Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағалардың жақсылығын көрдік - АРҚА АЖАРЫ

Ағалардың жақсылығын көрдік

1970 жылдың қыркүйек айының басында сол кездегі Көкшетау облысының прокуроры Тілепалды Ибраевтың бұйрығымен Щучье ауданаралық прокуратурасына  тергеуші қызметіне келдім. Аудан прокуроры Қазбек Құлышевтың «Бізде қылмыстық істер бастан асады, әсіресе, жаз айларында  бүкіл Кеңес одағының түпкір-түпкірінен Бурабай курортына келетіндердің қолымен неше түрлі ауыр қылмыстар жасалып жатады, сондай істерді уақытында қарап, заңдылықтың қатаң сақталуын қадағала, өз ісіңе мығым бол», – деп ескертіп, ақыл-кеңес бергені әлі есімде.

Тергеуші – құқық қорғау органдарының негізгі тұтқасы, айнасы десем, қателеспейтін шығармын. Өйткені, тергеу нәтижесі, оның заңды қорытындысы осы органның бүкіл жұмысының  жемісі, сондықтан, жүктелер  жауапкершілігі де мол.
Алғашқы күннен бастап тергеу қызметінің қандай болса да  ауыртпалығы мен қиыншылығына  төзіп, аянбай жұмыс істедім. Қылмыстық істердің көп болғаны соншалықты, тіптен не демалыс, не мереке күндері демалмай, жұмыс істеуге тура келді. Екі жыл қатарынан жаңа жыл мерекесін отбасыммен қарсы алудың сәті түспей, қылмыстық оқиға болған жерде   қарсы алғаным есімде. Сол жылдарда тергеу жұмыстарын жедел және заңсыздыққа жол бермей  жауапкершілікпен, адал атқарғанымды облыстық прокуратура басшылары жоғары бағалап, бірнеше рет ақшалай-заттай сыйлықтармен марапаттады. Ал,  аудан прокуроры Қазбек Құлышевқа «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» атағы берілді.
Көп жылдар прокуратура органында  маған ақыл-кеңес беруден жалықпаған  сол кездегі  ағаларымызға айтар алғысым шексіз.  Ұлы Отан соғысының және прокуратура органдарының ардагері, сол кезде облыстық тергеу бөлімінің бастығы болған Сұлтанбек Әміржанов  ағамыз:
– Тергеуші  болу әркімнің қолынан келе бермейді. Өз қызметіңе адал бол, ешкімді заңсыз жазғырма, қылмысты дәлелдемей, алдымен өзіңнің көзің жетпей, көңілің толмай, істі сотқа  беруге хақың жоқ екенін естен шығарма, – деуші еді. Өзі де сондай іскер, адал адам болатын. Соғыста  И.В.Сталиннің бастамасымен құрылған  Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің құрамындағы арнайы отряд «СМЕРШ»-тің  құрамында  Сұлтекең Белоруссия, Балтық жағалауындағы майдандардың тылында жау диверсанттарын жою операцияларына белсене қатысып, талай рет өліммен бетпе-бет келген. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы»  ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Көп жылдар бойы құрметті  демалысқа  шыққанша облыстык прокуратураның кадр бөлімін басқарған Қанапия Мырзахметов  көп сөйлемейтін байсалды адам еді. Ол Ұлы Отан соғысында Әуе флотының штурманы болыпты, ал, Хакім Сағынов 1943-1945 жылдары Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия сияқты Еуропа елдерін  фашистерден азат ету ұрыстарына қатысқан. Әке жолын қуған оның балалары Гүлнәр Ақмола облысы прокурорының аға көмекшісі болып көп жыл қызмет атқарып, құрметті демалысқа шықты, ал, кенже ұлы Серік бұл күнде облыс прокурорының  көмекшісі.
Тергеуші болып жүргенімде алғашқы танысып, біліскен әріптесім сол кездегі Чистополь
ауданы прокуратурасының тергеушісі Ғарифолла Өтебаев болатын. Өзі де бір өткір, өжет, адамға жақын, ақжарқын, ашық мінезді, адамгершілігі мол  азамат еді. Кейіннен Щучье қаласының прокуроры болды, одан  Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған облыстарында прокурор болып, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары лауазымына дейін өсті. Заң ғылымының докторы, профессор, прокуратура органдарының құрметті қызметкері Ғарифолла Құрманғожаұлы 30-дан аса ғылыми   еңбектің авторы.
Көкшетау облысы прокурорының аппаратында сот жүйесінің қылмыстық істерді қарау заңдылығын қадағалау бөлімінде істеп жүргенімде Көкшетау қаласы прокурорының орынбасары Қайролла Ғазезұлымен танысып, жолдас болдым. Өз ісіне мығым, білімді, адал азаматпен қазіргі күнге дейін жақын араласып тұрамыз. Өзінің іскерлігі мен адами қасиеті арқасында кейін ол Көкшетау облыстық партия комитетінің әкімшілік бөліміне  нұсқаушы, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істеді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары екі мәрте Парламент Сенатының депутаты болып сайланды.
Ғарифолла Құрманғожаұлы мен Қайролла Ғазезұлы менің замандастарымның ішіндегі егеменді еліміздің алғашқы күндерінен бастап құқық қорғау органдары мен сот жүйесін дамытуға, заңдылықты нығайтуға көп үлес қосқан халықтың қалаулы азаматтары. Оларға ерен еңбектері үшін  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Құрмет» орденін өз қолымен тапсырып, марапаттағанын  білеміз. Осындай азаматтармен  әріптес, жолдас болғанымды мақтаныш етемін.
Кеңес заманында мамандардың  тағдыры  партияның  қолында болып тұрған кезде, 1982 жылдың жазында облыстық партия комитетінің нұсқауымен сот жүйесін нығайту мақсатында  прокуратурада қызмет ететін Темірхан Қасымов, Сәрсенбай Бекеев, Людмила Артеменко және мені  облыс прокурорының келісімімен сот саласына қызметке жіберді. Сот сайлауынан (ол кезде судьяларды  сайлайтын) өткен мен Уәлиханов аудандық сотының төрағасы болдым. Алғашқы күннен сол ауданның прокурорының көмекшісі Бекболат Мұсанұлымен тіл табысып, нәтижелі  жұмыс атқардық. Бекең өте тәжірибелі, білімді, өзім деген адамға жанын беретін жан. Бұрын Торғай облысының Амантоғай ауданының прокуроры болып қызмет атқарыпты. Өзінің ұстанымын дәлелдеймін деп сол кездегі кейбір солақай  партия саясаткерлерінен  теперіш көріп, қызметтен төмендегені болмаса,  жұмысын өте жақсы білетін, ісіне адал, қайсар мінезділігімен бәріне бірдей жаға бермейтін адам еді. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер мені де ескертіп, «абай бол» деген. Бірақ, сол ауданда табаны күректей бес жыл қызмет істегенімде екеуіміз ешқашан сөзге келіп көрмедік.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген аталарымыз. Әке жолын қуып, кенже баласы Абай Солтүстік Қазақстан облысының Смирнов, Ақжар, Уәлиханов аудандарының прокуроры болып қызмет істеді. Кейін  Ақмола облыстық прокуратурасында еңбек етті, осы күні құрметті демалыста. Бір
отбасынан әкесі мен баласының прокурор болуы  сирек кездесетін жай.
Тәуелсіздігімізбен бірге түлеген Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылғанына да биыл 25 жыл толып отыр. Осы кезең ішінде прокуратура органдары заман талабына сай үлкен  реформаларды жүзеге асырып, сапалық жағынан да, сандық көрсеткіш бо-йынша да айтарлықтай өсті. Тәуелсіз еліміздің прокуратурасын дамытып, өркендетуге өз үлесін қосқан жоғарыда аталған замандастарыммен бірге, облыстық прокуратура ардагерлері кеңесінің төрағасы Оңғар Сүлейменовтің есімін де атап өткен артық емес. Ол 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, Көкшетау облысында  Володар, Көкшетау аудандарында прокурор болып біраз жыл еңбек етті. Қазір  зейнет демалысында жүрсе де облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерімен жиі кездесіп, оларға дәріс оқудан жалықпайды. Прокуратура ардагерлері  кеңесін басқарып, облысымыздағы жас мамандарға  тәлім-тәрбие беруде.
 Өз басым өмір жолымды прокуратура органдарынан бастағанымды мақтан тұтамын. Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылы ішінде елімізде, соның ішінде Ақмола, Көкше өңірлерінде де құқық қорғау органдарында талай білікті кадрлар өсіп жетілді. Соған шүкіршілік етеміз.
       
Теміржан ҚАЛЫҚОВ,
облыстық прокуратура ардагерлері
кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар