Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби сазды кеш өтті.
Балаларға талантты ақынның шығармаларын кеңірек таныстыру мақсатындағы шара төрт кезең бойынша өткізілді. «Поэзия – жүрек тілі» деп аталатын бірінші кезеңде оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Құлақтан кіріп бойды алар» атты екінші кезеңде ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды.
Балалар ақын шығармалары бо-йынша сахналық көріністер қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Жазылар естеліктер мен туралы» деген айдармен аталған қорытынды кезеңде Мұқағали Мақатаевтың замандастарының ақын жайлы ой толғаулары оқылды.
Мұқағали Мақатаев бір кезде «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем», – деген екен. Бұл шара ақынның осы аманатының бүгінгі ұрпақ тарапынан еленіп, ескерілгендігінің белгісі болды деп айтсақ, артық болмас.
Латия ХАЙРОЛДА,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.
Шортанды ауданы.