Қазіргі таңда елімізде «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясын тұтынушылар саны 1 миллионнан асты.
Аталмыш жерсеріктік телерадио хабарларын тарату қызметтеріне қосылу барлық аумақтарда тегін. Таяуда «OTAU TV» тұтынушылары арасында өткізілген акцияның қорытындысы жарияланды. Акцияның ережелеріне сәйкес, телеарналардың «Толық» топтамасына 3 айдан 12 айға дейінгі мерзімде қосылу қажет болатын. Осыған орай «OTAU TV»-ның белсенді тұтынушыларына сый-сияпат жасалынды. Мәселен, Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Жұмахан Балаханов ауылының тұрғыны Жанар Сәдуақасова «Random» кездейсоқ сандар генераторы арқылы автокөлік ұтып алды.
– Маған автокөлік ұтып алдыңыз деп хабарласқанда, бірден сене қоймадым. Бірақ, мұның әзіл емес екенін білгенде қуанышымда шек болған жоқ. Балаларым да қуанды. Себебі, біз автокөлік сатып алуды жоспарлаған болатынбыз, міне бүгін айымыз оңынан туып, үйге жап-жаңа автокөлігімізбен аттанатын болдық. Сыйлық үшін OTAU TV-ға үлкен рахмет, – деп бас жүлде иесі өз қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының тұрғыны Мұрат Досмағанбетов Iphone 6 мобильді телефон сыйлығына ие болса, үшінші орында тоңазытқыш ұтып алған Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылының тұрғыны Алпамыс Мейірманов:
– Біз OTAU TV абоненті атанғанымызға төртінші жыл, төлемді үнемі бір жылға алдын ала төлеп қоямыз. Акция туралы еститінмін, бірақ мұндай акциялар бойынша жеңіске жету мүмкін емес деп ойлайтынмын. Жалпы менің түсінгенім, ұтыс ойындары әділ өтеді екен, – деп жылы лебізін білдірді. Бұл ұтыс ойыны 2015 жылғы 1 қазаннан бастау алған акциялардың қорытындысы. Осыған дейін ұтыс ойынының екі кезеңі өткізілген. Бірінші ұтыста жеңімпазға Smart TV теледидары табысталып, ал екінші ұтыста жеңімпаз Үндістанға Гоа аралына екі адамға арналған жолдама ұтып алған.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының коммерциялық директоры, басқарма мүшесі Евгений Галкиннің айтуынша, абоненттер отандық 56 телерадио арнаға тегін және ақылы түрде 63 танымал шетелдік телеарнаға қосылу мүмкіндігіне ие. Осылайша қала және ауыл тұрғындарына отандық және шетелдік арналардан жан-жақты ақпарат алуға тең мүмкіндіктер жасалған. Мысалы, 2017 жылдың 1-ші тоқсанында біз өз тұтынушыларымызға HD сападағы телеарналардың кең таңдауын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі акция біздің тұтынушылар үшін бірінші немесе соңғы рет өткізіліп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта да әртүрлі ұтыс ойындары ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылдың аяғына дейін әлі де талай жаңалықтарымен қуантатын болады. Осылайша Қазтелерадио хабар тарату сапасын арттыру, отандық арналардың оңтайлы тізімін қалыптастыру бойынша тұрақты түрде жұмыстарын жүргізіп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.