Астанада Қазақстанның VII Азаматтық форумы болып өтті. Бұл қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдерінің арасында өзара ықпалдастық пен іс-қимыл үрдісін қамтамасыз ету үшін оңтайлы мүмкіндіктің бірі. Делегаттар кездесуі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өткізілді.
Форумға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, республикалық және өңірлік ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында өткен форумның пленарлық отырысында Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиын делегаттарына арнаған құттықтау хатын оқып берді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесінде біз бүкіл ел болып Қазақстан жолының қорытындыларын шығарудамыз. Оның орасан мол табысының елеулі бөлігі азаматтық секторға тиесілі. Сіздердің белсенді және жасампаз еңбектеріңіз әрдайым қоғамымыздың әл-ауқатын арттыруға және Тәуелсіздігіміздің нығаюы жолына жұмсалсын!», – делінген Президенттің хатында.
«Азаматтық форум дегеніміздің өзі – бір ұжымның, я бір ұйымның күнделікті өтетін жиналысы емес, пікірталасы қайнаған, әлеуметтің айнасын айшықтап, осыған орай ұсыныс-тілегін дайындаған нағыз ойлы да орамды орта. Оның қоғамға берер құндылығы да, мемлекетке керек шындығы да, міне, осында. Сөз жоқ, осында отырған көпшілігіңіздің ел дамуында қаншалықты үлестеріңіз мол болса, Тәуелсіздігіміз бен Елбасының да өздеріңіз тасын «өрге домалатып жүрген» үкіметтік емес ұйымдардың өсіп-өркендеуінде рөлі талассыз», – деді өз сөзінде И.Тасмағамбетов.
Вице-премьер атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда 18 мыңнан аса қоғамдық ұйымдар тіркелген, оның ішінде 8 мың үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс жасайды. Азаматтық секторда 30 мың адам жұмыспен қамтылған. Негізінен бұл жастар саясаты мен балалар бастамасы, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім және ғылым, спорт және дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын
насихаттау, азаматтардың өмірі мен құқықтарын қорғау саласындағы қызметтер.
Форум барысында үкіметтік емес ұйымдар жетістіктерін көрсететін көрме өтті. Онда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюындағы қоғамдық бірлестіктердің қосқан үлесі таныстырылып, форум делегаттары министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен кездесті. Сондай-ақ, республикалық «Таным» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Еске сала кетейік, осынау форум қарсаңында Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік форумдары өтті. Оның барысында аймақтар алдында тұрған мәселелерді шешу жолдары талқыланып, ұсынымдар әзірленді және республикалық форумға қатысатын делегаттар сайланды.
Сонымен қатар, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ҮЕҰ-нан 25 бастама» республикалық акциясы өтті. Яғни, әрбір өңірлік форум барысында ҮЕҰ өкілдері бірігіп аймақтың нақты бір проблемасын шешуге бағытталған жобаны жүзеге асыру бастамасын көтерді. Өңірлік 16 бастамамен қатар, 9 республикалық қоғамдық бірлестік әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 9 бастама көтерді. Осылайша «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ҮЕҰ-нан 25 бастама» республикалық акциясы салтанатты түрде бастау алды.