Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Погон тақтың ба – ЛАЙЫҚ БОЛ!» - АРҚА АЖАРЫ

«Погон тақтың ба – ЛАЙЫҚ БОЛ!»

Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВ:

 

Тәуелсіздікке – 25 жыл. Тәңір жарылқаған қазаққа Егемендік бақ құсы болып қонып, қасиетті құндылығына айналып отыр. Рас, жыл өткен сайын осынау ұлы мұраның ұлтымыз үшін қаншалықты маңызды екенін аңғарып келеміз. Жаңашыл, өр мінезді, келешегіне тік қарайтын, қадамын нық басатын ұрпақ өсіп келеді. Бүгінгі қол жеткізген игі істеріміздің негізін, сөз жоқ, Тәуелсіздігіміздің басы-қасында жүрген қайраткерлеріміздің қалағаны белгілі. Тарихымыздың төрінен ойып тұрып орын алған арыстарымыздың арқасында төңірекке еңселі ел ретінде белгілі болғанымыз ақиқат. Сол арыстардың бірі – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі,  Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов.  Осыдан біраз жыл бұрын (2006 жылдың қараша-желтоқсаны) Тәуелсіздік күніне қарай журналист ретінде жолығып, сәтті сұхбат құрған едік.
Шын мәніндегі тарихи тұлғаның туралығынан, шыншылдығынан айнымай, сұрағыма салиқалы, сабырлы мінез танытып, тұшымды жауап қатқаны әлі есімде. Сол тұста армия генералынан жазып алған ақыл-кеңестерден, жалпы, көпшілікке ортақ тарихи деректерден құралған азын-аулақ дүние бар еді, соны ортаға салғаным жөн болар…

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 16 жыл толыпты. Дәл қазіргідей барлығы көз алдымда… Елдің егемендігі туралы Декларацияны қабылдаған тұста да көптен күткен осы құжаттың басы-қасында жүрдім. Иә, Декларацияның жазылуы оңай болған жоқ, бірнеше рет сүзгіден өткен болатын.
Егемендіктің алғашқы кездерінде көп қиыншылық болды. Неге дейсің ғой, жауап берейін. Бар мәселе экономикаға барып тірелген еді. Себебі, Одақ кезінде бір бұйымды жасап шығару үшін оның әрқилы бөлшектерін КСРО-ның әр түкпірінен әкеліп, басын біріктіретін. Сонда ғана толымды дүние шығатын.
Одақ тарағаннан кейін осының барлығы жоқ болып кетті. Бір кездері бірнеше рес-публикалар біріккен үлкен Одақ болып едік, тарағаннан соң өз шаңырағымызды құрып, жеке ел болдық. Міне, сол шақта Қазақстан қиын жағдайда еді. Тек Қазақстан ғана емес, бұрынғы Одақ құрамындағы барлық елдер де қиындыққа ұшырады. Сол сәтте, 1991 жылы Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаев республика басшыларын түгел жинап, елдің экономикасына, жалпы ахуалға қатысты сөз сөйлеп, Ресейдің стратегиялық одақтасымыз екендігін және де өздерін жолбарыс атап жүрген Азияның алпауыт елдерімен тығыз қарым-қатынас құру турасында, солардың экономикада қол жеткен жетістіктерін үйреніп, тәлім алсақ деген көреген пікір білдірді. Президенттің өзі әлгі елдерді түгел аралап, солардан көрген оң істерді біздің еліміздің игілігіне пайдалануды жөн санады.
Нұрсұлтан Әбішұлының бармаған жері жоқ, көп тәжірибе жинақтады. Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі оң жетістіктері Президент реформаларының нәтижесі мен халықтың өз басшысына деген жоғары сенімділігінің арқасында ғой деп есептеймін.  
***
КСРО тарағаннан кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскерімізде полк басқаратын бірде-бір қазақ болған жоқ.
1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы едім, Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде осы кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі, өзге ұлттың өкілдері өз елдеріне кеткісі келді, оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлерге «Ант қабылдамайсыңдар, бұрынғы анттарың жеткілікті» деп жан-жаққа тарай бастаған әскери адамдардың бетін бері бұрдық.  
Иә, жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды қайда даярлаймыз деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің генералдық штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицер әскери академияға, 250-300 офицер әскери училищеге оқуға қабылданатын болды.
Менің жіберген сол офицерлерімнің көбісі қазіргі кезде генерал, бастық болды.
Академияға қазақтың офицерлерін тартып отырып оқуға жіберген едім. Алғашында қиындық болар, алайда, кейін олардың барлығы елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды.
Содан соң, егемендіктің алғашқы жылдарында біздің әскери училищеге сол кездегі подполковник А.Тасболатовты (қазір Парламент Мәжілісінің депутаты – Е.К.) бастық етіп тағайындадым. Оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың. Емтиханда аузын ашып, аяғын басып ынта білдірсе, офицер боламын десе, мұрнынан боғы ақса да оқуға аласың», – дедім.
Қазір онда 95 пайыз қазақ жігіттері оқиды. Әскери училищеде бұрын төрт мамандық болса, қазіргі уақытта соны он бірге жеткіздік. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарылған істер еді.  
***
Мен 54 жыл армияда болдым. 54 жыл дегеннің не екенін білесің бе? Мен жай ғана кабинетте, я болмаса, басқа бір жерде отырғаным жоқ. Соғыста, одан кейін күні-түні әскермен бірге далада жүрдім.  
Армия адамға көп тәрбие береді. Армияда бірінші – тәртіп. Тек армияда ғана емес, қайда болсаң да, қай жерде қызмет атқарсаң да тәртіп болу керек. Барлық ісіңді уақытында тындырып, мамандығыңның хас шебері болуың керек.
Армияда достық сезімі күшті болады. Соғыс кезінде окопта, оқтың астында тұрғанда сенің қасыңда досыңнан басқа ешкім болмайды, соған арқа сүйейсің. Соғыстан басқа кездері қызметің бір болады, ортақ мақсатың болады.
Міне, осылар адал достыққа себепкер болмақ.
***
Армияда әділеттілік болу керек, бөліну дейтін сұмдық болмау керек. Туысқандық, руластық, жерлестікті жолатпау керек! Мұндай нәубеттің тек армиядан емес, бүкіл қоғамнан аластатылғаны дұрыс. Бір ғана ел бар – қазақ. Қазақтың бүтін бір ғана жері бар, ел де, жер де ортақ. Сенің қайдан келгеніңді қайтемін, өзіңнің жеке қасиетіңді бағалаймын.
 Осыған орай, бір жайт есіме түсіп тұр, айтып берейін. Мен баяғыда бір жігітті облысқа қызметке жібердім. Біраздан соң әлгі облысқа тексеріспен барғанда, қызметке жіберген жігітім барған жерін, адамдарын жамандай бастады. Тыңдап отырдым. Содан кейін жігіттің өзінен: «Сен қай жерденсің?» деп сұрағанымда туған жерін айтты. Мен оның туған жерін білмей отырғаным жоқ, әдейі сұрап отырмын ғой. «Ол жер қай жақта, Қытайда ма?!» дедім, әлгі түк сезбегендей: «Жоға, қайдағы Қытай», – дейді. Содан мен шыдай алмай, шынымды айта-йын, боқтадым.
Еш уақытта жеріңді, еліңді бөлшектеме, халқыңды сүй, ұлтжанды бол. Жеріңдегі бар байлық елдің, иә, сенің еншіңде. Бағалай біл! Осыны ұмытпа!
***
Егемендік алған кезде біздің территорияның аумағында қару-жарақтың көп түрі қалған еді. Ол уақытта 19 облыс болатын, соның барлығында әскерлер болды. Шындығын айту керек, сол тұста шетелді де, біздің елді де территориямыздағы стратегиялық ядролық күштердің болғаны қатты алаңдатты.
Бізде 104 зымыраны бар екі стратегиялық дивизия, онда ең жаңа үлгідегі 12-13 мың шақырымға ұшатын континентаралық зымырандар болатын. Содан соң, Павлодар облысында үшінші дивизия – стратегиялық бомбардировщик тұрды. Олар күнде он сағаттан ұшып жүретін. Кез-келген жерге ұшып барып, қорғанысты қамтамасыз ететін.
Қазақстанның алдында ядролы немесе ядролы емес мемлекет болу мәселесі көлденең тұрды, 16-17 сағаттан жұмыс жасадық. Қазақстанның ядролық қаруға қатысты қандай шешім қабылдайтынын аса үлкен зейінмен қадағалап отырған елдерге біз: «Барлық ядролық державалар Қазақстанның егемендігін, шекарасының біртұтастығын мойындаса, Қазақстанға шабуыл жасамау туралы кепілдік берсе еліміз ядролық қарудан бас тартады» деген шарт қойдық. Әрине, осының барлығы Президентіміз Н.Назарбаевтың тынбай атқарған қызметі арқасында іске асып отырды ғой.  
***
Мен көп елде болдым. Содан байқағаным  әр ел өзінің тілін қолданады. Көшелеріндегі жарнамалары да ағылшын тілінде емес немесе басқа бір елдің тілінде емес, өзінің ана тілінде, мемлекеттің тілінде жазылады. Ал, біздің сиқымызды қара, не қазақша емес, не орысша емес, не ағылшынша емес, әйтеуір, еленбей жүрген бірдеңе! Сол жарнамаларды жасайтын адамдарға ұлтжандылық сезімін дарыту керек.
Жұмыс ретімен 1966 жылы Қазанда болдым. Құдай-ау, таң қалдым, көше-көшеде татар тілі сайрап тұр, дүкендеріндегі барлық жазулар татарша «темекі тартпасқа» деп қойыпты. Бізде ондай сөз мүлде жоқ! Шамалары тек «Не куритьке» жетеді. Былтыр Чехияға барып келдім. Онда да чех тілінің абыройы асқақ. Францияда болдым, француз тілінің жоғары мәртебесіне куә болдым.
Мінеки, өзін сыйлайтын халық  алдымен өз тілін құрмет тұтады. Біздің елге шетелден біреу келсе немесе біздің бір азамат шетелде болып келсе, ашқан дүкендеріне, жасаған заттарына шетелдің атын береді. Оны өздері де түсінбейді. Бұл – есерлік!  
***
Қазақ қазаққа «өз тіліңді біл» деген позор! Екі қазақ кездессе, жай қазақ та емес, шенеуніктер орысша сөйлейді. Нағыз мәдениетсіздік деп осыны айтады! Армия қазір қазақ тіліне көшуде. Командирлер мемлекеттің тілін жетік біліп, әскерді қазақша сөйлетуі керек!
***
Командирлер қандай болуы керек? Иә, командирлердің міндеті көп. Мен әлгінде айттым ғой, мамандығыңды білу керек деп. Мамандығын, өзінің жұмысын дұрыс білмейтін командирлер айқайдан бастайды, өйткені, ол қол астындағыларға не айтарын білмейді.
Өзгелер армия дегеніміз – «Ложись!» немесе «Встать!» деп ойлайды. Глупости это! Өзінің қызметін жетік меңгере алмаған, өспеген, өнбеген командирдің ісі сондай болады.
Армияда «үлкен командир кіші командирді үйретеді» дейтін принцип болу керек. Айқаймен емес, әрине. Қол астындағы сарбаз, я болмаса, шені төмен офицер – ол құл емес! Үлкен қызмет атқарсаң, демек, сен көп білесің деген сөз. Көп білсең өзгелерге жеткіз білгеніңді.
***
Бағынатын адамдарға бірдей қарау керек. Өзінің жұмысын дұрыс атқармағандарға үйрет, көрсет, кемшіліктерін жою үшін уақыт бер. Ал, енді, осыдан кейін қызметін орындай алмаса, не қыласың, «не басқа қызметке ауыс, не орныңды босат» дейсің. Жұмысын алып жүре алмаған соң одан үкіметке зиян, елге қандай пайдасы бар?! Осыны әркез естен шығармау керек!
***
Мен кейде көшеде әскери адамды көріп, жүріс-тұрысына қарасам, ішім ашиды. Фуражкасы қолында, алба-жұлба, бір жағы түзу болса, екінші жағы қисық, бір-біріне әскери қалыппен сәлем бермейді. Сәлемдессе, ауылда жүргендей бірімен-бірі құшақтасып, әскери адамға лайықсыз мінез көрсетеді.
Дұрыс емес!
Армияның аты – армия!
Тәртіптің аты – тәртіп!
Погон тақтың ба – лайық бол!

Ернар КҮЛМАҒАМБЕТ,
Бас әскери прокурор аппаратының
аға әскери прокуроры, әділет майоры.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар