Ресми түрде «ата-ана қамқорлығынан тыс қалған» деп айтылып жүрген жетім балалардың тағдыры бүгінгі таңда да алаңдатып отыр. Олай болатын себебі, өзегін жарып шыққан бауыр еті балаларынан безген ата-аналар қатары көбейіп барады.
Біреулері араққа салынса, енді біреулері тұрмыстың тауқыметін желеу етіп, балаларын тағдыр тәлкегіне тастап қара бастарының қамымен кетіп жатады. Ата-аналарынан осылайша тірідей айырылған бүлдіршіндерді мемлекет қамқорлығына алып, әрі әке, әрі шеше болып, асырап, тәрбиелеуге мәжбүр.
Сандықтау балалар үйінде бүгінде 55 бала мемлекет қамқорлығын бойларына сіңіріп, тұрмыс тауқыметінен аулақ, қазіргі заманғы білім мен тәрбиені алып, қатарларынан қалмай өсіп келеді. Мекеме директорының орынбасары Қайрат Бекеновтың айтуынша, он бала таза жетім болса, қалғандарының ата-аналары бар. Бірақ, бар деген аты болмаса, олар әлдеқашан өз балаларынан безіп, сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған. Өздері дүниеге әкелген балаларының бүгінгі тағдыры оларды еш алаңдатпайды екен. Балалар үйіне баласының соңынан іздеп келетін ата-ана жоқ көрінеді.
Сандықтау балалар үйінің тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Атап айтқанда, 1928 жылы ашылған балалар үйі кейінірек біраз жыл мектеп-интернат болыпты. Содан 1984 жылы қайтадан балалар үйіне айналған. 2000-шы жылдардың басында мұнда екі жүзден астам бала болып, мекеме жанындағы мектепте оқыпты. Кейінірек мектеп жабылып, балалар саны азайған. Балалардың азаюына сәбилерді ниет білдірген отбасыларына асырап алуға беру бағытында жүргізілген мақсатты жұмыстардың әсері тиген. Бұл – мемлекет өзінен жетім балаларға қамқорлық сияқты жауапты міндетті алып тастап, жеке адамдардың мойнына арту деген сөз емес. Бұндай саясаттың астарында балаларды ата-ана сүйіспеншілігін, отбасы жылуын сезініп өссін деген игі ниет жатыр. Балалар үйінде барлық жағдай жасалса да, жалғыз жетіспейтіні – ата-ананың аялы алақаны мен сүйіспеншілігі және бұл балалар үшін ең басты, негізгі мәселе болып табылады. Сондықтан да, жетім көңіл балаларды қайырымды жандардың қамқорлығына беру арқылы мемлекет онсыз да бюджетке түсетін қаржылық ауыртпалықты азайтып қана қоймай, балалардың аталмыш мекемеде сезініңкірей алмайтын ата-ана қамқорлығын түйсінулеріне жол ашпақ.
– Бізде балалар отбасы болып тұрады және олардың толыққанды азамат болып өсіп, қалыптасуы үшін қажетті барлық жағдайлар қарастырылған, – дейді мекеме директорының орынбасары, – балалар сабақты іргедегі аудан орталығы Балкашин селосындағы орта мектепте оқиды. Оларды тасымалдайтын арнайы автобустар бар.
Балалар үйінде тәрбиеленушілерге жасалып жатқан жағдайларды көріп, естігенде қайран қаласың. Ата-анасы бар, мектепте тәрбиеленетін оқушылардың түсіне кірмейтін жағдайлар жасалыпты. Мәселен, балалар үйінде 18 үйірме жұмыс істейді. Олардың арасында химия, физика сияқты пән үйірмелерінен бөлек, сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, тігу мен тоқу, музыка аспаптарында ойнау, ән салып, би билеу сияқты балалардың жан-жақты дамуына игі ықпалын тигізетін үйірмелер бар. Күрес, баскетбол, волейбол, футбол сияқты спорт үйірмелері де толыққанды жұмыс істейді. Жақсы жабдықталған спорт зал, түрлі мәдени шараларды өткізетін акт залы, интерактивті тақтасымен компьютер сыныбы, үш мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана, асхана – бәрі балаларға қызмет көрсетеді.
Мұнда тәрбиеленіп жатқан 55 балаға қызмет көрсететін тәрбиешілерді қосқанда отыздан астам адам бар. Осыған қарап балаларға мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын бағамдау қиын емес. Жоғарыда аталған үйірмелердің бәрі толыққанды жұмыс істейді және оларға тәжірибелі, білікті мамандар жетекшілік етеді. Жас қолөнершілер үйірмесіне осы саланың маманы Алла Гейзер жетекшілік етеді екен. Бүгінде үйірмеде 24 бала қолөнермен айналысуда. Балалардың өз қолдарымен жасалған түрлі бұйымдары сөрелер мен шкафтарды түгел алған. Жұмсақ қуыршақтар мен түрлі аңдардың, жануарлардың бейнелерінен бастап, ыдыстар, төсеніштер сияқты үйге қажет бұйымдар да жетерлік. Ал, суретшілер үйірмесінің тәрбиеленушілері салған картиналар балалар үйінің дәліздері мен фойе сәнін ғана келтіріп қоймай, Астанада аукционға қойылып сатылады екен. Түскен қаржыға суретші балалардың өздеріне қажетті заттар алуына болады.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері мектеп бітірген соң да мемлекет қамқорлығынан сырт қалмайды. Тоғызыншы сыныпты бітіргендер қалаулары бойынша колледж-дерге түсіп, кәсіби білім алады. Ал, оқуын жалғастырып, мектеп бітіргендер бірден ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала ретінде жеңілдетілген баспана алу кезегіне қойылады.
«Ең қайтарымы мол инвестиция – адамға салынған инвестиция» деп белгілі инвестор Уоррен Баффеттің айтқанындай, мемлекет жетім балаларға бар жақсылықты жасап, қамқорлығына алып жатыр және оның болашақта лайықты қайтарымы болады деген сенім бар.