Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы драма театрында жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасының премьерасы қойылды. Бүгінгі күні өзекті проблемаға айналған тақырып қасиетті сахна төрінде өнер тілімен өрілді.
Жалпы халыққа ұғынықты, әсерлі тілмен. Жан шырылы – ел ішіне дендеп еніп келе жатқан радикалды ағымның уытына уланған жастардың тағдыры мен қайғы-қасіреті жайында.
Шығарманың өн бойында арбасу мен адасу, үміт пен өкініш, күдік пен сенім тайталасып жатыр. Қазақ «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген. Әуел баста әлде жастық, әлде білімнің таяздығы арбағанның артынан еріп кете беру ақыры жарға жықты. Өздері ғана емес, бауыр еті кішкентай баласын да осы батпаққа батырады. Сүттей ұйыған бір қазақ отбасының шаңырағы осылай шайқалды. Қаншама қайғы-қасірет. Көріп отырған көрерменнің жанары жасқа шыланды. Санаға салмақ салатын, жүрекке күш түсіретін көріністер. Драма біреудің артынан көзсіз ерудің, өзім білемділікке салынып, өзгелерді кәпір санаудың, адасудың соңы дәл осындай тығырыққа әкеліп тірейтіндігін меңзейді.
Ата-ананың перзент үшін күйінуі, бауыр еті баласы үшін соңғы сәтке дейін күресі, өзекті өртеген өкініш, жол таба алмай күйзелген, жаны шырқыраған ата-ананың жайы шынайы баяндалады.
Сахнадағы актерлердің ойыны да жиналғандарға әсер етті. Бүгінгі күнгі басты проблема – жат діннің қаупін ашық көрсете білген кейіпкерлер ата-ана мен Отаннан ыстық ешнәрсе де жоқ екенін ұқтырғандай. Ең бастысы, қойылымнан көрермен тамаша тағылым алды, айрықша әсерге бөленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.