Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік тілді білу – парыз - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік тілді білу – парыз

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде осы оқу орнының қабырғасында  білім алып жатқан  қазақ балаларымен бірге,  әу бастан өзге ұлт өкілдері де оқиды. Басында олардың қатары бірен-саран ғана болса, қазір көбейіп келеді. Сондықтан, бұл жолы газетіміздің  «Көзқарас» пікірталас клубының кезекті отырысын осы білім ордасында өткізгенді жөн көрдік. Ол басқа ұлт өкілдері жастарының мемлекеттік тілді қалай меңгеріп, біліп алғанына арналды. Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар тіл туралы өз ой-пікірлерін де ортаға салып, осы орайдағы көңілге түйген жайлармен бөлісті. 

Егор ТИХОНОВ, филология бөлімшесінің бірінші курс оқушысы:
– Менің әкем орыс, анам қазақ.  Мен кішкентай кезімнен қазақ тілінде сөйлеп, қазақ балаларымен дос болдым. Мектепте сабақ берген ұстазым Айгүл Қайдарова да менің тілге деген сүйіспеншілігімді көріп, мемлекеттік тілге қатысты байқауларға, «Абай оқуларына», «Оралхан Бөкей оқуларына», қазақ тілі мен әдебиетінің олимпиадаларына қатыстырып отырды. Қазіргі таңда ол ұстазыма алғысым шексіз. «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқимын. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін кез-келген жерде сұрасаңыз, оқып беруге әзірмін. Былтыр 8 сыныпта оқып жүргенде өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Абай оқулары» облыстық байқауында Есіл ауданының намысын қорғап, бірінші орынды жеңіп алдым. Отбасында анам қазақ тілінде сөйлейді. Наурыз мейрамында жыл сайын наурыз көже дайындайды. Ұлық мейрам айт кезінде үйімізде бауырсақ пен жұқа нан пісіріліп, аруақтарды еске аламыз. Анамның есімі Анар, ол екі ұлттың да салт-дәстүрі мен ырымдарын тең сақтайды. Қазақтың тағамдарын өзім қатты ұнатып, сүйсініп жеймін. Қазақтың қасиетті қара домбырасы төріміздің сәні. Қадыр Мырза-Әлі атамыз бір өлеңінде: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлағаны белгілі. Анамның өнерге еш қатысы жоқ, мамандығы аспаз, бірақ, домбыраны жақсы тартады.
Давыд ЯСКУЛЬСКИЙ, дене тәрбиесі және спорт бөлімшесінің бірінші курс оқушысы:
– Менің ұлтым – неміс. Төртінші сыныпқа дейін Зеренді ауданының Приречное
ауылында орыс сыныбында оқыдым. Кейін отбасымызбен Ұялы ауылына көшіп, қоныс аудардық. Онда таза қазақ мектебі бар екен, сонда білім алдым. Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң осы педагогикалық колледжге оқуға түсіп, қазақ тобында оқып жатырмын. «Қазақ тілінде оқу қиын емес пе?» деп сұрайтындар көп, бірақ, оның несі қиын деп жауап беремін оларға. Кеңес өкіметі кезінде қазақтар сол кездегі оқу орындарында орыс тілінде оқып, мамандық алып шықты ғой. Мен қазақша өте жақсы түсінемін, бар білгенімше сөйлеймін де. Қазақша кітап оқығанда тез ұғамын. Әдеби тілді анау айтқандай керемет меңгермесем де, әжептәуір сөйлеймін.
Әрине, қазақша бірден сөйлеп кету басында оңай болған жоқ. Бұл тілдің бай тіл екені белгілі ғой. Сондықтан да, мектепте екі ай бойы қиналдым. Күнде бір мәтінді қайта-қайта оқыдым. Сынып жетекшім қазақша ертегілер жинағын әкеліп берді, оларды оқып, өлеңдерді жаттап, бір адамдай үйрендім. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен көкпар, қыз қуу, асық ату, қазақша күрес сияқты ойындарды  ұнатамын. Тоғызқұмалақты жақсы ойнаймын. Ол адамның ой-өрісінің дамуына көп көмегін тигізеді. Сондай-ақ, ұлттық сусындардан қымыз менің сүйікті сусыным.
Руслан КОЧАЛЬСКИЙ, дене тәрбиесі және спорт бөлімшесінің бірінші  курс оқушысы:
– Тағдырдың жазуымен мен балалар үйінде тәрбиелендім. Ұлтым – орыс. Кішкентай кезімнен қазақша сөйлеймін. Достарымның көбі қазақтың қара домалақ балалары. Балалар үйінің атынан спорттық жарыстарға қатысып, Ақкөл ауданының намысын қорғап, біраз жетістіктерге де жеттім. Солардың ішінде қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан аудандық, облыстық додаларда жүлделі  орындарды бағындырдым. Ақкөл ауданының №3 мектебінде білім алдым. Онда маған орыс тілінде білім алуға да болушы еді, бірақ өзім үйренген достарымның ұлты қазақ болған соң, солармен бірге қазақ сыныбына бардым.  Бұған еш өкінбеймін. Себебі, менің жүрегім қазақ деп соғады, ой-санам қазақша ойлайды.  
Кейде қоғамдық орындарға барғанымда менімен орысша сөйлесіп жататындар болады. Сонда мен оларға қазақша айта беріңіздер деп, қиналып тұрған түрлерін көріп, өзім қазақша сөйлеп кетемін.
Елена РООТ, филология бөлімшесінің төртінші курс оқушысы:
– Кішкентай кезімнен қазақ ауылында өстім. Даярлық сыныбынан бастап қазақ мектебінде оқыдым. Зеренді ауданындағы Жылымды – таза қазақ ауылы, мұнда біз ғана өзге ұлт өкілі болдық. Достарымның барлығы қазақ, шынымды айтсам, не бір орыс, не бір неміс досым жоқ. Осында поляк қызы Лада ғана өзге ұлт өкілі деп айтуға болады, оның өзі қазақ тілінде сөйлейді, екеуіміз бір топта оқимыз. Мектепті бітірген соң, ойлана келіп, осы колледждің филология факультетіне оқуға түсуге бел будым. Тіл жағынан алғанда оқу қиын емес, бірақ, әдебиет пәнін меңгеру қиыншылық тудырды. Әрине, қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығын оқу барысында аз қиналған жоқпын. Ол менің ғана басымнан емес, осы бөлімде оқыған оқушылардың бәрінің басынан өтті деп ойлаймын.
Ұлттық мейрамдар ішінде Наурызды қатты ұнатамын. Оны асыға күтемін десем, өтірік айтқаным емес. Жаңа жылдың алдында кішкентай балалар Аяз атаны көруге, одан сыйлық алуға асығады ғой, сол сияқты мен де тағат таппай жүремін.  Анам екеуіміз қазақтың ұлттық тағамдарын жасап, бауырсақ пісіріп, наурыз көже да-йындаймыз. Жылқының қазысы қосылған көже қашанда тіл үйіреді ғой. Кейде анама үйге бара жатқанда «анашым маған наурыз көже сияқты дәмді бір тағам әзірлеп қойшы» деп өтінемін. Құрт қосылған сорпаға да не жетсін, шіркін. Мектепте оқып жүргенде тоғызқұмалақ ойнадым. Қонақ келгенде де анам бауырсақ пісіріп, ет асып, меймандарды нағыз қазақтай қарсы алады. Өзімнің отбасым туралы айтсам, әкем – неміс, анам – орыс. Үйде орысша да, қазақша да екі тілде сөйлесе береміз. Анам да қазақша жақсы түсінеді, бірақ, сөйлей қоймайды. Бір үйдің жалғыз қызымын. Қазақта немерені бауырына салып алу деген салт бар ғой, атам мен әжем неміс болса да, мені де солай өз тәрбиелеріне алып, әлпештеп өсірді. Олар қазақша сөйлесіп, қазақтың бар салт-дәстүр, ырымдарын ұстанады. Әкем және оның ба-уырлары қазақ тілін еркін меңгерген. Оларды қазақша сөйлесіп жатқанда, ешкім неміс деп ойламайды.  Кейбіреулер сары қазақтар деп күледі екен. Немере сіңлілерімізбен де  бір жерге жинала қалсақ, қазақ тілінде әңгіме-дүкен құрып, сырласатынымыз бар.
Ұлы Отан соғысы кезінде үлкендеріміз Саратов қаласынан Зеренді ауданының Баратай ауылына қоныс аударыпты. Әжем он жасқа толғаннан кейін Жылымды ауылына көшіп келіпті. Ал, 1967 жылы сол Саратов қаласынан көшіп келген атам Жылымдыда әжеммен танысып, екеуі отбасын құрып, бүгінде бақытты ата мен әже атанып отыр. Қыста біз де соғым соямыз. Қуырдақ әзірлейміз. Омыртқаға кісі шақырамыз.
Қазақстан жерінде тұратын Қазақстан Республикасының әрбір азаматы міндетті түрде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі тиіс деп есептеймін. Қазіргі кезде кейбір қазақтардың өздері қазақ тілін білмейді. Ол – ұят. Көшеде келе жатса да, өз тілінде емес, өзге тілде сайрап бара жатқаны менің қанымды қайнатады. Тіпті, мемлекеттік қызметте істеп жүрген қаншама жастар өз балаларын орыс сыныптарына беріп жатыр. Өздері қазақ тілін білмейді, келін баласын да сол тілде шүлдірлетеді. Сонда ұлттық намыс, сана-сезім қайда?!. Тәуелсіздік алған жылдары туған балалар ептеп қазақ тілін біледі, бірақ, ата-аналарының осындай қылықтарының нәтижесінде оларға да  орыс тілінде білім алуларына тура келіп жатыр. Бұл әрине, дұрыс емес. Бұл – анасының ақ сүтімен дарыған ана тілін қорлағанмен бірдей.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектептерде бірінші сыныптан бастап жаңа оқу бағдарламасына көшіп жатыр. Ағылшын, орыс тілдері енді қазақ тілімен қатар оқытылады. Бірінші сыныпқа жаңа ғана барған бала өз ана тілін дұрыс білмей жатқанда, оған ағылшын тілін қосақтау қалай болар екен?!.  Бала алдымен өз тілін меңгеріп алсын, ағылшын тілін бастауыш сыныптан кейін  де оқытуға болады  деп ойлаймын. Ал, өзімнің қатарластарыма, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
 деген қанатты сөзді айтқым келеді.
Лада ГОРОШКО, филология бөлімшесінің төртінші курс оқушысы:
– Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында туыппын. Мектепке барғанымнан қазақ тілінде оқыдым. Осы тілді ұнатқаным соншалық, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде осы филологиядан басқа мамандықты көз алдыма елестете алмадым. Алдағы уақытта осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсіп, оқуымды одан әрі  жалғастырсам деймін. Арманым – мұғалім болу. Егер өз мамандығыма байланысты жұмыс табылып жатса, оған қуанар едім, алайда таба алмасам да, тіл  білген адам далада қалмайды. Оның үстіне қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру керек. Дегенмен, бұл жа-йында біздің көп аға-әпкелеріміз басын ауыртқылары келмейтін сияқты. Сонда қазақ тілінде келген қатынас хаттарға қалай жауап береді екен деп таң қаламын. Өздері қазақ бола тұра, аудармашы іздейтіндерін қалай түсінуге болады?!.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте отырған азаматтардың тіл білмеуі елдігімізге сын. Сондықтан, тіл үйретіңізші десе, мен-ақ көмек көрсетуге дайынмын.
Тоғызыншы сыныптан кейін қандай оқу орнына оқуға түсем деп көп ойланған жоқпын. Себебі, осы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі ылғи ойымда жүретін. Осындай қазақы ортада мен тек қазақ тілінде ғана сөйлеймін. Бұл тілімді одан әрі ұстартуға да жақсы.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен мейрамдары, оның ішінде Наурыз мейрамы өзіме қатты ұнайды. Баланың дүниеге шыр етіп келгенінен бастап  той ғой, шіркін. Орыс, поляк  халықтарында ондай жоқ қой, өзінің туған-туысы мен ең жақын деген достарын ғана  шақырып, шағын той өткізеді. Ал, біздің қазекемдер ұлан-асыр той жасайды. Солардың ішінде қызға сырға салу, оны ұзату сияқты аруларын әспеттеп, алақанында ұстайтын әдемі салт-дәстүрлері өзінің сән-салтанатымен ерекше көз тартып тұрады. Егер болашақта белгілі айтыскер ақын Надежда Лушникова апаларымыз сияқты қазақтың келіні болып жатсам, осындай салт-жоралғымен ұзатылғым келеді. Айналамда араласып жүрген жолдас-тарым, достарым бәрі қазақтар, сондықтан, қазақтың бір дұрыс жігітімен шаңырақ көтерермін ғой деп ойлаймын.
Бесік жырын да жатқа білемін. Болашақта өз бөбегімді бесік жырымен әлдилеп, қазақтың әдемі әндерімен ұйықтатар едім. Ашамайға отырғызу, сүндет той, тұсаукесер сияқты салт-дәстүрлерді де ұмытпас едім. Себебі, соның бәрінде  ұрпақ тәрбиесі жатыр. Өзім қыз қуу ойынына қатысқаным да бар. Себебі, жылқы түлігін де өте  жақсы көремін.
Ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме, міне, осы тұрғыдан алғанда балаларымызды бесіктен бас-тап бесік жырымен әлдилесек, ауыз әдебиетіміз бен мәде-ниетімізді бала жасынан бойына сіңіріп өсірсек, ол баладан өз елінің пат-риоты шықпай қоймайды.
Сізге тағы бір ойымды айтайын ба? Егер ата-анам тарихи Отанымызға ораламыз деп жатса, онда мен өзім жалғыз қалсам да, Қазақстаннан асып ешқайда бармаушы едім.
