Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баяғыда малсақ ақсақалдар иісі бұрқыраған көк шөпті кісі жейтіндей екен деп тамсанушы еді. - АРҚА АЖАРЫ

Баяғыда малсақ ақсақалдар иісі бұрқыраған көк шөпті кісі жейтіндей екен деп тамсанушы еді.

Сертіне берік серіктестік

 Кісінің шөп жемейтіні анық. Бірақ, сөз қадірін білетін малсақ қауымның образға орап айтқаны ғой. Дәл сондай қанық, бояуы өшпеген көк шөпті жауырыны мен жотасы тұтас, мойнына құшақ жетпестей, қыр арқасы екі кісі жатқандай теп-тегіс, түгін тартсаң май шығатын үш жүз қаралы ақбас сиыр қидай сыпырып жатыр. Қара малдың осы ақбас тұқымын көрген сайын көңілің тоғаяды. Жарықтықтар күннің суығын, желдің ызғарын елей бермейді деуші еді, шын ғой деймін шамасы. Солтүстік батыстан соққан ызғырық желге қарсы қарап оттап тұр. Қазақы түсінікте желге маңдайын төсеп жайылатын жылқы ғана болушы еді. Әлде қоңдылықтан ба, жоқ әлде сүйегіне біткен қасиеті сол ма, ақбас сиырлар да желге қарсы оттай береді екен.  

Бұл «Подгорный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1900-ға таяу қара мал бағылады. Жақсының ұшы-қиыры жоқ шалқар даласында мыңғырған малға толтырып отырған осындай қадау-қадау серіктестіктер. Төбешіктің етегін баса қоныстанған бұл жердің ескілікті атауы Арбасоққан екен. Тарихының тамырынан майдан қыл суырғандай етіп суыртпақтап сыр тартқанымызбен, жергілікті жігіттер иықтарын қисаңдатудан аса алмады. Оның үстіне бұл өңірде жергілікті ұлттың өкілдері де саусақпен санарлық қана. Әне бір жылдары тыңның эпицентрі болған жер ғой. Сол кезде іргетасын қалаған шаруашылықтар. Кейінгі қалған жұқанасына шаруа қожалықтары, серіктестіктер ие. Осы серіктестік «ТНК» фирмасының құрамдас бір бөлігі. Негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Әуелі егін шаруашылығы туралы айта кетелік. Үстіміздегі жылы серіктестік 22 мың гектар жерге бидай тұқымын сіңірген. Техникасы мол, қуаты ересен серіктестік көктемгі және жазғы агротехникалық шараларды дер шағында өткізген. Топырақты өңдеуде қапысы жоқ. Оның үстіне әр жыл сайын жаңартылып тұратын тұқымдары да жақсы. Біз тілдескен диқандардың басым көпшілігі топырақтың құнары мен тұқымға байланысты өнім аласың деген күнделікті тәжірибеден туындаған уәждерін жиі айтады. Бұл өлкеде жер құнары жақсы. Рас, егін шығымдылығы қара топырақты аймақтардан сәл аздау болғанымен, есесіне нанның қамырлылығы жағынан олқысының орнын толтырады. Биылғы жылы кейбір танаптардан орылған бидайдың қамырлылығы 23-24-ке жетіпті. Бидай бағасы да тікелей осы қамырлылыққа тәуелді. Айналып келгенде өзіндік құнды екі-үш есе орап алатын табыс кірмек.
–Ауылда жұмыс болған соң табан тіреп отырмыз,–дейді механизатор Жылқыбай Досымханов,–серіктестіктің атқарған еңбегімізге орай төленетін еңбекақысы да көңілден шығып тұр. Біздің аудандағы қуатты шаруашылықтардың бірі ғой. Табыс табу үшін ел көңілін тапқан да дұрыс шығар. Сондықтан, сөз арасында серіктестік басшыларының еңбекақымызбен бірге пай үлесінің уақытылы беретіндігін де айта кетуіміз керек. Ол бидаймен де, қолма-қол ақшамен де беріледі. Егер пай иесі серіктестікте істейтін болса, онда көбірек тиеді.
Ауыл адамдары разылық білдіргендей серіктестік жергілікті жұрттың көңілін тауып тұр екен. Серіктестік басшысы Ринат Шалкенбаев алдына көмек сұрап келген кісінің меселін қайтарған жерім жоқ дейді. Таяуда ғана егде адамдар күнін есте қаларлықтай етіп өткізіпті. Ауыл адамдарының жемшөбін, сабанын тасып берген. Айтқандайын егін орағын уақытында тап-тұйнақтай  етіп аяқтағандығын, мол астықты қамбаға құйып, қолда бар техниканы жылы машина-трактор шеберханасына кіргізіп, көктемгі егістің қамына кірісіп кеткендігін айта кету керек. Егін шығымдылығы гектарына 15,5 центнерден айналыпты. Егін орағын уақытында аяқтауға жұмысты дұрыс ұйымдастыру және қолда бар техниканың әрі механизаторлардың өз ісінің маманы болуы себепші. Серіктестікте жетпістен артық техника бар, оның ішінде сегіз «Джон Дир» комбайны, 12 «Енисей» комбайны бар. Егін егетін бірнеше кешен қазірдің өзінде тұқым себуге даяр. Осыншама қыруар техникаға ие болып отырған мықты механизаторлардың ілкіден жалғасып келе жатқан жасампаз еңбек дәстүрі үзілмеген екен. Биыл көп жерлерде комбайншылардың тапшылығы айқын білінген. Бұл жағынан серіктестікте іркіліс жоқ.
–Егін орағы кезінде Мырзағали Рахметов, Едіге Жанашов, Владимир Коваленко, Николай Литвин тәрізді механизаторлар өзгеге үлгі болды,–дейді серіктестік директоры Ринат Шалкенбаев,– осындай негізгі топты құрайтын, жастарға ақыл-кеңесін айтып үйрететін, іске ұйытқы болатын аптал азаматтар керек. Негізі біздің серіктестікте 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Ай сайын еңбекақылары тұрақты беріліп тұрады. Ал, науқандық жұмыс кезінде әркімнің еңбегі мұқият есептеліп төленгенде, жарты миллионға жуықтайды. Мұндай табыс үшін неге жұмыс істемеске.  Мал шаруашылығын алдағы уақытта бұдан да дамыту жолдары ойластырылуда. Сол үшін жыл сайын екі мал базын салып жатыр. Мал соятын арнайы цех та салып алған. Екі мың тонна сабан, алты мың тонна пішендеме дайындапты. Ал, жем мәселесі өзгеше өрнек тапқан. Серіктестік барлық дәнді дақылдарын «ТНК» фирмасының астық қабылдау орындарына өткізеді. Мал азығын дайындайтын цехтан құрама жем алынады. Бір сөзбен айтқанда серіктестіктің өз ішінде тиімді байланыс орнатылған.
–Бізге екі қолға бір күрек табылса болды ғой. Қазір кейбір ауылдарда жұмыс таба алмай отырғандар да бар. Солармен салыстырғанда жағдайымыз ханға сәлем бермейтіндей,–дейді малшылардың бірі Қайрат Сәрсенбаев,–уақытында еңбекақысын төлеп тұрса, қарапайым халыққа одан артық не керек. Осы серіктестік ел жайын ойлайтын құрылым деп айтуға әбден болады. Ауылдың қақ ортасынан балалар бақшасын да салып қойды. Суы, жылуы тегін. Балаларға азық-түлікпен де көмектеседі. Он екі тұрғын үй салынды. Тура қаладағыдай бір орталықтан жылытылады. Барлық қажеті ішінде. Алдағы уақытта тағы саламыз деп отыр. Осылайша іргесін бекіте берсе, елдің мерейі өсетініне бек сенімдіміз.  Иә, шынында да қара ормандай қалың елдің жайын ойлап, әлеуметтік жағдайын тудырып отырған серіктестік басшыларының пейілі құптарлық. Екі қолға бір күрек табылмаса Жақсының жалпақ даласын мекендеген қанша ауыл соңғы қазығын суырып, жайлы жер іздеп ірге көтеруі де мүмкін ғой. Тірек болып отырған дәл осындай серіктестіктер. Бұл туралы ауыл азаматтарымен тілдесе келе түйсіндік.
Журналистің көзін жеткізейін деді ме, серіктестік басшысы көлігіне мінгізіп шаруашылығын аралатты. Қай жерде де қайнаған еңбектің қарқынын көзіміз шалған соң кеңседе өрбіген келісті әңгіменің шындығына көз жеткіздік. Бір жерде күзгі орақтан кейінгі техниканың ақауын жөндеп жатса, енді бір жерде мал баздарының маңайын қымтап, қысқа дайындалып жатыр. Ал, ауылдың қақ ортасындағы өңі жаңа өзгеше қонысқа айналған бір өңкей қызыл кірпішпен қапталған тұрғын үйлер жұтынып тұр. Маңайы да қыздың жиған жүгіндей тап-таза, жып-жинақы. Қоңыр күзде қоңыртайтып пеш жағып жатыр екен. Тымық ауада түтіндері түп-түзу ұшады. Атам қазақ «түтінің түзу ұшсын» дегенде, бәлкім осындайды айтқан болар.

Байқал Байәділов.

Суретте: серіктестік басшысы Ринат Шалкенбаев.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар