Облысымыздың көптеген шаруашылықтарында өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, ауылдағы жағдайдың алға басуына қомақты үлестерін қосып жүрген азаматтар аз емес.
Бір қарағанда олардың атқарған жұмыстары соншама ауқымды болып көрінбейтін шығар. Дегенмен, «тамшыдан теңіз жиналатындығы» секілді осындай қарапайым еңбек адамдарының жалпы ел экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететіндіктері дау тудырмайды.
Ерейментау ауданындағы Сергей Рыбалко жетекшілік ететін «Глория» шаруа қожалығы негізінен картоп өсірумен айналысады. Аталмыш шаруа қожалығының механизаторы Алексей Сахар болса осындағы еңбек озаттарының бірі. Биыл еңбектеріне орай мол өнім жиналыпты. Картоп тұқымы да сапасы жағынан бүгінгі күннің өскелең талаптарына сай. Атап айтар болсақ, нарықта үлкен сұранысқа ие «Артемен» тұқымын пайдалану қолға алынған. Яғни, алынған өнімді өткізу тұрғысында ешқандай қиындық туындамайды деуге негіз бар.
– Біз тек картоп егумен шектелмейміз, – дейді Сергей Рыбалко. – Бидай алқабымыз да бар. Одан жинағанымыз да ойдағыдай болды дей аламыз. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап, қырыққабат егуді қолға алмақшымыз. Мүмкіндігінше жұмыс ауқымын кеңейте түсу жоспарда бар.
Міне, барлығы 15 адам еңбек ететін шағын шаруа қожалығының бүгінгі тірлігі осындай. Шаруашылық басшысы айтқандай жұмыс ауқымын кеңейте бастаса табыс та молаяды, бюджетке түсетін салық та көбеймек. Яғни, өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді оң шешуге мүмкіндік туындайды.
Ал, осындай өз ісіне жетік мамандардың бірі – Виктор Воронин болса «Жалғас-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бригада жетекшісі болып еңбек етеді. Кезінде Қостанай қаласындағы механикалық-технологиялық техникумды тәмамдаған ол алғашқыда дәнекерлеуші мамандығын меңгерген екен. Кейіннен 15 жыл бойы трактор-егіс бригадасын басқарған. Ал, сегіз жылдан бері аталмыш шаруашылықтың алға басуына өз үлесін қосып келеді.
Шаруашылық басшысы Ержан Биекенов өз сөзінде Өмірсерік Айтжанов, Иван Пискунов, Рамиль Комлев сынды механизаторлар мен Иван Русакович пен Михаил Машканев сынды жүргізушілердің ерен еңбектерін ерекше атап өтті. Сайып келгенде, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қомақты етіп қосуға тырысып жүрген осындай қарапайым еңбек адамдары қандай да болсын мадақтауға лайық.
Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.