Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық шеңберінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы көрмеге келушілерді тарту және олардың Қазақстанға келуіне қолайлы жағдай жасау бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде.
Қыркүйек айының басынан бері «ЭКСПО» Ұлттық компаниясы шетелдік туристік компанияларды «Астана ЭКСПО-2017» көрмесімен және Қазақстан Республикасы бойынша өтетін турлармен таныстыру үшін түрлі ақпараттық шаралар өткізуде. Бұл шаралар жүз шақты шетелдік туроператорлар-серіктестердің ЭКСПО-2017-ге қатысуына негізделген. Ақпарат турларының қорытындысы бойынша екіжақты кездесулер өткізу және ЭКСПО-2017 тур пакеттерін сату бойынша қазақстандық және шетелдік туристік компаниялары арасында келісім-шарттарға қол қою жағы қарастырылуда.
Ауқымды шара аясында 35 адамнан құралған шетелдік туроператорлар делегациясы Бурабай курортында болды. Делегация құрамына Франция, Нидерланды, Индия, Малайзия, Қытай, Грузия, Швеция, Өзбекстан, Украина, Қырғызстанның, сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург, Новосибирск, Омбы, Барнаул және Қорған қалаларының туркомпаниялары кірді. Осы орайда, облыстық туризм басқармасы «Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны» ауқымды ақпараттық-жарнамалық тур ұйымдастырды. Меймандар көркем табиғат аясында болумен қатар, «Бурабай-Даму» серіктестігінің орталығында, табиғат мұражайында, Абылай хан алаңында болып, мәдени-сәулет кешенімен, «Абылай хан ордасы» экспозициялық көрме залымен танысты. «Қазақстандық Лапландия» ойын-сауық кешені мен «Rixos Borovoe», «Айнакөл» және өзге де отельдерде болды.
Өткізілген ақпарат туры шетелдік қонақтарға туризмнің дамуы және демалыс индустриясы бойынша Ақмола облысының бай әлеуетін, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтарын қабылдап, қызмет көрсетуге өңірдің дайындығын паш етті. Шетелдік туркомпаниялар өкілдері біздің өлкенің көркем табиғаты мен тамаша жерлерін өз көздерімен көрді. Олар ақпарат турын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ЭКСПО-2017-ге қатысатындарын және өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтатындарын мәлімдеді. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда.
Облыстық туризм басқармасының
баспасөз қызметі.