Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ел тəуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тəуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық акциясы өз жұмысын бастады.
1 қараша күні салтанатты жағдайда Астана темір жолы вокзалынан аттанған пойыз Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде Абай елінде болып, ізгі ниетпен аймақтарға аттанған мәдениет пен өнер саласының майталмандары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, әлеуметтік саланың өкілдері жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Пойыз құрамындағы дәрігерлер мен заңгерлер жергілікті жерлерде өз қызметтеріне мұқтаж адамдарға көмек көрсетсе, кәсіпкерлер мен банк саласының қызметкерлері шалғайдағы елді мекендердегі тұрғындардың өз ісін қалай бастау керектігі жөнінде келелі кеңес беруде. Пойыз тоқтаған әрбір бекетте қоғамдық қабылдау ұйымдастырады.
Бір айдың ішінде аймақтардың тұрғындарына жоғары білікті мамандар жан-жақты қызмет көрсетеді. Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес пойыз 43 күннің ішінде отыз бес елді мекенді қамтымақшы. Қараша айының 9-11 күндері Ерейментау қаласында аялдап, екі күн жұмыс істесе, одан соң бір күн облыс орталығы Көкшетау қаласында болады. Акцияға қатысушылар қала тұрғындарымен кездесіп, тақырыптық көрмелер, семинарлар мен лекциялар өткізеді. Акция қараша айының 14-і күні Есіл қаласында жалғасын табады. Қалың бұқараның қамын ойлап, қордаланып қалған кейбір мәселелерді оңынан шешуді ойластырған республикалық акция ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында желтоқсан айының 14-і күні Алматы қаласында аяқталмақшы.
Осы бір сапар барысында тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер көрсетіліп, ел рухын көтеріп, бірлікті нығайтып, қоғамды топтастыруды мұрат еткен сапардың негізгі мақсаты «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын насихаттау.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.