Атеистік түсінік белең алған кеңес заманында айтылып-жазылмайтын, тиым салынған тақырыптар аз болған жоқ. Соның бірі – қазақтардың арасында көп кездесетін әулиелер, бақсы-балгерлер, көріпкелдер, емші-тәуіптер, диуаналар сияқты бойларында тылсым қасиеттері бар адамдар жайындағы материалдар еді. Өкініштісі сол, бойларында осындай қасиеті бар адамдарды көрген, білетін көнекөз қариялар да қазір жоғалды. Десек те, үлкендердің аузынан естіген аңызға бергісіз әңгімелерді жадында ұстаған адамдар әлі де кездеседі.
Күнделікті баспасөзде бақсы-балгерлер, емші-домшылар жайлы жазылып жүргенімен, диуаналар жөнінде көп айтыла бермейді. Сосын отырып, осы диуана деген кім екен деген ойға қаласыз. Сиқыршы ма, әлде көзбайлаушы гипнозшы ма, болмаса Алланың ықыласы түсіп, ерекше жаратылған жан иесі ме?..
Бұрынырақта өткен диуаналар жайлы бүгінге жеткен әңгімелерге құлақ түрсек, бұлар пенделік дүниеауи тірліктен ада, жан дүниесі сәбидей таза, хақтың жолымен ғана жүретін ерекше жаратылған пенделер секілді. Бақсы-құшынаштар сияқты кісі емдеп, кәсіп қылмаған. Қожа-моллалар тәрізді дұғасын сатып, тоқты-торым алмаған. Бөркінің төбесіне үкі тағып, қолына сылдырмақты асатаяқ ұстап, қара жолдың шаңын бұрқыратып, «Алла хақ!» деп жаяулап ел кезіп өткен диуаналар біз білмейтін құпия бір әлемнің елшілері тәріздес.
Менің атым – Диуана,
Жын-шайтанды қуала.
Алтын-күміс дүниеге,
Көз салмаймын қуана, –
деп тегін айтылмаса керек. Баяндағы Қаржас елінен шыққан Әбжалап Диуана жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазады. Қаңтардың қақаған аязында омбы қарды бұрқыратып жалаңаяқ жүреді екен. Бір жазда Мәшһүр Жүсіп үйіне сәлем бере келген Әбжалаптың үстіндегі өрім-өрім болған киімін зорлағандай етіп шешіндіріп, жаңа көйлек-дамбал кигізіпті. Сонда Диуана жарықтық: «Ойбай, мына Мәшһүр мені тонап жатыр!» – деп байбаламдайды екен. Бірақ, Мәшһүрдің еңбегі еш болып, Әбжалап Диуана бір қыр асқасын-ақ оның берген киімінің бәрін сыпырып тастап, өзінің ескі-құсқысын қайта киіп алып, әрі қарай жөнеп беріпті. Кейін өзінің қолында қайтыс болған Әбжалапты Мәшекең арулап жуып, кебіндеп, сабан орауышқа орап, бір топ кісімен зират басына алып барады. Енді қабірге салайын десе, Әбжалаптың денесі кебіннің ішінде жоқ. Тұрған адамдар айран-асыр. Қайда ұшып кеткенін ешкім білмейді. Сонда Мәшекең әулие: «Әбжалаптың денесі көрде жатпас, Мәшһүрдің денесі қырық жыл жер астында жатса да бүлінбес», – деп қарқ-қарқ күлген екен дейді. Осыны көзі көрген адамдар жазып, бізге жеткізіп отыр.
Диуана дегенде, Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілегіндегі» Ескендір Диуананың бейнесі есімізге түседі. Романда Ақбілек пен Ескендір Диуананың кездесетін оқиғасы екі бетке толар-толмас қана әңгімеленсе де, Диуана өзінің сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен жадыңда біржола жатталып қалады. Ескендірдің бейнесінің нанымды суреттелгені
сонша, Жүсекең ол туралы жазарда, Баянауыл жерінде жасап өткен Әбжалап секілді диуаналардың сипатын мысалға алған ба деп ойлайсың…
Енді әңгімемізге өзек болып отырған Әліпбайдың Диуанасына оралайық. Оның азан шақырып қойған аты Ыбырай болғанымен, ел іші бұл кісіні Әліпбайдың Диуанасы деп атап кеткен екен. Бар ғұмыры диауналықпен өткен Ыбекең жарықтық жаңа өкімет орнап жатқанда, «Алланың ғана тілін алам» – деп, колхозға мүше болып кірмеген көрінеді. Дегенмен, Ұлы Отан соғысы басталғасын, қоғам тірлігінен оқшау жүретін Ыбырай Диуана ауыл советтің төрағасына келіп: «Басқа шаруаңа жарамаспын, елге қылған көмегім сол болсын, маған пошта тасуды бер, көлігіңнің қажеті жоқ, өзім-ақ жеткізіп тұрам», – депті. Күш-көлік пен адам қолы жетіспей жатқан уақытта бұл үлкен қолғабыс, төраға қуана келіседі. Сөйтіп Ыбекең пошта тасуға шығады.
