Теңге күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, қаржы саласы қызметкерлерімен кездесті.
Министрмен бірге облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков, облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Ерлан Хасенов болды. Қаржы министрі облыстық қазынашылық басқармасы мен мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерімен кездесіп, аймақтағы қаржы саласының жайымен танысты. Департаменттің басқарма басшылары Рүстем Қажыбаев пен Анаш Жантеміров өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Биылғы жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша бюджет жоспары 109,2 пайызды құрап, түсім 4 миллиард 113 миллион теңгеге жеткен. Сөйтіп, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда түсім мөлшері біршама өскен.
Қаржы министрі қазіргі нарық жағдайында Елбасының тапсырмалары мен түрлі бағдарламалардың орындалуы тікелей бюджет жоспарының орындалуына байланысты болатынын айтып, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыруға жете көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.