Біресе ішін тарта уілдей, енді бірде дүниенің қақпағы айқара ашылып кеткендей үдете соққан қарашаның қара суығына маңдайын төсеп жусаған топ жылқы шыңылтыр аязға қыңатын емес. Желге қарсы жусап тұр.
Оттыққа көпірте салынған көкпеңбек жоңышқаның мұрты бұзылмағанына қарағанда, жылқы тоқ. Жұмыртқадай жұтынған құла тай үйірді айнала, құйрығын шанша көтеріп ойнақтап қояды.
– Жылқыны өзіндей қайратты адам ғана баға алады, – дейді «Агротрейд Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қайрат Жандаев, – үш жүз бас жылқы қыстатылуда. Малдануға да, соғымға сатуға да жарап тұр. Мал шаруашылығына Сартай Жабағин басшылық жасайды. Төрт жүзге жуық қойымыз бар. Шаруашылық екі саланы қатар дамытқанды қолайлы көріп отыр. Өйткені, бірінің қажетін бірі жауып отырады. Жаз бойы қымыз дайындаймыз. Отызға жуық бие байланады. Краснояр селосы мен Көкшетау қаласының тұрғындарына күніне 200 литрден астам қымыз жөнелтіледі. Сұраныс жақсы.
Мал азығы байытылып беріледі екен. Жемшөптен тапшылық жоқ. Жұмыс қолы да жеткілікті. Айтпақшы, жұмыс қолы демекші, осы серіктестікте екі жүзден астам жұмыс істейтіндігін қадап айтқан жөн. Шынтуайтында бұл дегеніңіз екі қолға бір күрек таба алмай отырғандар үшін оң жамбасынан келген оңтайлы олжа. Краснояр селосының шетінде ірге тепкен шаруашылыққа келіп, төңіректегі ауылдардан да жұмыс істейді екен. Жұмысшылардың түскі тамағына төленетін төлемақысы екі жүз теңге ғана. Айлық жалақылары еткен еңбектеріне орай жүз мың теңге көлемінде оралады.
Серіктестік биылғы жылы төрт мың гектар жерге бидай, 600 гектар жерге арпа, 250 гектар жерге картоп дақылдарын отырғызған. Оның үстіне сәбіз және майлы дақылдары бар. Еткен еңбектеріне орай өнімдері де олқы емес. Айталық, гектар берекесі 25 центнерден айналған. Ал, картоптың әр гектарынан 250 центнерден өнім алса, сәбіздің шығымдылығы тіпті ересен. 350 центнерден өнім жинапты. Арпаның да шығымы жақсы. Орташа есеппен 25 центнерден жиналған.
– Осының барлығы серіктестіктің жұмыс-шыларының маңдай терімен өскен өнім десек, жөн болар еді, – дейді Қайрат Жандаев,
– өйткені, бізде көктемгі және күзгі агротехникалық шаралар бұлжытпай орындалады. Алқаптарды уақытылы тыңайту, пар жерлердің көлемін көбейту басты мақсат. Жер-анаға уақытылы бере алмасаң, өнімің де аз болады. Міне, сондықтан топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыс істеудеміз. Біз бір күнмен ғана өмір сүріп отырған жоқпыз ғой. Биылғы өнім жақсы болды. Енді ертеңгінің қамын, болашақтың жайын ойлауымыз керек.
Серіктестік басшысы берекенің бас-
тауын кеңейтіп отырған маңдайалды механизаторларының еңбектерін шынайы ризашылық сезіммен атап өтті. Шынында да, ортақ игілік қарапайым еңбек адамдарының өз міндеттерін адал атқаруларының арқасында молайып отыр ғой. Ұжым құрметіне бөленгендердің қатарында Мүсіреп Есімханов, Жомарт Кенжебаев, Ыбырай Ералин тәрізді майталман механизаторлар бар екен. Олардың ізін басып, тәжірибелерінен өнеге алып келе жатқандар қаншама.
Картоп сақталатын кең де жылы қойма ішінде қызу еңбек қайнап жатыр. Жылжымалы лента арқылы өтетін картопты ірілі-ұсағын ажыратып, әлдеқалай бүлінгенінен тазалап, тұтынушыға тап-тұйнақтай етіп жеткізу үшін қаншама адам жұмыс істейді екен. Серіктестік басшыларының айтуына қарағанда дайын өнім облыс орталығы мен Астана қаласының сауда нүктелеріне жөнелтіледі.
Сөз соңын шиыра айтқанда, серіктестіктің өз жұмысын жолға қою арқылы қаншама адамға жұмыс тауып беріп, отбасын асырап отырғандығын ризашылық сезіммен айта кеткеніміз жөн. «Бірдің несібесі – мыңға» деген осы шығар.
Байқал ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.
Зеренді ауданы.
Суреттерде: малшы Еркін Шоқаев; зоотехник-бригадир Сартай Жабағин; механизатор Мүсіреп Есмұханов; картоп сұрыптаушы Құсайын Мұқажанов пен қойма меңгерушісі Серікбай Ерікбаев.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.