Облыстық сотта «Қазақстан Республикасы Азаматтық процессуалдық кодексінің заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Шараға облыстық соттың судьяларымен бірге прокуратура қызметкерлері, аймақтық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен адвокаттар қатысты.
Өткен жылдың 31 қазанында Елбасы әлемдік құқық талаптарына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Азаматтық процессуалдық кодекске қол қойған еді. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген кодекс азаматтық істерді қарау тәртібін оңтайландырып, соттың ашықтығы мен қолжетімділігін жақсарта түсті. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Ж.Бердіғұлованың айтуынша, азаматтық істер бойынша барлық сот қатарларында істің қаралу мерзімі үш айға дейін қысқарған. Енді адамдар сот шешімін айлап, жылдап күтіп жүрмейді. Биылғы жылдың өткен тоғыз айының қорытындысы жаңа Азаматтық кодекс істі қарау мерзімін қысқартып, шешімдердің сапасының артуына біршама игі ықпалын тигізгендігін көрсетіп отыр. 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ықшамдалған тәртіпте қарау 2796 іске көбейген, жалпы қаралған істердің 98,5 пайызы мерзімінде қаралған. Дауларды баламалы негізде қарау көлемі біршама өскен.
Жыл басынан бері 275 азаматтық іс екі жақтың келісімімен, яғни, бітімгершілікпен аяқталса, 175 іс медиаторлардың қатысуымен қаралған. Атап өтерлік жай, араағайындық инс-титут саналатын медиаторлардың қатысуымен қаралатын істер қатары жыл санап өсіп келеді. Мұндай істер әдетте сотқа жетпей, екі жақтың өзара келісімге келуімен аяқталады. Жаңа Азаматтық кодексте бұл мәселе жан-жақты қаралған.
Шара барысында облыстық соттың судьялары Р.Ертаева мен С.Қияшева және облыстық прокуратураның басқарма басшысының орынбасары Ж.Тұралинов, аймақтық кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директоры В.Геращенко жаңа Азаматтық кодекске қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Қалкөз Жүсіп.