«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен аудандық тілдерді оқыту орталығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау, жастардың іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретінде тілдерді меңгеру деңгейін көтеру мақсатында «Тіл шебері-2016» байқауын өткізді.
«Болашағымыз – бірлікте!» атты бірыңғай идеологиялық ұранмен өткен бұл байқау ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналды. Оған 18 бен 28 жас аралығындағы жастар қатысып, бақ сынасты.
Байқау төрт кезең бойынша өтіп, қазылар алқасы әр кезеңнің қорытындысын бөлек шығарып отырды. «Ұлттаным» атты алғашқы кезеңінің шарты бойынша үміткерлер қазақ елінің тарихындағы атаулы күндер мен ұлы тұлғалардың мерейтойлары жөнінде қазақ тілінде, «Мәдениеттаным» кезеңінде қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға орыс тілінде жауап берсе, «Елтаным» атты үшінші кезеңде қазақ елі мен оның аймақтары жайындағы ақпараттарды ағылшын тілінде айтып беруі тиіс болды. Ал, соңғы «Өнертаным» кезеңінде ән салып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды.
Әділқазылар алқасының құрамында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Мұқанов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділхан Серікбаев, «Тіл және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабыржан Мұсабеков сияқты жұртқа танымал азаматтар болды.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші жүлделі орынды Атбасар қаласының №2 орта мектебінің мұғалімі Ақгүл Сәдуова жеңіп алса, екінші орынды Мариновка орта мектебінің мұғалімі Меруерт Сұлтантемірова иеленді. Үшінші орынды Атбасар қаласындағы №3 орта мектептің мұғалімі Светлана Ломакина мен №11 Атбасар техникалық колледжінің оқытушысы Әйгерім Қасенова еншіледі. Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мереке ЕРМЕКБАЕВА,
Атбасар аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры.