Облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасы елшілігінің өкілдерінің ақмолалық кәсіпкерлермен жүздесуінде сауда-саттық, басқа да салаларда өзара ынтымақтастықты нығайтудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде ақмолалықтардың әзірбайжандармен сауда-экономикалық қарым-қатынасы сөз болды. Осы ретте, меймандар бейнеролик арқылы сауда, туризм, логистика саласы бойынша ұсынатын қызмет түрлерін ақмолалық кәсіпкерлерге таныстырды.
– Соңғы жылдары біздің елде мұнай өндірісіне зор көңіл бөліне бастады. Осының арқасында елдің экспорттық әлеуеті артып отыр. Сіздердің облыстарыңыз шикізатқа бай. Бүгінгі біздің сапарымыздың мақсаты да осы екіжақты сауда-саттықты дамыту болып табылады, – деді Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасы елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазанов.
Сонымен қатар, кездесу барысында Ақтау қаласындағы «Азерсун» ауыл шаруашылығы кешенінің жұмысы да айтылды. Қазақстандық кәсіпкерлер Әзірбайжан елінен әкелінетін тауарларды осы логистикалық орталық арқылы жеткізе алады. Кез-келген тауарға қатысты кедендік рәсімдеу, қабылдау, жөнелту тәрізді шараларды жүзеге асыруға болады.
Жалпы, кездесу барысында осы мәселелер, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік сектор, туризм, және сауда-экономикалық мүмкіндіктер де кеңінен қарастырылды.
Аслан Оспанов.