Облыстық мәслихаттың хатшысы, Қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалық етуімен кеңес отырысы өткізіліп, бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болды.
Бірінші болып баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров 2016-2018 жылдарға арналған облыс бюджетіне енгізілетін өзгерістер жайлы баяндап берді. Баяндамашының айтуынша, бөлуге 1,3 миллиард теңге ұсынылып отыр. Соның ішінде 350 миллион теңге облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне келіп түскен түсімдер есебінен ұсынылса, 940 миллион теңге мейлінше маңызды мәселелерді шешу мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында бөлінбек. Сондай-ақ, республикалық бюджетті нақтылау кезінде біздің облысымызға бөлінген 8,3 миллиард теңге мақсатты трансферттер көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталмыш қаражаттар қысқы жылу маусымын өткізуге, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды аяқтауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және басқа бағыттарға жұмсалатын болады. Өңірімізде қазіргі кезде жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 52 жобасы жүзеге асырылуда. 2017-2018 жылдары Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 280 орындық балабақша салу жоспарланған.
Отырыс барысында сондай-ақ, Бурабай ауданында казино мен ойын автоматтарының залдарын орналас-тыру үшін аймақтар белгілеу, облысымыздың елді мекендерінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, балық шаруашылықтарына қарасты су тоғандарының тізбесін бекіту, діни шараларды өткізуге арналған жайлардың орналастырылуын келісу туралы облыс әкімдігімен бұрын қабылданған қаулыларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар жасалды.
Аталмыш мәселелер қоғамдық кеңес мүшелері арасында қызу талқыланып, соңынан бірауыздан шешім қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.