«Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егіншілік, соның ішінде картоп өсірумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысатын өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірінен саналады.
Капитоновка ауылдық округінде орналасқан серіктестік өткен жылы ауа райының біршама қолайсыз болғанына қарамастан, мол астық алып, облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген болатын. Шаруашылық биыл да сол межеден көрінуге тырысып бақты. Серіктестік директоры Қуантай Сұлтановтың айтуынша, шаруашылықтың мал өнімдерін өндіруде қол жеткізіп отырған табыстары да аз емес. Жыл сайын аудан тұрғындарын сапалы етпен қамтып келеді. Мұнда жемшөп қорын дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылы шаруашылық пішеншілерінің маңдай терімен барлығы 3500 тоннадан астам шөп қоры жасалынды. Егін орағы да ойдағыдай жүргізіліп, қажетті астық қамбаға құйылды. Бұған әрине, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы мен жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі оң әсерін тигізді.
Серіктестікте мал шаруашылығы да дұрыс жолға қойылған. Осы күні етті бағытта қазақтың ақбас сиырлары өсірілуде. Сонымен қатар, серіктестік төрт түліктің төресі саналған шұбаты шипа, шудасы киім – түйе өсіруді де көздеп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкелінген түйелер қазір жерсіне бастағандай. «Журавлевка-1» серіктестігі ауданда алғашқы болып күн сәулесінен қуат алатын батареялар арқылы экологиялық жағынан таза әрі арзан электр қуатына қол жеткізіп отыр.
Ауылдағы жұмысқа жарамды жандардың басым бөлігі осы шаруашылықта жұмыс істеп, табыс табуда. Сол себепті, серіктестік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысып келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.
Суретте: «Журавлевка-1» ЖШС-нің директоры Қуантай Сұлтанов және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Кәмелинов күзгі егін алқабында.