Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсының аты өлмейді - АРҚА АЖАРЫ

Жақсының аты өлмейді

Нағашым Мәди Хасеновтың өмірден өткеніне 24 жылдан асып барады екен. Ол кісі менің анам Күлжиянның туған інісі болғандықтан, тәрбиесін көріп өстім.

Бала кезімде Мәди нағашымның жазғы демалыс кезінде Ортағаш ауылына келуін жалғыз мен емес, ауылдың үлкен ақсақалдары да күтіп жүретін. Олар анам Күлжияннан анда-санда сұрап та қоятын. Қошқарбайға келгенде, біздің ауылға соғатын болсын деп ескертіп те жататын. Өйткені, ол кісі  әуелі ел ақсақалдарына сәлем беретін. Жаздың ұзақ  кештерінде үйдің жанындағы көк шөпте үлкендер жиналып, Мәди нағашыммен ұзақ та қызықты әңгіме-дүкен құратын. Біздер, сол төңіректегі балалар ойынды сырып қойып, үлкендердің әңгімелерін ұйып тыңдаушы едік. Кейін онжылдықты бітіріп, қандай оқуға бару керек, кім болам деп ойланғанда бірден Мәди нағашымдай жазушы болсам деп  едім. Бірақ әкем, Мәди келсін, асықпай ақылдасайық деді. Нағашымның айтуымен Целиноградтың ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түстім. Сол жылдары ол кісінің «Алғашқы ән», «Тұлпардың дүбірі», «Нартәуекел» кітаптары бірінен соң бірі шығып жатқан еді.  Ол кісі жұмыстан келіп, кешкі асын ішкен соң, азырақ дем алып, сосын жеке бөлмесіне кіріп жазуға кірісетін де, біз тыныштық сақтайтынбыз.
Нағашы жеңгем екеуі мені жатақханаға жібермей, екі жылдай өздерімен бірге тұрғызды. Ол үйде тұрғанда Ақмолаға келген атақты ақын-жазушылар нағашым үйінде қонақта болып, әңгіме құрып, домбыра тартып, ән шырқайтын. Нағашым өзі де қоңыр дауыспен, баппен әдемі ән салушы еді.  Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиев, Есләм Зікібаев, Жайсаңбек Молдағалиев, Әскен Нәбиев тәрізді ақын-жазушылардың әңгімелерін тыңдап, қолтаңбасы мен кітаптарын алдым. Жолдастарының арасында, қызметкерлер ортасында өте сыйлы, айтқаны салмақты болатын, болашақты болжап отыратын. Қазіргі кезде ойлансам, сол кісінің айтуымен алған экономика саласындағы білімім бүгінгі күн талабына сай екен. Жақсы тәрбие алып, жоғары оқу орындарын аяқтап, әр салада жемісті қызмет атқарып жатқан  Алмас, Айнаш, Қайсар атты балаларының жетістіктеріне қуанып жүремін. Ақлима жеңгеміз де  нағашым көрмеген қызықтарын көріп, немерелерін сүйіп, артында қалған еңбектерін шығарып, ошағының отын өшірмей келеді.  Нағашымның екінші өшпес ғұмыры – жазған дүниелері халқымен бірге жасайды деп сенемін.
Көшек СӘМЕНОВ, жиені.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар