Істің көзін тапқан
Серіктестік аудандағы егіншілік пен мал шаруашылығы тізгінін қатар ұстап отырған алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болып саналады. Биыл гектарынан 14 центнерден өнім алды. Астықтың сапасы да жаман емес. Серіктестік директоры Алтынбек Құрманқұловтың айтуынша, Атбасар қаласында өздерінің элеваторы жұмыс істейді.
–Үш банкіге 15 мың тонна астық сыяды. Мұнда астық тазаланып, кептіріледі. Көктемгі егіске 8 егіс кешені, орақ науқанына жаңа 16 комбайн тартылды. Биыл «К-700» тракторларын, екі егіс кешенін сатып алдық. Комбайн мен өзге де техникалар сатып алу жоспарымызда бар. Тараз қаласынан минералдық тыңайтқыш, Целиноград ауданының «Астана-Нан» кәсіпорнынан химиялық дәрілер сатып аламыз. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамытуға бет бұрдық. Негізінен ірі қара мен жылқы бағамыз. Сүт бағытындағы шаруашылықтың кірісі мол. Өйткені, сүтке деген сұраныс көп. Осы орайда, тауарлы сүт фермасына 130 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алдық, – деген Алтынбек Құрманқұлов әңгімесін одан әрі жалғастырды.
– Сүтті Зеренді ауданындағы Садовой селосында орналасқан «Милк Проджект» серіктестігінің өкілі келіп алып кетеді. Өнім мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ, химиялық дәрілер бағасының тек қана елу пайызын төлейміз. 240 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізіп, Германияда жасалған қондырғыларды орнаттық. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі. Тағы да асыл тұқымды мал сатып алуды жос-
парлап отырмыз. Еңбеккерлердің
орташа еңбек-
ақысы 80 мың теңгені құрайды. Сауыншылардың еңбекақысы жоғары,– дейді серіктестік басшысы.
Серіктестік жергілікті орта мектептің жөндеу жұмысын жүргізіп, маңайын абаттандырыпты. 700 шаршы метр алаңға бедер тас төселген. Мектеп оқушыларына серіктестік есебінен ыстық ас беріледі. Жергілікті наубайханада пісірілген бір бөлке нан еңбеккерлерге 25 теңгеден сатылады. Шаруашылық мәдениет ошағында өтетін шараларға демеушілік жасайды. Егде адамдарға да құрмет көрсетіледі. Қарттардың әрқайсысына бір-бір қаптан ұн берілген. Шуйский селосынан аудан орталығына дейін шаруашылықтың автобусы қатынайды. Жолақыға тұрғындар 150 теңге, еңбеккерлер 25 теңге төлейді. Қыс айларында жолдың қарын серіктестік өз есебінен тазалайды. Тендерді ұтып алғандардың жол тазалауға техникасы немесе жанар-жағармайы болмауы ойландыратын жағдай. Серіктестіктің бас агрономы Мұрат Сәдуақасовтың айтуынша, жергілікті диқандар ылғал сақтағыш технологиясымен жұмыс істейді. Мұнда егіс алқабының дұрыс өңделуіне, егіс айналымына және тұқымның сапалы болуына ерекше назар аударылады.
– Биыл арпа бітік шығып, гектарынан 25 центнерден өнім алдық. Бұл жетістікке жаңа ауыл шаруашылығы техникасының және алқапты өңдеудің арқасында қол жеткіздік. Тұқымды Сандықтау ауданындағы «Максимовский» серіктестігінен сатып аламыз, – дейді ол. Біз шаруашылықтың нысандарын аралап жүріп, бас инженер Виктор Крымовты жолықтырдық.
– Орақ науқанында Найл Гидуллин, Владимир Буков тәрізді комбайншылар ерен еңбектерімен көзге түсті. Олар техникаға күтім жасап, астықтың сапалы жиналуына назар
аударып отырды. Егіс кешендерінің дөңгелектері әктелген. Бұл әдіс дөңгелектің пайдалану мерзімін ұзартады. Мұнда шөп шабатын 10,5 метрлік жатка, шөп орағыш тәрізді өзге де техникалар келесі жылдың дала жұмыстарына дайын. Сапалы мал азығын дайындауға ерекше назар аударылады. Өйткені, мол өнім алу мал азығының құнарлығына тікелей байланысты. Машина-трактор шеберханасында қыс айларында техникалар жөнделеді. Механизаторлар қысы-жазы жұмыспен қамтылған, – дейді бас инженер. Біз шаруашылықтың тауарлы сүт кешенінде де болдық. Мұнда 250 бас сиырдан тәулігіне 2 тонна 700 келі сүт сауылады. Мал арасында бірінші рет төлдеген голландтық асыл тұқымды сиырлар бар екен. Сауыншылар Шынар Кузенко, Светлана Гала мен Оля Райлянудың қимылдары өте ширақ. Бас зоотехник Мұрат Смағұловтың айтуынша, асыл тұқымды сиырдан күніне 30-40 литр, жергілікті сиырдан 10-12 литр сүт сауылады.
– Мол өнім алу үшін малдың азығы құнарлы болу керек. Пішендеме, жемшөп, судан шөбі, жоңышқа, белоктық витамин, минералдық қоспа, күнбағыс шроты бәрі арнайы қондырғыда араластырылып, малға беріледі. Қоңсыз сиыр көп сүт бермейді. Сондықтан, малдың азығы құнарлы болуға көп көңіл бөлеміз. Биыл 1800 тонна шөп, 2 мың тонна пішендеме, 1500 тонна концентраттық азық дайындалды. Жуыр арада екі мал қорасы пайдалануға беріледі. Жеті сауыншы жұмыс істейді. Әр сауыншыға 35 асыл тұқымды, 50 жергілікті сиыр бөлініп берілген. Мал автоматты түрде сауылады. Сүт салқындатылған соң тасымалданады. Тазалық үшін бірнеше аристон орнаттық. Мал төлі үшін де жылы қора қарастырылған. Сауыншылар сүтті бұрынғыдай ыдыспен тасымайды.Сүт арнайы құбыр арқылы бір орталыққа жиналып, салқындатылады. Қондырғылар Ресейден сатып алынды. Ценцер кранында сауу үрдісі жүргізіледі, – дейді бас зоотехник. Сүт фермасында сынған техниканы жөндеп жүрген слесарь Еркебай Байжігітовтың қимылы ширақ. Оның шеберлігінің арқасында агрегаттардың барлығы жұмыс істейді екен. Сауыншы Ольга Райлянуды әңгімеге тарттық.
– Жас кезімнен бастап сауыншы болып жұмыс істеймін. Қазір 33 асыл тұқымды сиырды сүт құбыры арқылы сауамын. Тәулігіне әр сиырдан 33 литр сүт өндіріледі. Жұмысымыз таңғы сағат бес жарымнан басталады. Сиырлар күніне екі рет сауылады, – дейді ол. Мұнда Светлана Гала екі жыл сауыншы болып жұмыс істейді. Мұнда серіктестіктің қаржысына 240 бас сиырға арналған екі қорасы бар тауарлы сүт кешені салынуда. Төбесі мен қабырғасы сендеш панельмен қапталған. Астананың «Аграл компаниясы» серіктестігінің сүт сауу қондырғысын құрастырушылары Азамат Нұртазин мен Вячеслав Литвинов қондырғыларды орнатыпты. Жалпы, шаруашылық пен жаңа қораларда жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалғанын аңғардық.
Рамазан Тілеуов.
Атбасар ауданы.
Суреттерде: серіктестік басшысы Алтынбек Құрманқұлов; сауыншылар Светлана Гала және Ольга Райляну; слесарь Еркебай Байжігітов.