Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Интернет арқылы танысудың ақыры - АРҚА АЖАРЫ

Интернет арқылы танысудың ақыры

Бүгінде интернет арқылы танысып, өмірі көрмеген, сырын білмейтін бейтаныс адамдармен көңіл қосып, тіпті, үйленіп жататындар қатары көбейді. Өкініштісі сол, ғаламтор арқылы танысудың ақыры әсіресе, нәзік жандылар үшін көбіне өкінішті жайларға ұрындырып жатады. Сондай оқиғалар туралы БАҚ айтып, жазып жүр. Дегенмен, содан сабақ алып жатқандар аз.

«Іздегенге табылған»
Бала жасынан жетімдіктің ауыртпалығын тартып, өмірден теперіш көріп өскен Антонина Муракова да ғаламтор арқылы танысқан жігіттен бақыт күтемін деп басын қатерге байлағанын сезбеген. 2007 жылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған сол тұста Бурабай балалар шипажайы кентінде тұрған ол Ақкөл қаласындағы балалар үйіне жіберілді. 2008 жылы асыраушысынан айырылған қызға арнайы есеп шот ашылып, ай сайын мемлекеттен жәрдемақы аударылып тұрды. 9 сыныпты бітірген соң Астрахан кентіндегі ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға түскен қыз оқуын ойдағыдай бітіріп шықты. Мамандығына сай жұмыс болмағандықтан, ол өзі бұрын тұрған Бурабай ауданындағы балалар шипажайы кентіне келіп, танысы Валентина Байкованың үйінде уақытша тұрды. Ойы мамандығына лайықты жұмыс тауып, өз бетінше тірлік кешу.
Бірақ, арада кездескен күтпеген жай өмір жолын енді бастаған қыздың болашағына балта шапты. Ғаламтор арқылы танысқан, Щучинск қаласында тұратын Александр Валейко қыздың шипажай кентінде екенін біліп, соңынан іздеп келді. Жасы жиырмадан жаңа асқан жас жігіт он жетідегі бойжеткенге бірден ұнап, екеуі алғаш кездескен кезде-ақ емен-жарқын әңгімелесіп кеткен.  Өмір тәжірибесі жоқ, жанашыр үлкендердің қамқорлығын онша сезінбей өскен бойжеткен сырты жылтыр, сөзі жылмаң жігіттің бұрын бір рет сотталғанын, қазір де еш жерде жұмыс істемей, сайда саны, қырда тұрағы жоқ тұрлаусыз өмір кешкен жан екендігін мүлдем сезбеген.

Есті алған
махаббат
Бойжеткеннің интернет арқылы танысқан, өзі жетік білмейтін жігітке Ақкөл қаласына барып, пошта бөлімінде есеп шотында жинақталған ақшасын алып қайтатынын айтып, өзіне серік болуын сұрауы нағыз аңғалдық еді. Мынаны естіген жігіт бірден қуана келіскен. Сөйтіп, қыркүйектің жанға жайлы жылымық күнінде олар автобусқа отырып, Ақкөлге аттанды. Антонинаның есеп шотына 534 мың теңге жинақталыпты. Дегенмен, бұл соманы бірден түгел алуға болмайтын болып шықты. Сондықтан, қыз алдымен 200 мың теңгесін алды. Сол күні олар қаладағы арзанқол қонақ үйдің нөмірін жалдап түнеп шықты.
Махаббаттың бал шарабы басын айналдырды ма, ертеңіне қайтпақ болған оған жігітінің «ақыры
келген екенсің, ақшаңды түгел алып қайтпайсың ба?» деген сөзі түрткі болып, поштаға қайта барды. Бұл жолы пошта қызметкерлері оның өтінішін қанағаттандырып, қалған 334 мың теңгесін кедергісіз берді. Қалта толған ақша, махаббаттың отына мас болып, көңілі шалқыған қыз сол сәт өзін дүниедегі ең бақытты адамдай сезінген еді.  Жиырмадан жаңа асса да, түрмеде отырып, қылмыс әлемінің қыр-сырымен біраз таныс болып қалған Александр өзін кәнігі қылмыскер санайтын. Аңқау қызды қармағына еш қиындықсыз түсіргенін аңғарған ол жылы сөзбен бүркемелеп, бұлталақтап жатпастан бірден іске көшті. Өз бизнесін ашу үшін ақша қажет болып тұрғанын айтып, 300 мың теңге қарыз сұрады. Махаббат ақыл-есін алған бойжеткен жігіттің ұсынысына бірден келіскен. 300 мың теңгені қалтасына салған жігіт онымен де қоймай, әпкесі үшін және 130 мың теңге қарыз сұрады. Қыздың көзін жеткізу үшін, тіпті  сол арада әпкесіне телефон шалып, пошта арқылы сұраған ақшасын жіберетінін де айтып салды. Жігітке күмәнсіз сенген қыз бұл 130 мыңды да қарсылықсыз қолына
ұстата салды.

Қаскүнемдік
Жігіттің ақшаны бір айдан кейін қайтарамын деген сөзіне сенген бойжеткен бір ай өткенде телефон шалып, ақшасын сұраған. Бизнесімді енді ашып жатырмын, сәл күте тұр деген жігітке қыз үзілді-кесілді қарызын қайтаруын талап етті. Бұған Александр «жақсы, мен бір танысымнан қарыз алып, қайтарамын, ертең кешкілік кел, аздап қыдырайық» деді. Ақкөлде қонақ үйде өткен тәтті түн есіне түскен бойжеткен жігітімен кездесуге дайындалып, көңіл- күйі көтеріліп сала берген.
Антонина уәделескендей, кешкі сағат 19-дар шамасында Щучинск қаласында №1 маршрутты автобустан 8 наурыз көшесі аялдамасында түсіп, жігітті күтіп тұрды. Арада он минуттай өткенде Александр да көрінді. Қуанышы қойнына сыймай, оның мойнына асыла кеткен қызға неге екені белгісіз жігіт біртүрлі салқын қабақ танытты. Бірақ, бұл да бойжеткеннің көңілін бұза алмады. Танысым осы маңда тұрады, дендропарк арқылы жаяу барамыз деген сөзіне қалтқысыз сенген қыз қолтықтасып жүре берген.
Қазан айы. Күн батып, айнала қараңғылана бастаған. Тірі пенде жоқ қалың ағаш арасымен жүріп келе жатқан екеудің ой-армандары да екі басқа еді. Қыздың ақшасын түгел жұмсап қойған және қайтаруға мүмкіндігі жоқ жігіт одан құтылудың жалғыз амалы – аңқау бойжеткенді өлтіру деп ойласа, өмір жолын жаңа бастаған қыз сүйгенімен қосылып, бақытты отбасы болар жарқын болашақ жайлы тәтті қиялдарға берілген. Александр бәрін алдын ала түгел ойлап, жоспарлап алған еді. Содан болар, ол асқан салқынқандылықпен еш асып-саспай кәнігі кісі өлтірушілер сияқты әрекет етті. Алдын ала дайындап алған жібек арқанды қыздың мойнына салып, бар күшімен қылқындырғанда жәйбарақат келе жатқан бойжеткен еш қарсылық жасай алмады және айқайлап та үлгермеді. Қыздың денесі сұлқ түскен сәтте оның өлгенін сезген жігіт бұрынғы ғашығын жолдан әрірек ағаш арасына апарып тастады. Жәй тастай салмай, ол қыздың қол сөмкесіндегі азын-аулақ ақшасы мен 30 мың теңге тұратын смартфон телефонын ала кетті. Содан кейін үлкен шаруа тындырғандай, соқпақпен аяңдап көшеге шықты. Ол бәрін жымын білдірмей жасағанына, ешқандай із кесер таба алмайтынына кәміл
сенген еді.

Айла мен жаза
Александр қылмысын еш із қалдырмай, жымын білдірмей жасадым десе де,  құқық қорғаушыларға оның ізіне түсу онша қиын болған жоқ. Ең алдымен, бұған Антонина үйінде тұрған Валентина Байкова көмектесті. Ол бойжеткеннің интернет арқылы Щучинскіде тұратын жігітпен танысқанын, онымен бірге, Ақкөлге барып, ақшасын алғанын және оған қарыз бергенін де жақсы білетін. Онан әрі қылмыстық істі жүргізе келе, тәжірибелі із кесерлердің бұрын сотты болған, еш жерде жұмыс істемейтін Александр Валейкоға шығуы онша қиын
болмады. 22-ге жаңа толса да бұрын сотты болып, қылмысты күн көрісі үшін кәсіп етуге бекінген жігіт оңай шағыла салатын жаңғақ еместігін көрсеткісі келіп, олай-бұлай бұлталаққа салған. Дегенмен, құқық қорғаушылар оның қылмысын мойнына салып берді. Бұл үшін қылмысты дәлелдейтін айғақтар да, куәлар да табыла бастады. Шегінер жері қалмаған жігіт амалсыз істегенін мойнымен көтеруіне тура келді.
Таяуда Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Б.Баймұрзиннің төрағалығымен өткен сот азамат А.Валейконы А.Муракованың өліміне айыпты деп тауып, 17 жылға бас бостандығынан айыруға және жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге шешім шығарды. Осылайша, жас қыздың өмірін қиып, оңай олжа таппақ болған жігіт осынша  жылды тар қапаста өткізетін болды.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар