Биылғы оқу жылында Ерейментау қаласының «Заготзерно» ықшам ауданында жаңа мектептің ашылуы осы төңіректе тұратын ата-аналар мен балаларды үлкен қуанышқа бөлеген еді. Енді жаңа мектептің оқушылары демеуші ағаларының қолынан сый алып, тағы да қуанышқа кенеліп отыр.
Заман талабына сай сәулетпен салынған мектеп әлі қажетті құрал-жабдықтармен жеткілікті толыға қойған жоқ. Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың өзі бас болып келіп, мектеп оқушылары мен ұстаздарын құттықтаған жиында «Орда Инжиниринг» серіктестігінің директоры Самат Ордабай мен «Қоржынкөл» серіктестігінің директоры Анатолий Рябушев демеушілік көмек жасап, жаңа мектепке тарту ретінде он компьютер сыйлады. Аудан әкімі өз кезегінде мектепке жасаған осындай қолдауы үшін кәсіпкерлерге жылы лебізін білдіріп, Алғыс хат тапсырды.
Кәсіпкерлер осы тартуымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да мектеп ауласына көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына көмектесуге уәде берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ерейментау ауданы.