Баянауылдың Күркелісіндегі шежіреші-өлкетанушы Нығмет Жәмінұлы ақсақал былай деп әңгімелейді:
– Әліпбайдың Ыбырайы негізі Сары Қозған, Тоқтас батырдың ұрпағы, атақты Күреңбай сыншылармен аталас болып келеді. Өздері бір әкеден 10 ұл, бір қыз болатын. Ыбырай Диуананың өзі отбасылы болған адам, үш қызы бар еді, қазір екі қызынан ұрпақ бар. Соғыстың жүріп жатқан уағында біздің әкей жасы келіп қалған кісі болатын, бірақ, ер-азаматтың жоқтығынан «Белағаш» колхозына басқарма қылып сайлап, сол жерге көшіп келдік. Ол кезде Белағаш пен Бірінші май – екі колхозға бір ауылдық совет. Және соғыс уағының заңы қатал, пошта ауылға күнбе-күн жетіп тұруы керек. Белағаштан шығып, Бірінші майды басып жүргенде, аудан орталығы Баянауылға дейін 100 шақырым жер. Таңғы намазын оқып ауылдан жаяулап шығып кеткен Диуана сәске түс болмай аудан орталығы Баянға жетіп, ол жерден поштасын алып, түс ауа Белағашқа қайтып оралады. Күніне 200 шақырым жер жүру деген белі берік мақтаулы атыңның өзіне сын. Осыған таң болған ауыл адамдары, әсіресе өзінің туыс-туғандарының балалары кей уақта Диуананың соңынан аңдып бірге шығады екен. Аса таяғын ұстап, қоржынын иығына асқан Диуана «Алла хақ!» деп қойып, ақырын бүлкектеп қырдан асып кете барады. Соңынан іле шыққандар жаңағы дөңге көтерілсе, диуана ізім-қайым жоқ. Аспанға ұшып кетті ме, жер жұтты ма, оны ешкім білмейді. Қыстың күндері де соңынан бірге шығып аңдып көріпті, сонда ақ қардың үстінде әр жерден бір түскен табанының ізін ғана көреді екен.
– Ол кезде ойын баласымыз, әлі есімде, жаз болса ақ көйлек-дамбал, қыста шекпен киетін Диуана қыр асып, аудан жақтан келе жатқанда бір топ бала «уралап» алдынан шығамыз. Ол заманда ас тұзы қат болатын. Әйелдер жағы Ыбекеңе тұз, басқадай керек-жарағын қосып жатады. Соның бәрін ерінбей жинап-теріп, алып келетін, – деп еске алады бүгінде Нығмет ақсақал. Бірде «Бірінші май» колхозының басқармасы Хамзе Иманбеков деген адам ауданға кетіп бара жатқан Диуанаға: «Сырқаты бар бір туысыма бұлауға түсуге қажет еді, жарты қап сұлы ала кетіңізші», – депті. «Жарайды, қарағым», – деп сөзге келмеген Диуана қапты иығына салып алып, жортып жүре береді. Дегенмен, ол қыр асып кеткесін Хамзе әрі-бері ойланып, қой, жаяу жүрген адамға сұлы арқалатқаным дұрыс болмас, өзім жеткізіп берейін деп, Топайкөк деген өзінің мақтаулы атына мініп, соңынан қуа шығады. Қырға көтерілсе, Диуана көрінбейді. Жарты жолға барады жоқ. Осы кісі адасып кеткен жоқ па деп, артына бұрылып та қарайды, көрінбейді. Ақыры, Баяндағы туысының үйіне барса, Диуана сол жерден шайын ішіп болып, шығып келеді екен. Жарты қап сұлының шамамен 25-30 келі салмағы бар десек, ол жаяу адамға аз жүк емес. Сонда Ыбырай Диуана оны 100 шақырым жерге бірер сағаттың ішінде қалай жеткізді, аспанмен ұшып барды ма, оны қолдап жүрген қандай белгісіз күш, ол жағы жұмбақ.
Белгілі баянауылдық тарихшы-өлкетанушы Алтынбек Құрманов өз әкесі Жұмат ақсақалдан естіген төмендегі әңгімені айтады.
