Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар жүрегінде ақау болмаса екен - АРҚА АЖАРЫ

Балалар жүрегінде ақау болмаса екен

Облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесінде алматылық тәжірибелі дәрігерлер жүрекке ота жасаудан шеберлік сыныбын өткізіп, ақмолалық үш балаға екінші өмір сыйлады. Бұл жайында ауруханада өткен баспасөз мәслихатында айтылып, толық мағлұмат берілді.  

Ақмола облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінде Алматы қаласының перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері жүректерінде туабітті ақаулары бар балаларға ота жасап, көкшетаулық әріптестерімен тәжірибе алмасты. Дәрігерлер бригадасының құрамында жоғарыда аталған орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, Асфендияров атындағы қазақ медициналық университетінің жүрек-қан тамыры хирургиясы кафедрасының доценті Қайрат Қуатбеков, реанимотология және анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Анар Сепбаева және перфузиолог Нұрлан Байжігітов бар. Олар шеберлік сыныбы кезінде жүректерінде туабіткен ақаулары бар көкшетаулық үш бүлдіршінге ота жасады. Алғашқы күні перимембраналды жүрегінің асқазан қалқаншасы аймағында ақауы бар жеті жастағы Мадина Шәкітаева мен осындай диагноз қойылған он жасар Қарақат Қазбековаға, келесі күні дәрігерлер туабітті жүрек кемістігі бар, ашық артериалық өзек диагнозы қойылған сегіз жасар Асхат Ерғалиевке ота жасады.
– Облыста балалардың кардиохирургиясын дамыту мәселесін көтерген кезде, алғашқыда бөлімшені қайда ашамыз деген үлкен сауал тұрды. Облыстық балалар ауруханасында да ашуға болушы еді, алайда, дәрігерлер тапшы. Сондықтан, облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесінен балаларға арналған төсек-орын бөлінетін болды. Оған қоса, ота жасаудың өлшемдері де белгіленді. Мұнда 20 келіден асқан балаларға ғана ота жасалынады. Ал, қалған жағдайда арнайы квотамен, не болмаса жолдамамен Астана қаласына жіберіледі, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің хирургия және медицинадағы төтенше жағдай саласындағы орынбасары Дмитрий Чайков.
Ауруханада жүрекке ота жасайтын екі дәрігерлер бригадасы жұмыс істейді. Олардың бірі – Нұрлан Мінайдаровтың бригадасы болса, екіншісіне Әбунәсір Суханов жетекшілік етеді. Мекемеде сондай-ақ, үйреніп жүрген жас кардиолог дәрігерлер де бар.  Биыл олар жыл басынан бері барлығын қосқанда он бір операция жасаған. Балалардың барлығы отадан кейін өздерін жайлы сезініп, денсаулықтары жақсарған. Белгілі бір уақытқа дейін олар әлі де дәрігерлердің бақылауында  болады.
Туабітті жүрек кемістіктері көп жағдайда туғаннан кейін анықталып жатады. Бірақ, медициналық талаптарға сай оларға бірден ота жасалмайды, себебі, көп жағдайларда туабітті ақаулар өздігінен уақыт өте бала өскен сайын жазылып, бітіп кетіп жатады екен. Облыста осы күні 900-ге жуық бала кардиологиялық есепке алынса, оның 145-і ота жасауға мұқтаж. Науқастарға медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Балалардың жүрегіне жасалынатын бір отаның құны 2,2 миллион теңгені құрайды. Алғашқыда облыстық аурухананың кардиология бөлімшесі 2008 жылы ашылып, 2012 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, онда арнайы бөлек ота жасау блогы мен бөлек кардио-реанимация бөлімі іске қосылған. Жыл сайын мұнда он шақты балаға ота жасалынады. Жыл басынан бері ересектермен қоса алғанда бөлімшеде жүрек ауруларына 220-ға жуық жоғары мамандандырылған, 50-ге жуық  мамандандырылған оталар жасалған. Өткен жылы ересектерге 260, балаларға 10-ға жуық ота жасалыпты.
– Облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жоғары деңгейде толық жабдықталған. Әрі мұнда кәсіби шеберлігі жоғары, білікті мамандар жұмыс істейді. Жүрекке отаны арнайы орталықтарда ғана емес, облыстық ауруханаларда жасауға болатынына көз жеткізіп отырмыз, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Қуатбеков.
Кардиохирургия бөлімшесінің тарихында жүрекке ота жасау негізінен шет мемлекеттерден келген, көбіне Литвадан келген дәрігерлердің қатысуымен жүргізілген. Қазіргі таңда бөлімшенің анестезиолог-реаниматологы Сұлтан Кәрімов балалар кардио-хирургиясы бойынша білімін жетілдіруге шетелге оқуға кетіпті. Алдағы уақытта балалардың жүрегіне жасалатын оталар өзіміздің бөлімше дәрігерлерімен ғана жасалады деп жоспарланып отыр.   
– Ота жасауға мұқтаж, дәрігерлердің бақылауында жүрген балалардың арасынан бөлімшенің ота жасау өлшемдеріне сәйкес келетін балалар ғана іріктеліп алынады. Кей жағдайда балалардың ата-аналары жүрекке ота жасаудан біздің тәжірибеміз әлі аз болған соң ба, әйтеуір біздің бөлімшеде ота жасауға келісім бермейді. Оларға да түсіністікпен қарауға болады. Ал, ересектерге ота жасалып жатыр.  Оңтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының да науқастары келіп, бізде ота жасатуда, – дейді  кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Мінайдаров.
Жүрек ауруына тап болған балалар тез шаршап, олардың жүрек қағысының ырғағы өзгеретінін, еріндері мен саусақтары көгеріп, өңдері бозарып кететіндігін айтады дәрігерлер. Сондай-ақ, егер дәрігерлер тарапынан ата-аналарға балаларын медициналық тексерістен өткізу керек деп айтылып жатса, одан бас тартпау керектігіне де көңіл аударылды.
– Қызыма туғаннан жүрек кемістігі бар деген диаг-ноз қойылды, алайда жеті жасқа дейін жүректегі тыртық бітіп кетуі мүмкін деп, дәрігер бақылауында болдық. Осы жолғы соңғы тексерісте «егер тездетіп ота жасалмаса, жүректегі ақау үлкейеді» деп, дәрігерлер осында ота жасалатынын айтты, – деді Мадина есімді қыздың анасы Әсел.
Дәрігерлердің айтуынша, жүрек кемістігіне жасалған оталар басқаларға қарағанда тез жазылады, нәтижесі де көзге тез көрінеді екен. Ендеше, ота жасалған бүлдіршіндерге сағатын салсын дейміз.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар