Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға жұмыс сапары аясында «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы өзіне айрықша құрметті азамат атағын бергені үшін Хиросима қаласының билік өкілдері мен жұртшылығына ризашылығын білдіріп, мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады.
– Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қару-жарақтан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті атом бомбасынан құрбан болған ондаған мың адамның рухына тағзым ету үшін Хиросимаға арнайы келгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонында қырық жылдан астам бойы үздіксіз жүргізілген ядролық сынақтар қазақ жеріне және халық денсаулығына орасан залал келтіргенін еске салды.
– Бүгін хиросималық бүлдіршіндер орындаған «Заман-ай» әні біздің елдеріміздің әлемдік қоғамдастықты ядролық зұлмат қатерінен құтқарудағы ұмтылысының нышанына айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай қасіретке жол бермеу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Абэмен келіссөз жүргізу барысында жаппай қырып-жою қаруы қаупінен ада әлем қалыптастыру жөніндегі іс-қимылды жалғастыру үшін екі елдің күш-жігерін жұмылдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.