– Бұл бертін, алпысыншы жылдардың аяғында болған оқиға. Біздің үйде «Құрманның қара аты» дейтін жүйрік қара ат болды. Әкем Қарқаралының «Қоянды» совхозында тұратын бір ағайындардың халін білмекке, осы қара атты мініп жолға шығады. Маяжонның тұсынан өте бергенде, мойнына асқан қоржыны бар, ақ көйлек-дамбал киген бір қария қуып жетіпті. Амандасқасын: «Апырмай, қарағым, атың тым тәуір екен, әрең қуып жеттім», – дейді. Әлгі адамға жақындағысы келмей, қара ат қорс-қорс үркеді. Әрі-бері жөн сұрасқасын атам оның Әліпбайдың Диуанасы екенін біліп: «Ақсақал, атқа сіз мініңіз, мен жетектейін, тым болмаса мінгесіңіз», –депті. «Жоқ, шырағым, рахмет, Алла сәтін салса, аяңдап өзім де жетем ғой, жолың болсын, жүре бер» – дейді. Сөйтіп, төрт-бес қыр асып кеткен әкей сусын ішпек болып Тоқтықыстау деген қыстаққа бұрылады. Барса қойларына қасқыр шапқан екі қойшы тас-талқан болып төбелесіп жатыр да, қашан жеткені белгісіз, Ыбырай Диуана әлгі екеуін арашалап жүр екен. Бұл жерден сусын болмасын білген әкей әрі қарай жүре береді. Біраздан соң Диуана тағы қуып жетіпті. «Апырмай, мыналар бір Құдайдан безгендер екен, арашалаймын ба деп едім, өзімді төмпештеп тастай жаздады», – деп жаңағы екі қойшыға кейіп тұр дейді. Әкей Диуанамен қоштасып әрі кетіп, жолдағы ауылда атамның танысы, ақсақ Әйткен деген кісінің үйіне соқса, Диуана сол жерде шайын ішіп, жайбарақат отыр екен. Қашан, қалай жеткені белгісіз.
Әліпбайдың Ыбырайы жайлы осы естелікті жазуға себеп болған адамның бірі кезінде күрестен КСРО чемпионы болған, өңірге танымал азамат Зейнолла Сыздықов ағамыз еді.
– Ол кезде Екібастұздың дүркіреп қайта ашылып жатқан кезі. Өндірісте қазақ жұмысшылары аз. Көбісі келімсектер, сотталып жазасын өтеп жүргендер. Әлі есімде, Баянауылдан қоныс аударып келген 48 үй болатынбыз. Қай жақтан қалай жететіні белгісіз, кей уақта ағайынның амандығын білмекке Әліпбайдың Диуанасы соғып кететін еді. Қолында сылдырмақ асатаяғы, бас киімінде үкісі болады, аяғында кебіс-мәсі. Ондайды көрмеген ел-жұрт таң қалып қарайтын. Бір топ бала шуылдасып соңында жүреміз. Мені алдына салып алып, үй-үйді аралап шығады. Бірақ, бір жерде байыздап отырып, тамақ ішпейді. Дастарханнан бірдеңе татқан болады да, «Алла хақ!», – деп шығып жүре береді. Бір ғажабы, бұл кісі темір жол мен паровоздан қатты қорқушы еді. Паровозды көргенде: «Астапыралла, сайтан келе жатыр!» – деп, жанын қоярға жер таппайтын. Сосын Баянға қарай қайтарда жетектеп, темір жолдан өткізіп жіберем, одан кейін көзден ғайып боп жүре береді. Тағы бір ғажабы, бұл кісі жүргенде, аяғы көзге көрінбейтін секілді болатын. Диуана атамыз жайлы ел ішінде түрлі әңгіме көп, оны қайсы бірін айта бересің, – дейді Зейнолла аға.
Осы Ыбырай Диуана жөнінде Баянауылдан шыққан белгілі ғалым-геолог Қалкен Жәмінов деген ағамыз сонау бір жылдары «Жұлдыз» журналына «Желаяқ хат тасушы» деген мақала берген екен. Ол уақытта Диуананың көзін көрген адамдар әлі бар кезі, Қалекеңе біраз әңгіме айтыпты. Солардан бірер мысал келтіре кеткенді жөн көрдік.
Соғыс уағында жүз шақырым жерге күнбе-күн жаяу қатынайды деген Диуананың әңгімесі Баян еліне тез тарайды. Бұндайды қалт жібермейтін аудандық милиция осы шал елді алдап жүрген шығар, тексерейік деп, бірде пошта алып ауылға қарай шыққан Диуананың соңына түседі. Бірақ, қалың ағаштың ішінен өте бере, көз жазып қалыпты. Әрі-бері қарап таба алмағасын, бұл бізден тығылып қалған екен, не де болса ауылына барып тосып алайық деп, тартып кетеді. Түс ауа аттарын қан-сорпа қылып Белағашқа келсе, Диуана қолында құманы, дәрет алып жүр дейді. Өзін қуып келген милицияларды көріп: «Қарақтарым, аттан түсіңдер, сендерге шай дайындатып қойдым, шөлдеріңді басыңдар», –деп жік-жапар болады. Диуананың жай адам емес екеніне милицияның сосын барып көзі жеткен екен.
Қалекең ағамыз өз мақаласында кезінде Төртқұдық кенішінде тұрған Төлеуов Қияш ақсақалдың әңгімесін келтіреді.
– Соғыс аяқталған жыл еді, – депті Қиекең. – Аудандық партия комитетінде нұсқаушымын. Астымда мақтаулы жүйрік атым бар. Қазіргі «Бірлік» ауылынан шайланып алып, Майқайыңды бетке алып шығып, бір қырдың басында атымды шалдырып тұр едім, «Бірлік» жақтан шыққан шаңды көрдім. Шапқан аттың шаңынан гөрі қоюлау, бірақ, шаңдатып келе жатқан ат емес, одан гөрі қарасы шағындау. Ол кезде мотоцикл, машина деген атымен жоқ. Апырмай, бұл не шаң болды екен деп қарап тұрмын. Сөйтсем, шаңдатып келе жатқан жаяу адам. Әбден жақындағанда таныдым, Әліпбайдың Диуанасы екен. Оң қолында асатаяқ, сол қолында жай таяқ, аяқ киімін мойнына асып алыпты. Амандасып, жөн сұрасқан соң диуана:
– Ал, балам, менімен жарысасың ба? – деп сұрады.
– Мінгенім жаман шобыр, сізге жете алам ба? – деп қалжыңдап едім.
– Е, бүгінгі жастар атының бір терін де аяйды, – деп риза болмаған кейіппен жүре берді. Екі қолында екі таяқ, құдды шаңғы тепкен адам секілді. Мен де намысым қозып, атыма міне салып қамшы бастым. Бірақ, Диуана артына будақ-будақ шаң қалдырып, көзден ғайып болды, – деген әңгімені айтқан екен Қияш ақсақал.
Сөйткен Ыбырай – Әліпбайдың Диуанасы соғыс біткен күні ауылдық советтің төрағасына келіп: «Ал, қарағым, соғысың аяқталды, менің де жұмысым бітті, енді поштаңа өзің ие бол», – деп қоржынын тапсырып, шығып кетіпті.
Қалкең өз мақаласында Ыбырай Диуананың ағасының баласы Иманжұпардың естелігін де келтіреді.
– Күнбе-күн Керекуге барып келетін Ыбырай әкеміз жасы келген соң кеудесі қысып, жатып қала беретін болды. Ауылдан ұзап ешқайда шықпайды. Сөйтіп жүргенде, бір күні жоқ боп кетті. Екі-үш күн оралмағасын, астыма әлді ат мініп, азық алып, іздеп шықтым. Бірнеше күн өтті, бірақ көрдім-білдім деген бір адам жоқ. Ақыры шаршап, бір зираттың етегінде дем алып жатыр едім, молалардың ішінде жүрген әкейді көріп қалдым. Қасына барам дегенше, көзден ғайып болды. Содан сол маңайға түнеп, ертесінде ол кісіні қорымның ішінде ұйықтап жатқан жерінен таптым. Өзі әбден жүдеген.
– Әке-ау, қайда жүрсіз, сізді іздеп бармаған жерім жоқ,–деп едім.
– Мен Алланың тапсырмасын орындап жүрмін, оны саған білудің қажеті жоқ, – деді де қойды. Оның бір апта бойы қайда жүргені, не істегені солай жұмбақ күйінде қалды, – деген әңгіме айтыпты Иманжұпар марқұм.
Кеңес заманында адамның ақылы жете бермейтін небір ғаламаттар жасап, ел-жұртты таң қылып жатса да, Әліпбайдың Диуанасы секілді адамдарды дәріптеп жазуға мүмкіндік болмады. Одан кейінгі ондаған жылдар ішінде ескі көздер таусылып, іздеушісі болмағасын, біржола ұмытылуға айналды. Бұны жазудағы мақсатымыз, Баян-Белағаш жерінде Әліпбайдың Ыбырайы секілді жұмбақ адамның өткенін бүгінгі ұрпақ біле жүрсін деген ой еді.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.