Кеше Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында еліміздің осы қысқа мерзім ішінде Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен және көреген саясатымен жүріп өткен ғасырға бергісіз жасампаз тарихи жолына жоғары баға беріліп, Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі жасай беруінің, «Мәңгілік Ел» құндылықтарының ұрпақтарымызға аманат екендігінің қазақ елін мекендеген біздің әрқайсымыз үшін ерекше жауапкершілігі баса айтылды. Осыған байланысты біз бүгін газетімізде елімізге, облысымызға кеңінен танымал бірқатар қоғам, өнер қайраткерлерінің пікірлеріне орын беріп, осы бір қадір-қасиеті өлшеусіз зор құжаттың мән-маңызына одан әрі терең бойлай түскенді жөн көріп отырмыз.
Жабал Ерғалиев, Парламент Сенатының депутаты:
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Парламенттің қос Палатасының депутаттары аса маңызды құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі жиырма бес жылдығының Декларациясын қабылдады. Мұны тәуелсіздігіміздің осы ширек ғасырдағы жүріп өткен тарихи жолының қорытындысы мен бағасы, саяси тұжырымдамасы деп қараған абзал. Әсіресе, Декларацияда Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуы мен оның дамып, өркендеуіне қосқан өлшеусіз және баға жеткізгісіз еңбегі жоғары бағаланды. Бұл орынды болатын.
Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат! Сондай-ақ, Тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр – тұтас бір халықтың тағдыры еді.
Бүгінгі күні дамудың әлемдік биігіне көтеріліп отырған және Мәңгілік ел құрып жатқан Ұлы Дала Елі Қазақстанның, тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздігін осыдан ширек ғасыр бұрын өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және еңбегіне жоғары баға бере отырып, парламентарилер барлық қазақстандықтардың ой-мүддесін жариялады деп санаймын.
Елорданың атауын өзгертіп, оған Елбасының есімін беру де жөн. Өйткені, Астана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей қасиетті қазақ даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Және бұл ХХ-шы ғасырдың соңғы он жылдығының дүниесi өзгерiп, саяси жүйесi әлi қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа астанасын жаңа орынға көшiрiп, салғызудың өзi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ерлiкпен пара-пар, көзсiз батырлығы болатын. Есілдің бойына ел қондырып, дүниенің төрт бұрышына есігі айқара ашылған «Мәңгілік Ел» қақпасы бар Қазақ елінің Астанасы Елбасының дөңгеленген жер шарының қазақ иеленіп отырған қасиетті даласына ел мәңгілігінің мәңгілігі үшін орнатып берген ұлы Ескерткіші!
Бұл Декларацияда қазіргі уақытта әлем мемлекеттерін қызықтырып және тәжірибесіне ден қойып отырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет құрудағы тарихи рөлі орынды атап көрсетіледі. Бұл тарихтың күрделі де аумалы-төкпелі кезеңдерінде Қазақстандағы бірлік пен ынтымақты және барлық қазақстандықтардың бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесіп өмір сүріп, еңбек етуге ықпал етіп келеді.
Біздің әрқайсымыз Қазақстан сияқты мемлекетте тұрып, өмір сүріп жатқанымызды мақтан етуіміз керек. Біздің елімізді Нұрсұлтан Назарбаевтай әлемдік тұлғаның басқарып келе жатқанына қуануымыз керек. Шүкіршілік қылып, тәубемізде болайық! Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығы ол біздің әрқайсымыздың тағдырымыз, әрқайсымыздың абыройымыз. Олай болса, сол еліміздің бүгіні мен болашағы жарқын болсын, Тәуелсіздігіміз одан әрі нығайып, Мәңгілік ел болу жолындағы сапарымыз сәтті болғай!
Ғазиза ЖҰМЕКЕНОВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші:
– Тәуелсіздік декларациясы ширек ғасыр ішінде егемен еліміздің әр салада қол жеткізген табыстарының мәйегі дер едім. Өйткені, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, ұдайы даму үстінде келе жатқан мемлекет ретінде қалыптасты. Этносаралық, конфессияаралық келісім мен төзімділікті қамтамасыз етудің өзіндік үлгісін іске асырудың нәтижесінде және халқымыздың ұлтжандылығының арқасында елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен орнықты әлеуметтік-экономикалық өсуіне қол жеткізілді.
Осы ретте, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманатты Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев іске асырғанын атап айтуымыз керек. Бұл өзі шын мәнінде, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей жағдай болды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Н.Назарбаевтың бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайлануы – халқымыз үшін Қазақстанның кейінгі жылдардағы қалыптасуы мен дамуының үлгісін айқындап берген айтулы оқиға. Содан бергі уақытта Республика Президентінің басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы Елбасы халықты көп этностық және конфессияаралық татулық пен келісім негізінде топтастырып, қоғамға кеңінен танылған, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде дараланды. Елбасының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, орнықты даму мен ілгерілеу жолына шықты. Тәуелсіздікке ие болған жиырма бес жыл ішінде Қазақстан жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырды. Қазақстан ұлттық мүдделерді және әлемдік даму үрдістерін ескеретін саяси құрылыстың өзіндік үлгісін жасады. Қазақстанның дамуы стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың негізінде жүзеге асырылып келеді, олардың ішінде барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздейтін «Қазақстан-2030» стратегиясы басты орын алады. Тәуелсіздік кезеңі қазақ тілінің қайта түлеп, одан әрі дами түсуімен ерекшеленеді. Мемлекет елімізді мекендейтін этностардың алуан түрлі мәдениеті мен тілдерінің сақталуына және дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстанның жаңа бас қаласының орасан зор құрылысы – ауқымы мен батылдығы жағынан республикамыздың Тұңғыш Президентінің теңдесі жоқ жобасы. Жылдан-жылға көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан Астана Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы болып табылады. Еуразияның жүрегіндегі жаңа шаһар Қазақстанның жарқын да баянды болашағын айшықтайды. Астана – барша халқымызды Қазақстанның көк байрағы астына біріктіріп, оның өз бойындағы жасампаздық әлеуетіне деген сенімін арттыра түскен ұлттық идеяның жүзеге асуының нақты көрінісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылы Қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен елдің қазіргі жетістіктері –болашақ ұрпаққа арналған мұра, ХХІ ғасырда Қазақстанның тұғырлы, бақуатты, бейбіт ел ретінде серпінді дамуының берік негізі. Осының бәрі Декларацияда нақты көрініс тауып отыр.
Герихан ЯНДИЕВ, Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Кеше Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация қабылданды. Халық қалаулылары жиналған отырыста ширек ғасыр ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен толайым табыстары талқыланды. Бұл еліміз үшін ерекше орын алатын маңызды құжат, маңызды шешім. Осы қабылданған Декларация біздің тарихымыз және болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз.
Декларацияда Елбасымыздың тәуелсіз мемлекет құру жолындағы ерен еңбегі мен жүзеге асырған жобалары жөнінде кеңінен айтылған. Расында да Тұңғыш Президентіміздің ел экономикасын дамыту жолындағы еңбегін өз басым ерекше атап өтер едім. Мемлекеттің экономикалық жетістіктері, шетелдерден инвестиция тарту арқылы ірі кәсіпорындар салғаны, мектеп, балабақша, аурухана тәрізді әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысын жүргізгені Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатының жемісі деп білген жөн. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін стратегиялық инвесторлар тартылуда. Экономикалық шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігі жүзеге асырылуда. Ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту қолға алынды. Назарбаев университетінде «Астана бизнес кампус-та» ғылыми орталықтары мен зертханалар
орналастырылуда. Олар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ, оларды коммерцияландыруға қызмет етеді. Нақты өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін инновациялық технологиялар паркі жергілікті және шетелдік жоғары технологиялық компанияларды тартатын болады.
Құжатта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігі үшін сіңірген ерен еңбегі мен атқарған қыруар шаруалары кеңінен айтылған. Осы орайда, Елбасының ел тағдыры, халықтар бірлігі мен татулығы үшін жасаған еңбегін мен де ерекше атап өтер едім. Еліміздің саяси-экономикалық жетістіктері, ядросыз әлем құру бағытындағы игі бастамалары, көршілес елдермен ынтымақты қарым-қатынас орнату – мұның бәрі сайып келгенде Мемлекет басшысының салиқалы саясатының жемісі. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының осындай игілікті істерінің нәтижесінде Қазақстанды өзге мемлекеттер ынтымақтастықтың көпірі деп атайды.
Елбасы бір сөзінде: «Халқымызда «Таудан тірегі бардың тастан жүрегі бар» деген сөз бар. Менің тауым да, табалдырығым да, тапқаным да, табынатыным да – туған халқым» деген еді. Еліміздегі орын алып отырған оң өзгерістер, атқарылып жатқан игі шаруалар – бәрі де халыққа аян. Жүздеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйытып отырған мемлекетіміздің күші – бірлікте. Бұл сөз біздің ұранымызға айналуда. «Білімді мыңды жығады, білген уақыттан озады» демекші, бүгінде ұрпағымыз заман талабына сай білім алып, өзге шет мемлекеттердің мамандарымен иық тіресе алатын, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасып келеді. Осының барлығы Декларацияда кеңінен қамтылған.
Біз – талайды көрген халықпыз. Тар заманды бастан кешіп, кең заманды да аңсаған елміз. Бұл күнге біздің ұрпақтарымыз жетіп отыр. Ендігі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі осыны бағалай білуі керек.