Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдағы қайырымдылық - АРҚА АЖАРЫ

Жолдағы қайырымдылық

Тамыз айының аяқ кезі. Астанадан белгілі уақытында жолға шыққан Көкшетау-Ерейментау бағытындағы электр пойызы соңғы стансаны бетке алып,  жүйткіп келеді. Вагонда бос орын жоқ.  Машинист жақындап қалған кезекті станса мен разъездің атауын екі тілде хабарлауда.

 

Тиісті орындарына жайғасқан үлкендер мен жастар өзара шүйіркелесіп, әңгімеге кіріскен. Қарсы орындықта үйелмелі-сүйелмелі кішкентайларын жанына алған жас келіншек  үнсіз отыр. Ара-тұра терезе жаққа үңіледі, бірде пойыз аялдаған станса жаққа, енді бірде күнәсіз пәк періште балаларына көз қиығын тастайды. Жүзінен әлденеге алаңдаушылық сезіледі.
Өмірден көргені мен түйгені мол Бағила бейтаныс жас әйелдің жүзінен мазасыз мұңды аңғарды.  Жан жарасын тырнап аламын ба деген оймен ол қарсы орындықта отырған келіншекпен тілдесуге батпай, жәй көз қиығын салып қарап қояды. Бірақ, Елтай стансасына жеткенше әлі көп уақыт бар, үнсіз отыруға ыңғайсызданып, ақырындап келіншекті сөзге тартты. Екеуара әңгіме жол қысқартуға да сеп қой. Ұзақ жыл ауыл мектебін басқарған, көпті көрген елгезек жанның мұғалима әрі ана ретінде оқу жасына жеткен балаларға да бүйрегі бұра берген.
Өзін Айсұлу Алғазиновамын  деп таныстырған жас ана, «түсі игіден түңілме» дегендей, бір сәт үнсіз ойланып отырды да, іш тарта сөйлеген апайды жатсынбай, өзінің өткен өмір тарихын баяндай берді. Ол Өскемен өңірінің тумасы екен. Өз отбасымен Астанаға іргелес Көктал ауылында пәтер жалдап тұрған. Асыраушы  тірегі – отағасы тағдырдың жазмышымен таяуда дүние салыпты. Енді басы қаралы, жүрегі жаралы жесір әйел төркініне барып, балаларын әркімге жәутеңдетпей бір өзі асырауға, ешкімге тауқыметін салмауға, қиындықты да жалғыз жеңуге бел буған сыңайлы. Оқу жылы болса жақындап қалды. Алда тағы сынақ күтіп тұрса да, ешқайсысын сабағынан қалдырмауды ниет еткен Айсұлу пойызға мініп, жолға шыққан. Мақсаты  Ерейментауға жету, суық түспей тұрып, жалдамалы болса да, баспана тауып алу, ештеңеден арланбай, кезіккен жұмысқа орналасып, күнкөріс қамын ойластыру.
Осы сәтте жалғызбасты ананың жанарына еріксіз жас үйірілді. Мән-жайға толық қаныққан жаны нәзік Бағиланың ет-жүрегі елжіреп, көңілі босап сала берді. Сапарласының жасымаған жігеріне, қажымаған қайратына, таудай талабына, үкілі үмітіне іштей сүйсінді. Мұңлы жанға қайтсе де қорған-пана болуды, үріп ауызға салғандай сүйкімді бүлдіршіндеріне қол ұшын беруді ұйғарды. «Шіркін, оқу жасындағыларын Елтай мектебіне қабылдасам ғой», – деген ой да қылаң берді. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Айсұлу, көңілің қаласа, біздің Елтай ауылына кел. Мен сол елді мекенде негізгі мектептің директорымын. Әуелі баспанаңды қамдауға көмектесейін. Өзің келіссең,  кішкентайларың бізде оқысын. Бәлкім, Алла жазса, саған да жұмыс ыңғайын ойластырармыз, бәрін ақылмен салмақтап, ойланып көр. Маған бір хабарыңды айтарсың, – деп ұсыныс жасады. Іле-шала екеуі өзара хабарласу ниетімен бір-бірінің ұялы телефондарының нөмірін жазып алды. Бұл кезде электр пойызы шағын ауылмен іргелес Едіге стансасына да жақындап қалған еді.
Елтайдағы үйіне келіп жеткен Бағила Құсайынова жолда кездескен келіншек туралы көп ойланды. Іштей: «әлгі жас келіншек ауылымызға көшіп келсе, тезірек бір жауабын, түпкілікті келісімін берсе, мектебімізге бала қосылар еді» деп ойлап, соны кәдімгідей тіледі.  Өйткені, ауылда оқушы саны жыл өткен сайын азайып барады. Мектеп оқу жылына дайын болса да, ауданда оңтайландыру туралы алып-қашты әңгіме шыққалы қашан? «Оған іліксек, сынып саны ықшамдалса, әріптестерім отбасыларын қалай асырамақ? Мамандарымның да жұмыс іздеп, Елтайдан қоныс ауыстырмасына кім кепіл? Бастауыш сынып қана қалдырылса, өзге оқушыларым қайда барып оқымақ, кімнің үйін паналамақ? Ауылдың тірегі, келешектің күретамыры мектеп емес пе?» деген сауалдар жанын жеп үнемі мазасын алатын.
Арада үш күн өтті. Түс кезінде Бағиланың ұялы  телефоны тосыннан шырылдай жөнелді. Түймені басып, телефонын қосқан Бағила сүйкімді әйел дауысын естіп, кім екендігін бірден таныған.
– Апай, сәлеметсізбе! Мен өзіңізбен ана жолы пойызда жүздесіп, әңгімелескен Айсұлумын ғой. Қазір Астанада жүрмін. Қарсы болмасаңыз  сіз айтқан Елтай
ауылына қоныс аударсам. «Ел іші – алтын бесік» дейді ғой. Балаларым мектепке оқуға барса, өзіме де екі қолға бір күрек табылар, ешқандай жұмыстан тартынбаймын, тіпті, қандай кәсіп болса да, еш арланбас  едім», – деді.
– Жарайды, сіңлім. Шешімің дұрыс. Егер нақты тоқтамың осы болса, онда мен де сенің жағдайыңды қамдауға дайынмын, – деді қуанған мектеп директоры бірден.
Осыдан кейін Бағила бұл мәселе жайында әуелі отағасы Төлеген Құсайыновпен ақылдасты. Елгезек азамат мынаны естігенде бірден қуана құптады. Бағына қарай, баспана мәселесі де лезде шешілді. Ауылдан қоныс аударатын, көпті көрген Рейімбай Әлмұрат қарт жағдайға түсіністік танытты. Үйін төрт балалы келіншекке уақытша тегін бере тұратын болды. Осы хабарды естіген Айсұлу Бағилаға алғысын жаудырып, қуанышын жасыра алмады. Электр желісі, орталық ауыз су құбыры тартылған үй жеңіл-желпі жөндеуден өткізілді. Оған директордың сөзін екі етпейтін ұжымы елгезектік танытты.
Елордадағы «Мирас» ЖШС-ның өкілдері, апалы-сіңлілі Гүлсім, Махаббат Әділовалар 31 тамызда Айсұлудың мүлкі тиелген «Газель» көлігімен Елтай ауылына табан тіреді. Гүлсім Әділова іле-шала «Мектепке жол» акциясы аясында оқушы сөмкесін, қағаз-қалам салынған сәлемдемесін беріп жіберді. Сөйтіп, ойламаған жерден бар мәселесі шешілген Айсұлудың қабағына қуаныш күлкісі үйіріліп, өңі кіріп қалды. «Елге ел қосылса – құт» деген қағиданы берік ұстанған, қойнауына береке-бірлік дарыған ауылдастар да жәрдемін беріп жатыр. «Мұның бәрі Алланың сүйемелдеуі, сыйы шығар», – деп ойлады өз шешіміне  іштей риза Бағила.
Биылғы оқу жылында Айсұлудың балалары да қатарластарымен бірге мектеп есігін ашты. Жас шамасына қарай 1-3 сыныппен, даярлық тобына және шағын орталыққа қабылданды. Демеушілердің сый-сыяпаты да көңілін көтеріп тастады. Бағила Құсайынова сөзінде тұрып Айсұлуды мектепке жұмысқа қабылдады.  Осылайша қайырымды жандардың демеуімен ойламаған жерден барлық мәселе шешімін тапты.
Сөз арасындағы Айсұлу келешекте арнайы курста оқып, шаштараз кәсібін меңгеруді көздейтінін айтып қалды.  Өйткені, мұндай маманның қызметіне сұраныс болатыны анық. Бұған  жаны жайсаң Бағила Құсайынова да қол ұшын беруге әзірлігін білдірді.   

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Ерейментау ауданы.
Суретте: Бағила Құсайынова Айсұлу Алғазиновамен және оның бүлдіршіндерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар