Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Әдебиет пен өнердің ажырамас бір бөлігі – ән. Ән халықпен бірге жасап келеді. Дүниеге келген сәбидің шілдеханасы әнмен ашылса, ұзатар қыз әнмен қоштасады, жаңа түскен келінге жар-жар айтылады. Халық әндері үлкен қазына, асыл байлық.
Біздің мұндағы айтарымыз – қазақ әнінің шетсіз-шексіздігі. Сол шетсіз-шексіз әннің дуалы ортасы Арқа елі, соның ішінде Көкшетау жері. Әдебиеттің ұлы классигі – Абай болса, ән саласында Біржанды классик деп санауымыз тектен-текке емес. Қазақ поэзиясы мен өнерінің тарихында Біржан алатын орын ерекше. Даңқты халық композиторы, асқақ әнші, дархан ақын Біржан салдың есімі мен тамаша туындылары біздің мәдениетіміздің сарқылмас асыл қазынасынан берік орын алды.

«Біржан – қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы. Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады», – деп бағалаған болатын әйгілі өнер зерттеуші академик ғалым Ахмет Жұбанов.
Мәдениетті қауымды Біржанның әншілігі, композиторлығы, ақындығы әлі күнге еріксіз сүйсінтіп келеді. Қазақтың әншілік өнерін, музыкасын Біржан сал жаңа белеске көтере білді.
«Жаңа өмір дамыған сайын Біржан сияқты ардагер ақын, өнерпаздың шығармалары, ұмытылмас асыл бейнесі бізден алыстамайды, әрқашан қасымызда күмбірлеп күй тартып, шырқап ән салып, сырласып, мұңдасып, әзілдесіп, күліп-ойнап, мәңгі бірге жасамақ», – деп жазды белгілі әдебиетші ғалым Есмағанбет Ысмайылов.
Өз туған халқының ықыласы мен пейілі болар, көпшіліктің сұрауы
бойынша Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандық мәслихаты мен аудандық әкімдіктің 2003 жылғы 20 маусымдағы бірлескен қаулысымен Еңбекшілдер ауданына, Біржан салдың атын беру жөнінде ұйғарым жасалған болатын. Бұл шешімді  Ақмола облыстық мәслихатының сессиясы мақұлдап, облыстық мәслихат пен облыс әкімінің 2003 жылғы 22 қазандағы №3 С-1-19 шешімі шығып, бұл құжат Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясына жіберілген болатын. Және де осы мәселе бойынша 2013 жылдың 7 наурызында сол кездегі Үкіметке депутаттық сауал жолдаған да болатынмын. Алайда, ол кезде елді мекендердің атауларын өзгертуге республика бойынша мораторий жарияланғандықтан, бұл мәселе уақытша кейінге қалдырылған болатын.
 Ел тәуелсіздігінің даңқты 25 жылдығы қарсаңында осы мәселені шешудің орайы келіп тұрған сыңайлы. Және де  Біржан салға өз туған жерінің аумағында орналасқан ауданға халық композиторы мен әншісінің атын беру мәселесін Үкімет шешеді деген елдің сенімі әлі де суыған жоқ. Өңірге барған сапарларымызда аудан жұртшылығы осы мәселенің қашан шешілетіндігін сұраумен болады.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру жөніндегі облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің 2003 жылғы шешімінің жүзеге асырылуына көңіл бөлуіңізді сұраймын.
Қазақ мәдениетінің алыбы Біржан салдың есімі, ел тарихы ұмыт болмасын, оған қамқор көзбен, ыстық сезіммен қарайық деген ниеттен туған ой еді бұл!
 
  Құрметпен,                               
 Сенат депутаты
Жабал Ерғалиев.

Құрметті Төраға!

2013 жылдың 7 наурызында сол кездегі Үкіметке Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына  Біржан салдың атын беру жөнінде депутаттық сауал  жасалған болатын. Бұл жөніндегі Ақмола облыстық мәслихаты мен облыс әкімінің 2003 жылғы 22 қазандағы №3 С-1-19 шешімі Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясына жіберілген де болатын. Алайда, ол кезде елді мекендердің атауларын өзгертуге республика бойынша мораторий жарияланғандықтан, бұл мәселе уақытша кейінге қалдырылған-ды.
 Ел тәуелсіздігінің даңқты 25 жылдығы қарсаңында Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру жөніндегі облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің 2003 жылғы шешімінің жүзеге асырылуына Үкіметтің көңіл бөлуін сұраймын.

  Сенат депутаты
Жабал Ерғалиев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар