туған ауылымнан осындай бір оймен оралдым
«Ауылым – алтын бесігім» деп текке айтылмаған. Жер шарының қай түкпірінде жүрсең де, зәулім қалада тұрсаң да, туған ауылыңды ойлап, балалық шағыңды еске түсіргің келеді. Замандастырыңмен кездесіп, өткен-кеткенді еске аласың. Сондай күйде жүріп, таяуда туған жерім, балалық шағым өткен Амангелді
ауылында болып, немеремнің, яғни, әкемнің шөбересінің үлкен атасының үйінде сол кісі сияқты адамгершілігі мен еңбеққорлығы жұғысты болсын деген ниетпен ырымдап аунап-қунап қайттым. Елде біраз болғаннан кейін, көзіңді жұмып отырмайсың ғой, ауылдастарыңның тыныс-тіршілігімен танысасың. Жерлестеріңнің пікірлерін тыңдайсың, сөйтіп ой қорытасың. Біздің ауыл табиғаты әсем, орманды, жанынан өзен ағып жатқан жерде орналасқан.
Аудан орталығы – Ақкөл қаласынан отыз шақырымдай, облысаралық жолдың
бойында.
Ауылымызда алпысқа тарта отбасы бар. Үш-төрт ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып жатқандары да бар. Өткен ғасырдың басында бұл ауылдың негізінде құрылған «Амангелді» ұжымшары, әсіресе, соғыс кезінде басқарма төрағасы Бәукен Құлмағамбетовтің тұсында Ақмола облысында алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Одан кейін «Урюпин» кеңшарының бөлімшесі болып тұрғанда да егіншілік, мал шаруашылығы саласы жақсы дамып, еліміздің экономикасына өз үлестерін қосып жатты.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бірнеше шаруа қожалықтары құрылды. Бірақ, ғұмырлары ұзақ болмады. Ол тәжірибесіздіктен, техникалық базаның нашарлығынан, үкіметтен қолдау төмен дәрежеде болуынан ғой деп ойлаймын. Бірақ, тұрғындардың біразы қол қусырып қарап отырған жоқ. Ауылда он бес шақты отбасы оннан аса қара мал, 40-50 қой, 100-ге тарта құс өсіріп отыр. Бұлар ешкімнен ештеңе сұрап отырған жоқ. Қораларын өздері салып, жемшөбін дайындап, шаруаларын дөңгелетуде. Әйтсе де, дайын етті қабылдап алатын ешқандай кәсіпорын болмай отыр. Делдалдар арзан бағаға алып, базарда жоғары бағамен сатып, қызығын көріп жатыр. Ол мал өсірушіге ешқандай пайда әкелмейді, тек зиян шектіреді. Қара малды өсіріп жеткізу үшін кемі екі-үш жыл керек. Одан ешқандай пайда болмаса, көңілдері қалып, мал ұстамауға дейін барады. Бүгінгі күні менің байқағаным, ауылда он шақты отбасы мал ұстамайды. Жемшөбі қымбат, ешқандай пайда жоқ, одан да дайынды сатып алсаң, сол арзанға түседі дегенді естисің. Мал өнімдері азық-түліктің ең негізгілеріне жатады. Ауыл тұрғындары өндіріп жатқан ет пен сүтті сатып алуды ұйымдастырудың қандай қиыншылығы бар екенін түсінбеймін. Мысалы, Сабынды ауылында ет комбинаты бар, бірақ, толық қуатында жұмыс істемейді. Сатушыға да, алушыға да пайдалы орта баға қойып, сатып алып отырса, екі жаққа да тиімді болар еді. Мал өсірушілерді осылай ынталандырып отырса, өз елімізді мал өнімдерімен қамтамасыз етіп, шетелдің құнары төмен азық-түлігінен арылар едік деп ойлаймын.
Екінші байқағаным, ауылдастарымның әлеуметтік жағдайлары төмен. Бұл бағытта да түйіні шешілмеген өзекті мәселелер бар. Ең қажетті тауарлар мен азық-түлік сататын дүкен жоқ. Бір тұрғын кішкентай дүкен ашыпты, онда негізінен нан ғана сатылады. Кеңейтуге қаржы болмай тұрған көрінеді. Ауылдың екі-үш азаматы қажетті тауарларды өздері әкеліп, көтерме бағамен сатады. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Әкімдік дүкенге қажетті тауарлар мен азық-түлік әкелуді ұйымдастырса, бәріне де пайдалы болар еді.
Жастар түн ортасына дейін сенделіп көшеде жүреді, өйткені, жиналып, дем- алатын орындары жоқ. Клуб қирап жатыр. Жарайды, құлап жатқан клубты жөндеуге көп қаржы керек шығар. Дегенмен, бұл тығырықтан шығудың жолын табуға болады деп ойлаймын. Мысалы, екі қабатты мектеп үйі тұр. Небары қырыққа жетпейтін бала оқиды. Күндіз бала оқытып, кешке мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыруға болатын сияқты. Ол үшін әкімдік, мәдениет және білім беру бөлімдері келісім-шартқа отырса, қиын емес қой. Ауылдың ең өзекті мәселесі жол қатынасының нашарлығы. Кеңес дәуірінде салына бастаған көпір аяқсыз қалған.
– Көпір жөнге келтіріліп, үй салуға жағдай жасалса, ауылға адамдар қайта қоныс аударар еді, – дейді Қытайдан көшіп келген қандасымыз. Бұл сөздің жаны бар, жері құнарлы, табиғаты әсем, әкімшілік орталықтарынан алыс емес жерге қоныстанушылардың саны көбейер еді. Бұдан басқа да шешімін таппай тұрған мәселелер жетерлік. Соның негізгілеріне тоқталайын. Отызға тарта жұмыссыз бар көрінеді. Тіпті, ауылдың малын бағатын кісі жоқ. Осыны қалай түсінуге болады? Бұл ауылға да, азаматына да сын ғой. Онға тарта әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы бар. Осының себеп-салдарын анықтап, тұрмыстарын жақсартудың жолдарын табуға кім көмектеседі? Үйленбеген жастар қаншама, соқа басы жүрген сақа азаматтар да баршылық. Бұл да демографияға кері әсерін тигізетінін бәріміз білеміз. Осы жоғарыда айтылған мәселелердің ептеп шешімін табуға болады. Ол үшін мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті халық күш біріктіріп, әр мәселені жеке-жеке талқылап, шешу жолдарын іздеу керек.
Жергілікті жердегі әкімдіктен бастап жоғарыдағы мемлекеттік органдарға дейін халықтың жағдайын жақсартудың жолдарын қарастыру қажет. Ал, жергілікті тұрғындар ішкі мүмкіндікті толық пайдаланып, қол қусырып, құр отырмауға, жастарды баяғы аталарымыз сияқты оң істерге тәрбиелеуге баса көңіл бөлгендері жөн. Ол үшін ауылда қоғамдық кеңес немесе ақсақалдар алқасын құру қажет. Оның мүшелігіне лайықты, білімді, бұрын мекеме басқарған қарттар мен молда жоқ емес, бар. Молда құран оқумен ғана шектелмей, дін, діл мәселесінде тәрбие жұмысымен жете айналысқаны дұрыс болар еді. Бұрын біздің бала кезімізде Елубек, Өтебай, Қабдолла сияқты ауылымыздың беделді молдалары шариғат айтып, ауызбірлікке, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуға шақырып отыратын.
Жерлестерімнің кейбіреуі осының бәрін ашық айтқаныма ренжулері де мүмкін. Бірақ, біреу айтуы керек қой. «Дос жылатып айтады…» деген қағида бар. Бірнеше рет ауызша да, жеке де, тіпті, газет арқылы да айттым. Бірақ, осы күнге дейін еститін құлақ болмай, ауылдың қамын ойлайтындар шықпай отыр. Бұл бүгінгі таңда жалғыз Амангелді емес, қазақтың көп
ауылына тән нәрсе. Осы қалыпта жүре берсе, мектеп жабылады. Жастар кетіп, Амангелді ауылы Қазақстан картасынан мүлдем өшірілуі мүмкін. Оны болдырмау үшін осы мақалада көтерілген мәселелерді ауыл әкімі бас болып, ауыл тұрғындарымен бірлесе талқыға салып, нақты шешімдер мен ұсыныстар қабылдайды деген үміттемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.
Астана.