек жолы сияқты атаулардың жөн көріліп отырғаны аңғарылды. Бұлардың бәрі әрине, еркіндігімізді, бейбітшілік пен ынтымақ-бірлікті  қалайтын ел екендігімізді білдіретін, тарихымызды еске салатын бір-бір үлкен ұғымдағы атаулар екендігі түсінікті. Демек, көшелердің осылай аталуына ешкімнің де қарсылығы болмайтындығы айдан анық. Алайда,  осы жолғы аудандар мен қалалардың ұсыныстарын қарап отырсақ, жоғарыдан солай айтылды екен деп біраз көшелердің атауы тым жалпылама, жадағай болып кеткенге ұқсайды.
Мәселен, Атбасар ауданының елді мекендерінен  ұсынылған жаңа көше атауларында Болашақ, Орталық, Еңбекшілер, Жайлау атаулары да бар. Еңбекшілдер ауданының мағынасыз атауынан құтыла алмай келе жатсақ,  ол тағы қайталанады.
Жарқайың ауданының Тассуат ауылында  Новая көшесі мен ГПС көшелеріне Баубек батыр мен Тоғанас батырдың есімдері лайық деп табылыпты. Алайда, облыс бойынша комиссия отырысында қаралған 100 шақты көшеге өз жергілікті тұлғаларымыздың есімдерін беру осымен біткен.  Жоғарыдан түскен ұсынысқа сәйкес ұзын саны 16 көше біз есімдерін атап өткен ел игілерінің аттарына ұйғарылыпты.  Соның ішінде Әлихан Бөкейхановқа 3, Ыбырай Алтынсаринге 8, Хамит Ерғалиевке 2, Бау-бек Бұлқышев, Қайым Мұхамедханов, Кәукен Кенжетаевқа бір-бір көшеден келеді екен. Соңғы үш көшенің атауы Көкшетау қаласына тиесілі.  Облыс орталығында сонымен бірге, енді Хамит Ерғалиевтің де көшесі  болады.
Әрине, бұл есімдер бүкіл Алашқа ортақ. Айталық, облыс орталығының бір көшесіне ұлы тұлғаларымыздың бірі Әлихан Бөкейхановтың есімі де сұранып тұр. Комиссия отырысында  патша заманында қазаққа қиянаты бастан асқан генерал-губернатор Капцевичке берілген көшенің де атауын өзгертетін уақыт жеткендігі айтылды.
Осы арада көңілге мынадай бір ой келеді. Жоғарыдан берілген бағыт-бағдар да, бейтарап, жалпылама атаулар да ескеріліп жатыр ғой.

Бірақ, айтылудай айтылып, әлі бір нәтиже шықпай келе жатқан осы өңірдің де өз арыс-тары мен асылдары бар емес пе?!. Олар неге ұмытылуы керек?!.
Бұл жолы елді мекендері мен көшелері орысша атауға сіресіп тұрған Сандықтау ауданы басшыларының соларды қазақшалаймыз деген ниетіне қуанбасқа болмады. Бірақ, көбіне тағы да жалпылама атаулар. Бұрынғы Целинная Тың, Нижняя Орталық, Парковая Саябақ, Дружба Достық, Труд  Еңбек, Зеленая Болашақ көшесі болып кете береді. Яғни, қай аудан болсын, көше аттарын жаңарту барысында көп ойланып жатпайтын сияқты. Бір жерде қазақша аудармасын ғана ала салса, бір жерде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, 9 мамыр атауларын жөн көрген.  Бізде мерекелер көп. Әлі тәуелсіздіктің 30, 40 жылдығы да келеді. Соның бәрін көшеге айналдыра берсек, не  болғаны? Кешегі кеңес заманында да Қазақстанның 40 жылдығы, партияның ХХІV съезі  атындағы шаруашылықтардан кенде емес едік. Тағы сол ізбен кеткеніміз бе бұл?! Одан да есімдері ел есінде ұстауға сұранып тұрса, осы көшелерге  жақсы-жайсаңдарымыздың аттарын неге қимаймыз?!  
Ақмола облысы бүгінгі таңда ел, жер атауларын тарихи қалпына келтіріп, қайта жаңартуда республика бойынша соңғы орындардың бірінде келеді.  Енді мына түрімен  әсіресе, көше атауларын өзгерткенде бейтарап, жалпылама атауларға көп артықшылық берілетін сыңайы бар. Сондықтан, уақыт көші, заман талабынан қалмай, бұйырған бір-бір көшеге белгілі тұлғаларымыздың береміз деген есімдерін тездетіп бұған дейін беріп алғанымызда өте дұрыс  болатын еді.
Облыс әкімінің орынбасары, облыстық ономастикалық комиссияның төрағасы Нұрлан Нұркенов осы отырыстағы сөзінде бұл істе кешеуілдеуін кешеуілдеп жатқанымызбен, сапасыздыққа ұрынбауымыз керектігін  өте жақсы айтты. Мәжіліске аудандардан келіп қатысқан кейбір мамандардың мәлімдеуінше, жергілікті жерлердегі өзге ұлт өкілдері елді мекеннің, көшенің атауын өзгерту туралы мәселе көтеріле қалса болды, өре түрегеліп, жаппай қарсы шығады-мыс. Мемлекет, жер осы елдікі екен, ендеше, олар неге өйтеді? Бұл орайда, комиссия мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, тіл жанашыры Нартай Ысқақовтың осы отырыс барысында алға тартқан сөзімен толық келісеміз. Ондайлармен жеткілікті жұмыс жүргізілмейді, мәселе жан-жақты түсіндірілмейді. Әрі осы жолы көзіміз жеткендей, ауылдық округтер, аудандық әкімдіктерде бұл мәселелерге көбіне үстірт, жеңіл-желпі  қарайды.
Әйтпесе, Атбасар ауданының Есенкелді ауылындағы дұп-дұрыс Аманкелді көшесін науқаншылдыққа салынып, Достық көшесі деп өзгерткісі келгендері жөн бе?! Аудан өкілінен «Биыл ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы, қайта осындай көшелерді көбейтудің орнына бұл көшеге неге тиісіп отырсыздар?»  деп сұрасақ, «ол қай Аманкелді екенін көше тұрғындары білмейді» дейді. Білмесе мүмкін, бертін туған шығар. Көше атауы сонау ертеден келе жатуы да мүмкін. Сосын да комиссия бұл көшені басым дауыспен бұрынғы қалпында қалдырды.  Сондай-ақ, осы аудандағы Ақан Құрманов, Қаракөл, Сепе ауылдарының бірқатар көшелеріне Бостандық, Бастау, Жас ұлан, Жайық, Нұр, Тың атауларын беру жөніндегі ұсыныстар да қабылданбай, кері қайтарылды. Себеп, мұндай жалпылама  атаулардың көше атына үйлеспей тұрғандығы.
Ал, кезек Көкшетау қаласындағы «Чайка», «Аленушка», «Звоночек», Атбасар қаласындағы «Родничок» бала бақшаларының «Ақбұлақ»,   «Достық», «Өркен», «Болашақ» болып өзгертілуіне келгенде сөз басқа болды, әрине. Өкінішке орай, облыс орталығында, аудандарда атауы орысша  мұндай бала бақшалар әлі қаншама.  
Осы жолы Степногорск қаласындағы Лунный  даңғылын  Тәуелсіздік даңғылы, Ленин көшесін Республика даңғылы, сондай-ақ, Мир көшесін Бейбітшілік көшесі деп атау жөніндегі ұсыныстардың да Қазақстан Респуб-ликасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссиясының қарауына  жолданғанын бір жақсылық нышаны  деп айтар  едік.
Бұл екі ортада осы жуырда ғана қалалық «Көкшетау» газетінде қараша айының соңына таман облыс орталығындағы 61 көшенің атауын қазақшалау туралы қоғамдық тыңдау өткізілетіндігі жөніндегі хабарландыруға көзіміз түсті. Жалпылама атаудың көкесін міне, осы тізімнен көресіз. Қаншама көшеден бүкіл қала бойынша тек 40 лет Октября көшесі мен Мир көшесіне ғана Әлихан Бөкейханов пен Ыбырай Алтынсариннің есімдері берілмекші. Қалған 59 көшенің бәрі белгілі бір жалпы ұғымға  негізделген. Солардың ішінде Астана, Тұран, Алаш, Конституция, Сарыарқа, Ұлытау, Желтоқсан, тағы бірқатар көше аттарымен келіссеңіз де, Айдын, Өріс, Шуақты, Маржан су, Даналық, Армандастар, Өркениет, Өндіріс, Бәйге, Дария, Өрнекті, Асар, Көксай, Мерей, Сұлутөбе сияқты көше атауларымен келісер ме  едіңіз? Бұл қайдан шыққан сөздер екенін, көше аттарына қалай лайықтап алынғанын осы шаруаның басы-қасындағылар өздері білсін. Бірақ, ақиқатқа арқа сүйеп, біздің  айтқымыз келетіні, осы 61 көшенің біразы күні бүгінге дейін мұрты да қисаймастан, басқа ұлт өкілдерінің  аттарын иеленіп тұр. Міне, енді келіп, сол көшелерге жоғарыдағыдай сырғытпа атауларды телиміз дегенше, талай жылдар бойы ескерусіз келе жатқан өз жақсы-жайсаңдарымыздың есімдерін неге бермейміз?!  
Бұл жағынан Көкшетаудың осы жуырда ғана республикалық «Егемен Қазақстан»  газетінің бетінде тағы да бір  сынға ұшырағанын ұмытпайық. Басқа өңірлерде игі дәстүрін тапқан бұл іс бізде неге осылай?!. Енді мына шылғи жалпылама атаумен көзі жұмылғалы өзі өмір бойы жырлап өткен Көкшесінен еш қайыр болмаған ақын ағамыз Еркеш Ибраһим, белгілі  жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жанайдар Мусин, ақтаңгер айтыс ақыны Көкен Шәкеев, тағы басқа да тұлғаларымызға облыс орталығынан жуыр маңда күткен көшеміз бұйырар ма?! Жалғыз біз өмір сүріп отырған бүгінгі қоғам емес, ертеңгі ұрпақтарға да керек көше аттарының да өзіндік белгілі бір қисыны, барлық кездерге ортақ мән, мұраты болуы керек емес пе? Бәлкім, жоғарыдан түскен ұсынысты да ескермей болмас.  Солай дегеннің өзінде бейтарап, жалпылама  атаулардың да қала айнасы – көшелерге келетін, келмейтін дұрыс-бұрыс тұстары бар. Соны алдағы уақытта болатын қоғамдық тыңдауда осы бір мәселеге  шындап  жаны ауратын  зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен ұлт, тіл жанашырлары дұрыстап елеп-екшей түседі деген сенімдеміз.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар