Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында «25 жұлдызды күн» акциясының Мемлекеттік шекараға арналған үшінші күні аясында ел шебін қорғау барысында батылдықтарымен көзге түскен бірқатар ардагер сарбаздар марапатталып, облыстық «Елім менің» патриоттық әндер байқауының қорытындысы шығарылды.
Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, өзінің және облыс әкімінің атынан жиналған көпшілікті ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, «Ата-бабамыз аманат етіп тапсырған қасиеттi мекенді көздiң қарашығындай сақтау – бүгiнгi және келер ұрпақтың парызы», – дей келіп, осы жолда ел тыныштығын қорғайтын шекарашылардың да еңбегін ұмытпау керектігін айтты. Болат Шәріпов, Ахмет Балманов, Қоңырша Шаймергеновке арнап жүрекжарды тілегін білдірген облыс әкімінің орынбасары оларды Алғыс хаттармен марапаттады.
21-23 қараша аралығында «Елім менің» облыстық байқауы өткен болатын. Аталмыш байқауда өңіріміздің өнерлі жас-
тары патриоттық бағыттағы әндерді орындап, сайысқа түскен еді. Осы байқаудың қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан 5510 әскери бөлімшесінің курсанты Тимур Шахаров бірінші дәрежелі дип-ломмен марапатталды. Екінші орында Біржан сал атындағы музыкалық колледждің білім алушысы Жарқын Серікжан мен Көкшетау қаласының №14 орта мектебінің оқушысы Жасұлан Әліби лайық деп танылса, үшінші орынды Көкшетау қаласының №17 орта мектебінің оқушысы Айдана Қуандық жеңіп алды. Сонымен қатар, вокалдық топтар арасында бірінші орынды Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінің «Легато» триосы иеленді. Ал, Гран-Приді танымал әнші Аслан Мұхамедияров жеңіп алды. Тәуелсіздіктің қадірін жастардың жете түсінуіне бағытталған кештің соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Назгүл Рабилова.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.