Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Діни экстремизмге жол берілмесін - АРҚА АЖАРЫ

Діни экстремизмге жол берілмесін

«Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында «Мәңгілік ел» идеясы негізінде дәстүрлі рухани құндылықтарды дамыту, қоғамымыздағы тұрақтылықты сақтау, діни экстремизм қатерінің алдын алу бағытындағы насихат жұмыстарын жүргізу жайы талқыланды.

 

Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Мейрамбек Қиықовтың төрағалығымен өткен шараға осы саладағы мемлекеттік органдардың, облыстық мешіттің өкілдері мен облыс орталығындағы бірқатар оқу орындарының студенттері қатысты. Дін істері басқармасының жанындағы насихат орталығының жетекшісі Данияр Тоқсанбаев жастарды қатерлі ағымдардың ықпалынан сақтандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Аталмыш орталық құрылғалы бері оның мамандары 70 мыңдай адамды қамтыған түрлі шаралар өткізіпті. «Біздің негізгі аудиториямыз балалар мен жастар болғандықтан, тек әңгіме өткізіп қана қоймай, интеллектуалдық ойындар түріндегі сабақтарға да жете көңіл бөлеміз», – дейді орталық жетекшісі. Бүгінде жастар арасында теріс ағымдардың ықпалына ерушілік жиі көрініс беретіні жасырын емес. Бұған ең алдымен, жастарымыздың діни мәселелер бойынша білімінің тайыздығы себеп болып отыр деп санайды Данияр Тоқсанбаев. Осы орайда, орталық жастар арасында діни сауаттылықты көтеру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізуде.
Биыл жазда елімізді дүрліктірген Ақтөбедегі лаңкестікке қатысы бар сәлафи ағымын ұстанушылар біздің облысымызда да кездеседі. Орталық мамандары сәлафилердің насихатына қарсы насихат жүргізуді жолға қойған. Бұл ағымды ұстанушылар ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді теріске шығарады. Осыған орай, орталық мамандары жастар арасында ұлы Абай мен Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин еңбектері негізінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға жете көңіл бөледі екен.
– Интернет арқылы ойымызға келген пікірімізді айтуға болады деп санайды жастардың көбі, – дейді орталық жетекшісі. – Шындығында интернетте де үлкен жауапкершілік бар. Биыл жыл басынан бері құқық органдары арқылы әлеуметтік желілерде еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс
насихат жүргізгені үшін бірнеше азамат заң шеңберінде жауапқа тартылды. Жастарға біз осы жайды ескертеміз.
Науан хазірет атындағы облыстық мешіттің  бас имамы Қанат Қыдырмин «Соңғы кезде әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде біздің елімізде белең ала бастаған діни экстремизмді ислам дінімен қабаттастыра атау әдетке айналып барады», – деп бастаған әңгімесінде ислам дінінің экстремизммен еш қатысы жоқтығын, теріс ағымдардан жастарымызды қалай сақтауға болатыны жайында жан-жақты баяндады. Бір кезде облыс аумағында бірнеше мешіт қана болса, қазір олардың саны 110-ға жетіпті. Ертеректе дін мамандары жетіспегендіктен, қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітіргендерді мешітке имам етіп алса, қазір діни оқу орындарын бітірген 140-тай маман мешіттерде еңбек етуде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасымен жергілікті жерлерде төрт бағытта жұмыстар жүргізіледі екен. Олар: уағыз-насихат, оқу-ағарту, қайырымдылық шараларын жасау және теріс ағымдармен жұмыс жүргізу. Қазіргі күні облыс мешіттерінің қызметкерлері түгел осы төрт бағыттағы жұмысқа жұмылдырылған. Науан хазірет мешітінің жанынан жастар бөлімі ашылып, жастармен арнайы жұмыстар жүргізілуде. Діни және ұлттық мерекелеріміз кезінде жастар арасында түрлі спорт ойындарынан жарыстар өткізіліп, мәдени шаралар ұйымдастырылып тұруы осы бағыттағы жұмыстардың бір парасы десе болады. Мешіт имамы таяу болашақта дін мәселесіне қатысты көпшілікті толғандыратын сауалдарға жауап түріндегі nasixat.kz сайтының ашылатынын жеткізді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті Ғалымтай Төлепберген жастарды теріс ағымдардың ықпалынан қорғауға байланысты бірқатар құнды ұсыныстарын айтты. «Сәлафизм ағымы ең алдымен, адамдарды ұлттық құндылықтарынан, дәстүрінен айыруды көздейді, сондықтан,  біз жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруіміз қажет», – дейді ол.  Осы орайда, қазақ мектептерін көбейту, арнайы және жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен тарихын оқытуға жете көңіл бөлу керек деп санайды Ғалымтай Төлепберген. Қатерлі ағымның ықпалына түсудің тағы бір себебі, әлеуметтік мәселелерде жатқанын теріске шығаруға болмайды. Осыған байланысты, жастарды еңбекпен қамту, оларды әлеуметтік жағынан қорғауға мемлекет деңгейінде жете көңіл бөлінгені жөн.
Шара барысында жоғарыда аталған баяндамашыларға қатысушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, толымды жауаптар алынды. Отырыс-ты қорытындылаған кеңес төрағасы  Мейрамбек Қиықов айтылған түрлі ұсыныстар мен пікірлерді тиісті құзырлы органдар назарына ұсынатынын айтып, бұл маңызды мәселеге барша жұртшылықтың назарын аударғанда ғана нәтижеге жетуге болады деп атап көрсетті.

Қалкөз Жүсіп.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар