Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын тұғырым» атты көрме – байқауында Бурабай ауданына қарасты Зеленобор орта мектебі көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Аталмыш шараның мақсаты – қала оқушыларын ауыл өмірімен таныстыру болып табылады. Көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, көрме төртінші рет өткізіліп жатқандығын, осындай шаралар арқылы музейге келген адамдар өңірімізде тарихы тереңде жатқан өлкелер бар екенін ұғынатынын жеткізді.
Содан соң, Зеленобор мектеп-гимназиясының директоры Кенжетай Бейсембаева сөз алып, өзі басқаратын білім ордасында ауыл адамдары мен мектеп өмірінен сыр шертетін мұражай жұмыс істейтінін әңгімелеп берді. Ал, ауыл мектебінің көрмесін облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Қаратай Төлекеев, әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Сара Қожахметова, Көкшетау қалалық тарихи музейінің қызметкері Эльмира Жұмағұлова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Гүлім Рахымжанова және облыстық білім басқармасының жанындағы тәрбие ісі жөніндегі бөлімнің қызметкері Кира Цуневская бағалайтын болады. Сондай-ақ, шара барысында Зеленобор ауылының өнерпаздары әуезді әндер шырқап, жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Назгүл РАБИЛОВА.