Тәуелсіздік алаңында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты флэш-моб өткізді.
Шараға қаланың белсенді жастары қатысып, еліміздің ұлық мерекесі саналатын тәуелсіздік жайындағы ой-толғамдарын ортаға салды. Тәуелсіздіктің терең мәнін әрбір жас жан жүрегімен сезініп, азат елдің азаматы екендігін есте сақтап жүруі тиіс. Мерекелік шараның басты мақсаты да осындай сезімді жастардың бойында орнықтыру екені анық. «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Жанаргүл Жүнісова Тәуелсіздік алаңына жиналған жастарды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Өзінің тәуелсіздіктің төл құрдасы екендігін мақтанышпен айта келе, жиырма бес жылда үлкен өзгерістерге қол жеткізген Қазақстанның жетістіктерін, мұның бәрі еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында болып отырғанын тілге тиек етті.
Шара соңында жастар көкке түрлі-түсті әуе шарларын ұшырды. Облыс орталығында бастау алған бұл шара өңірлерде жалғасын табатын болады.
Назгүл РАБИЛОВА.