Валентина ДЭЛЬ, филология бөлімшесінің үшінші  курс оқушысы:
– Мен колледжге дейін тек қана орыс тілінде сөйледім. Себебі, он бір жыл бойы орыс сыныбында білім алдым. Мектепте орыс сыныптары арасында өтетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің  олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Қазақ тілін Лена мен Лададай жетік білемін деп айта алмаймын, десек те бір адамдай ептеп сөйлеймін. Оқуға түскен жылдары қазақша оқудың қиын екендігін көріп, жастықты жастанып алып жылаған күндерім де болды. Оны жасырмаймын. Дегенмен уақыт өте келе тілге де, оқуға да үйреніп кеттім. Сабақ барысында маған аяулы ұстаздарым, қазақтың ұл-қыздары көп көмектесті. Солардың қол ұшын беріп, түсінбеген жерлерімді айтып жіберулері тілді тез меңгеруіме де зор септігін тигізді. Сол үшін де бәріне көп рахмет. Отбасымда бәрі орысша сөйлейді.  Тіпті, біздің елде қоғамдық орындарда, автобустарда жүрсек те, дүкеннен бір зат сатып алу үшін де орыс тілінде сөйлеуің қажет. Себебі, қазақтардың өздері қазақша біле тұрған күннің өзінде мұндайда орыс тілінде шүлдірлейді. Олар мүмкін өздерін солай сөйлесе мәдениеттіміз, мықтымыз деп ойлайтын шығар. Олай емес қой. Осы жағын мүлде түсінбеймін.  
Қонысбай ауылында бүгінде орыс ұлтының өкілдерінен үш отбасы бар. Қазақ ауылы ғой, барлық тұрғындар қазақша сөйлейтін шығар деп ойлайтынмын, жоқ олай емес екен, екі тілді араластырып сөйлейді. Ата-анам қазақ тілі және әдебиеті  пәні бойынша оқуға түсер алдында сен бұл тілді жетік білмейсің. Қиын болады десе, мен оларға қазақ тілін одан да жақсы білгім келеді деп қадалған жерімнен қан алып отырып алдым. «Егер сіздер мен ағылшын тіліне оқуға баратын болсам, қарсы болмас едіңіздер ғой, үйрен, оқы деп айтар едіңіздер» дегенім де бар.  Міне, осылайша қазақ тілінде оқимын деп,  өз еркіммен құжаттарымды әкеліп, емтихан тапсырып, осы оқуға қабылдандым. Тіл үйренуде, қазақ тілін сүюде бұл менің жігерлілігім шығар.  
Біздің отбасымыз орыс отбасы болса да, қазақтың ұлттық асы –  қымызына дейін ұнатып тұрамыз. Бауырсақ та пісіреміз. Бізді кейбір қазақтар борщ сияқты тағамдарды ғана дайындайды деп ойлайтын шығар,  жоқ, біз қазақтар сияқты етке де жақынбыз.
Вероника КАРГИНА, музыка бөлімшесінің бірінші курс оқушысы:
– Мен әнді сүйгендіктен, осы колледждің музыка бөліміне оқуға түстім. Қазақ тілін кішкентай кезімнен даярлық  сыныбынан бастап білемін. 6 жасымнан бастап өмірім музыкамен байланысты болды. Қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. Астанада  жыл сайын балалардың «Таңшолпан» республикалық байқауы өтеді. Балалар үйінің атынан осы байқауға қатысып, жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленіп жүрдік. Өзім фортепиано класында оқимын, домбыра класына да қатысамын. Бүгінде қазақ тілін білуге өзге ұлт өкілдерінің де ынталары артып келеді. Соның бір айғағы, осы оқу орнындағы менің құрбыларым деп қуана айтуға болады. Музыканың бір-ақ тілі бар. Ол – нота. Ал, әр ұлттың өз  туған ана тілі бар. Ана тілін білу,  құрметтеу, сол ұлт өкілдерінің басты парызы болуы керек.  

РЕДАКЦИЯДАН: Міне, «Көзқарас» пікірталас клубының кезекті отырысындағы әңгіме осылай өрбіді. Біз алдымен, өзге ұлт өкілдері жастарының мемлекеттік тілге деген дұрыс көзқарасын,  жүрек лүпілін шынайы қалпында баса жеткізуге тырыстық. Бір оқу орнында осынша баланың мемлекеттік тілде білім алуы, солардың бәрінің де өз жүрек қалауымен осы жолды таңдауы әрине, сүйсінерлік. Бұл арада тек бір қынжыларлығы, қазақ тілін өзіміздің өгейсітіп, өзіміздің  шетқақпай қылуымыз ғана. Ұлты – басқа, тілі – қазақ осынау пікірталас клубы қатысушыларының ортаға салған ой-пікірлері өз қандастарымыздың бірі болмаса бірін ойландырып-толғандырса, осы тақырыпты көтерген  біздің де мақсатымызға жеткеніміз деп білеміз.   
Ырысалды ШАМШИЕВА,
 арнаулы тілшіміз.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар