Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Осы біз қаншалықты мәдениеттіміз?!. - АРҚА АЖАРЫ

Осы біз қаншалықты мәдениеттіміз?!.

Біз осы мәдениеттіміз бе? Жалпы, мәдениет деген сөздің мағынасын қалай түсінеміз?  Осы жайлы бір сәт ойланып көрейікші.

 

Университет қабырғасында оқып жүргенде бізге мәдениеттің екі түрі бар: біреуі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет деп оқытатын. Байқасаңыз, бірінші кезекке рухани мәдениетті, екінші кезекке материалдық мәдениетті қойған. Солай болуы керек те. Алайда, қазір екеуінің орны ауысып, адамның көңілі біріншісіне, яғни, дүние-мүлікке ауып кеткендей…
Хош, сонымен, отырып алып, пәлсафа соқпай-ақ қояйын. Ол біздің қазақтың басшысы тұрмақ, малшысы мен жалшысының да қолынан келетін шаруа ғой. Ол жағынан алдымызға жан салмаймыз.  
Жаңағы мәдениетімізге оралайық. Экономикамыз тұрақты дамып, еліміз өркендеп, ғылымымыз бен біліміміз жетіліп келеді дейміз. Киер киім, ішер асымызды да таңдап, талғайтын болдық. Шүкір. Бірақ, әлі күнге дейін адаммен тіл табысуды, жанжалсыз сөйлесуді, өкпесіз, ренішсіз тарқасуды үйрене алмай келеміз. Қарапайым ғана мысал айтайын. Қала ішіндегі қоғамдық көліктің жолақысын жинайтын адам  мен жолаушылардың өзара қарым-қатынасына зер салайық. Көпке топырақ шашпайық, бірақ, бір-бірімен дөрекі сөйлесіп жатқан жайларды жиі көреміз. Түсер аялдамаңды сұрасаң, «соны да білмейсің бе?» дегендей зілдене тіл қатып, ала көзімен бір атып өтеді. Оның өзін  орыс тілінде сұрауың керек. Қазақшаңды түсінбейді, түсінсе де қырсығып жауап бермейді. Не болмаса өзі отырып алып, түсер кезде тұтас ақшаңды берсең, «майда ақшаң жоқ болса, неге айыртып алмадың, неге манадан бері төлемейсің?» деп тағы да бұрқ-сарқ қайнап басылады. Ал, жолаушылар ше? Бір бұрылыста байқаусызда біреуге сүйкене кетсең-ақ, басың бәлеге қалды дей бер. «Дұрыс тұрмайсың ба, аяғымды бастың. Тәрбиесіз!» деп ұзаққа кетеді. Өзі де көзімен бәрін  көріп тұр ғой. Бұрылыс болды, я болмаса автобус кілт тоқтады. Тіпті, ұрыс болмасын деп алдын ала кешірім де сұрайсың ондай кезде. Жоқ, сонда да бірдеңе айтып  қалу керек.
Көлік жүргізушілердің жайы да кісі аярлық. Күнімен көлік айдап, біреуді қағып, біреуді соғып кетпейін, біреудің машинасы көлденеңнен келіп, киіп кетіп жүрмесін деп алаңдап, әбден жүйкесі тозған  байғұстарға жаңағыдай кілт тоқтағаны, болмаса жедел бұрылғаны үшін жолаушылар сыбағасын беріп жатады. Біріне-бірі кешіріммен қарап, сабырлық танытса болмас па?! Алайда, ондай мәдениеттілік бізден әлі алыс жатқан сияқты. Шет елге барып келгендер ауыздарының суы құрып айтатын ондағы мәдениетке қызығасың да қоясың. Бірақ, сондай болу үшін өзіміздің бітіріп жатқанымыз шамалы.  
Жыл сайын бірнеше рет қала көшелерін тазалайтын сенбіліктерді еске алып көріңіз. Бүкіл ел болып қаламыздың бұрыш-бұрышын тазартып шығамыз. Сондағы қоқыс дегеннің терген сайын шыға беретіні қызық. Сондай сенбіліктерді баспасөз беттерінде, теледидардан жаңалық қылып айтып, жазып мақтанып та жатамыз. Дұрыс та шығар. Жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін. Алайда, мұншама қоқыс қайдан келді деп ойлайсың кейде. Сосын «ә, өзіміз шашады екенбіз ғой» дейсің баяғы. Темекі тұқылы, қорапшасы, жеген тәттіміздің,  толып жатқан күнделікті тұрмыста тұтынатын заттарымыздың қалдықтарын қайда болсын сонда тастап жүре береміз. Анау таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне апарып салуға ерінеміз. Соны бүгін шашпасақ, ертең ауламыз, көшеміз таза болып тұрар еді.   
Қоқыс демекші, көп қабатты үйде тұрсаңыз, неше түрлі «қызықтарды», қызықтарды емес-ау, сорақылықты көресіз. Кім тастағанын білмейсің, таңертең подъезіңізде қоқыс толы қапшықтарға дейін жатады. Біреулер қоқыс жәшігіне апаруға ерініп, осылай тастай салады. Осы әрекеті үстінде ұстап алып, тәубесіне келтірсе, шіркін, дейсің.
Міне, біздегі мәдениеттіліктің түрі осы. Бұл жағынан әлі де талай-талай мысал келтіруге болады. Сонда Азия мен Еуропаның дамыған елдеріндегі мәдениетке осы біз қашан жетер екенбіз деп ойлайсың. Мына түрімізбен, мүлде жете алмаймыз-ау, шамасы. Сіз қалай ойлайсыз? Мүмкін осы орайда, айтарыңыз бар шығар…     

Мерген ТОҚСАНБАЙ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар