Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты мақсатымыз» - АРҚА АЖАРЫ

«Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты мақсатымыз»

Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы  Бейбіт ЖҮСІПОВ:

Өркениеттің өзегі – білім мен тәрбие. Осы ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен тиімділігін арттыру жолдарын қарастыру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл мәселе одан әрі «100 нақты қадам» Ұлт  жоспарының 79-қадамында да көрініс тапты. Сондықтан, бүгінгі таңда елімізде білім беру саласы дамыған елдердің санатында болуына  айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, астаналық облыс орталығында бұл бағытта тың ізденістер жасалып, бөлінген қаржы тиімді игеріліп, білім берудегі жаңалықтар мен озық үлгілер кеңінен қолданылып жатқандығын байқаймыз. Осыған орай, газетіміздің тілшісі  Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіповтен білім саласында атқарылып жатқан жоғарыдағыдай жұмыстар туралы кеңірек әңгімелеп беруін өтінген еді.   

 

– Бейбіт Әйтімұлы, алғашқы сұрағымызды қаладағы  мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ахуалынан бастасақ.      
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы да сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлем мойындаған, экономикасы дамыған, білім мен ғылымы алға ілгерілеген елдердің қатарында. Қазіргі заманда білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы №488 қаулысына сәйкес балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы әзірленіп бекітілді. Осыған байланысты облыс бойынша тиісінше, мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың 2010-2019 жылдарға арналған кестесі бекітіліп, жүзеге асуда.    
Қазіргі таңда  Көкшетау қаласында 41 мектепке дейінгі білім мекемесі бар, олардың 23-і мемлекеттік балабақша болса, 2-і бөбек-бақша, 3 шағын орталық және 13 жекеменшік балабақша. Осы мекемелерде барлығы 6469 балдырған тәрбиеленуде. Бір атап өтерлігі, ағымдағы жылдың өзінде барлығы 295 орынға лайықталған жаңа 5 жекеменшік балабақшалар ашылды. Сондай-ақ,  2016 жылдың тамыз айында 280 балаға шақталған «Көктем»  мемлекеттік балабақшасы пайдалануға берілді. Жыл аяғында Застанционный кентінде 240 орындық жаңа балабақша ашылады деп күтілуде. Соңғы жылдары балабақшаларда еңбек ететін педагогтардың білімдерін жетілдіру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, балабақшада еңбек ететін жоғары және бірінші санаттағы 204 және екінші санаттағы 249 педагог мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау курстарынан өтті.
– Жалпы,  Көкшетау қаласы  бойынша білім беру қандай деңгейде екенін пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарындағы нәтижелерден де аңғаруға болады.  Бұл орайдағы көрсеткіштер қандай?
– Қазіргі таңда Көкшетау қаласында барлығы 26 мектеп бар. Қала мектептерінде барлығы 22320 оқушы оқиды. Олардың 2781-і мектепке дейінгі даярлық топтарында білім алады. Облыс мектептерінде білім сапасы соны серпінмен артып келеді. Өткен оқу жылында интеллектуалдық байқаулар өткізу жаңаша қарқынмен жүргізілді. Тиісінше республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, облыс намысын қорғаған, дарынды оқушылардың қатары қаулап өсіп келеді. Біз оқушылар арасынан талантты балалардың білімі мен дарынына өріс ашу мақсатында «Дарынды балалар» атты жобаны жүзеге асырып отырмыз. Айтып өту керек, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатары жыл санап өсуде. Ағымдағы оқу жылында оқушылар арасында өткен пәнаралық ІV республикалық ғылыми жобалар конкурсында қаламыздың 9 мектебінен 26 оқушы қатысты. Көкшетау қаласындағы №1 орта мектептің 11 сынып оқушысы Аяжан Таужанова, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының  оқушысы Айсұлу Рахметовалар жүлделі екінші орыннан көрінсе, №17 орта мектептің оқушысы Әсия Нұркина жүлделі үшінші орынды олжалады. 1-7 сынып оқушылары арасында өтетін «Зерде» республикалық конкурсында Ақмола облысының  атынан 12 талапкер қатысты, оның 5-і Көкшетау қаласындағы жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары.  №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының
5 сынып оқушысы Адият Рахметулин,  сондай-ақ, №19 орта мектептің 3 сынып оқушысы Эдуард Перемитин, Краснояр орта мектебінің 5 сынып оқушысы  Дильназ Мұратбековалар жеңімпаз атанды. Республикалық пәнаралық олимпиада да қаламыздың 15 оқушысы бағын сынады. Көкшетау қаласындағы №14 орта мектептің 11 сынып оқушысы Данагүл Есмұханбетова география пәнінен, №6 орта мектептің оқушысы Алина Полонская орыс тілі мен әдебиеті пәнінен,  №19 орта мектептің 11 сынып оқушысы Айнұр Рүстемова құқықтану негіздерінен, №21 орта мектептің 11 сынып оқушысы Дарья Парфенова Қазақстан тарихынан үздік білімдерімен ерекшеленіп, бірінші орынды жеңіп алып, диплом және алтын медальдармен марапатталды. Жүлделі үшінші орыннан М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының оқушысы Айдана Мұрат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен,  №6 орта мектептің оқушысы Дарья Овсянникова құқықтану негіздері пәнінен, №7 орта мектептің оқушысы Ыдырыс Абдулла Қазақстан тарихы пәнінен, сондай-ақ, республикалық Президенттік пәнаралық олимпиада да гуманитарлық-техникалық лицейдің
11 сынып оқушысы Евгения Милюта қола медальді жеңіп алып, білім биігінен көрінді.  
– Сапалы білім беруде мұғалімнің  кәсіптік білім деңгейі маңызды рөл атқарады. Осы орайда, облыс орталығындағы ұстаздардың кәсібі біліктілігі туралы айтып өтсеңіз?
– Әрине, білімнің сапалы, тәрбиенің саналы болуы мектептегі басты тұлға – мұғалімдерге тікелей байланысты екендігі ақиқат. Бұл ретте, олардың ұзақ жылдар бойы жинаған бай тәжірибелері, педагогикалық шеберліктері сынға түседі. Көкшетау қаласының білім беру ұйымдарында 1941 педагог жұмыс істейді. Олардың 1762-і жоғары білімді болса, орта кәсіби білімі бар 179 мұғалім еңбек етуде. Жоғары білікті 528 ұстаз болса, бірінші санатты  500 және екінші санаттағы 401 мұғалім бар. Әрине өзінің кәсіби деңгейін арттыру үшін әр педагог үнемі шығармашылық ізденісте болуы керек. Инклюзивті білім беру, электрондық оқыту жүйесін қолдану,  көптілді білім беру бағыттары бойынша   үстіміздегі жылы  961 мұғалім арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Олардың 529-ы жаңартылған оқу мазмұны бойынша курстарды өтті. Педагог беделін арттыру және кәсіби іскерліктері жоғары мұғалімдерді іздестіру мақсатында жыл сайын «Үздік педагог» конкурсы ұйымдастырылып отырады. Биылғы жылы Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Айгүл Кенжебаева республикалық  байқауда бас жүлдеге ие болды. 2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша «Орта білім беретін ең үздік мекеме» байқауында қала мектептері ішінде №6 орта мектебі үздік деп танылып, Гран-при иеленіп, 18 миллион 200 мың теңге көлемінде сертификатпен марапатталды. Білім беру ұйымдарының жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыты мұғалімдердің беделін көтеру болып табылады. Біздің мақсатымыз – әдістемелік кабинеттер, электрондық порталдар, бұқаралық ақпарат құралдары, педагогикалық шеберлік сайыстары арқылы жұмыс істеп жатқан мұғалімдерді шығармашылық  тұрғыдан қолдау және олардың озық тәжірибелерін тарату. Қай кезеңде болмасын білім сапасын жақсарту, тәрбиені тәлімді жүргізу педагогтардың басты мақсаты болып қала бермек. Сондықтан да, жаңа оқу жылы – мұғалімдер үшін жаңа талаптар мен міндеттер кезеңі. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы мен «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында білім беру жүйесін дамытудың басты бағыттарының бірі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және адами капиталын дамыту деп атап кетті. Сонымен қатар, бүгінгі жағдайда білімді жаһандандыру ұлттың қуаты мен әл-ауқаттылығын анықтайтын фактор болып отыр. Бұл басымдылыққа біздің мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ерекше көңіл аударады.  
– Қазіргі таңда заманауи технологиялар дамыған заман. Қала мектептерінің материалдық- техникалық базасына да тоқтала кетсеңіз?
– Қаржының толыққанды бөлуінің арқасында қыруар іс атқарылды. Уақыт өткен сайын материалдық-техникалық база нығая түсуде. Бірқатар мектеп асханаларына, спорт залдарына, қазандықтарға, жаңа пән кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды.  2016 жылы №7, №19 орта мектептерінде 4 418,4 мың теңгеге, сондай-ақ, №1 , №7, №12 орта мектептерінде 9 410 ,4  мың теңгеге үш химия кабинетіне, №12, №18 орта мектептеріне лингофонды-мультимедиялық кабинетке, М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясына робототехника және №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясына технология  кабинетін сатып алу үшін қаражат бөлінген. Сонымен қатар, мектептерді компьютермен жабдықтау үшін 2 774,0 мың теңге, интерактивті тақта мен проэкторларға 7 902,0 мың теңге қаражат қарастырылған.   Қалалық бюджеттен ағымдағы және күрделі жөндеуге, жылу маусымына дайындық жұмыстары үшін 85 472,1 мың теңге бөлінген.        
– Елімізде үш  тілде білім беру жүйесіне көшуде. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қыркүйек айынан бастап Көкшетау қаласындағы №1, №11 орта мектептерімен қатар Краснояр  №3 мектеп-гимназиясы мен №2, №6 орта мектептерінде лицейлік сыныптардың ашылуына байланысты атаулары өзгертілді.  Гимназиялық білім беру мазмұны жалпы орта  білім беруде үш сатыны көздейтін гуманитарлық және физика-математикалық бағыттардағы көпбейінді оқытуға көшуді жүзеге асыратын болады. Сонымен бірге үштілділікті енгізу бойынша пилоттық мектеп болып саналатын М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясымен бірге биылғы оқу жылы №17 орта мектебінде, №6 орта мектеп-лицейінде, №1 орта мектеп-лицейінде және №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясында 6-8 сынып параллелінде 2 сыныптан жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер үш тілде оқытылатын болады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін қолданысқа енгізу жұмысы өткен оқу жылында бастау алды. Мұғалімдердің желілік қоғамдастығының жұмысын ұйымдастыру арқылы бір қалада орналасқан мектептермен әдістемелік байланыс орнатылды. Бірлескен тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, мұғалімдер жаңа идеялармен алмас-ты, кәсіби біліктіліктерін үздіксіз жетілдіріп отыруға ықпал етті. Әрине, білім беру жүйесіндегі барлық проблемалар шешіліп кетті деп айта алмаймыз, бірақ желілік қоғамдастық арқылы тиімді әдіс-тәсілдерді зерттеп, оқыту мен оқудың нәтижесін жақсартуға болатынына көзіміз жетті, бұл жұмыс алдағы уақытта қарқынды жүргізілетін болады.
– Мемлекеттік бағдарламалар негізінде инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Инклюзивті білім беру дегеніміз даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау болып табылады. 2016-2017 оқу жылында қаладағы 9 мектепте 50 коррекциялық сыныптар бар. Онда 366 оқушы оқиды.  26 логопедтік пункттерде 586 бала қаралуда.  Мектепке дейінгі үш мекемеде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы топтар ашылған. №37 «Аленушка»  мектеп-бақшасында, көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған коррекциялық топ бар, №11 «Арай», №12 «Мерей» балабақшаларында дамуында ақауы бар балаларға  арналған 4 топ жұмыс істейді.  Бұл топтарда 48 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 2012 жылы №6 «Нұрай» балабақшасында инклюзивті білім беру кабинеті ашылған. Алдағы уақытта бұл жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Соңғы уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылары балаларының оқып-білім алуына ерекше назар аударылып отыр. Осы бір өзекті мәселені Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет те ерекше назарда ұстауда. Бүгінде облыста мектеп оқушыларын ыстық аспен қамтамасыз ету мәселесі де оңтайлы шешілуде. Қазақ «жетім көрсең, жебей жүр» деп, жетімін жылатпай өсірген халық. Сол себепті де Үкімет тарапынан осы мәселеге айрықша көңіл бөлінген. Үстіміздегі жылы қала білім ошақтарындағы  253 жетім бала мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қамқорлықтан кенде болған жоқ. Айта кету керек, жалпы білім беретін мектептерде 2257 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
– Қазіргі оқу үрдісінде жеке тұлғаны қалыптастыруда сыныптан тыс жұмыс түрлерінің, яғни, үйірмелердің атқарар рөлі зор екендігін байқаймыз.
– Дұрыс айтасыз, жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігінің бірі – үйірмелер. Мектепті қосымша білімнің құрылымынсыз елестету мүмкін емес.  Бүгінгі күні мектептерде, мектептен тыс орталықтарда, аспаптық үйірмелер, аула клубтары, вокал мен би, қолөнер тағы басқа бағыттағы көптеген үйірмелер ұйымдастырылған. Мәселен, қала мектептерінің 525-і балалар музыка мектебінде, 403-і балалар сурет мектебінде, «Жас қайрат» дене тәрбиесі дайындығының  балалар-жасөспірімдер клубында 1820 оқушы, «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығында 3550 және «Еңбекке үйрету оқу кәсіпорнында» 360 оқушы баланы өнер мен білімге баулуда. Жасырары жоқ, қазіргі таңда жасөпірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу көкейкесті мәселелердің бірі болып қала бермек. Мәселен, кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі бойынша бөлімнің тіркеуінде 2012 жылы 43 оқушы тұрса, 2013 жылы 36, 2015 жылы 30 болса, 2016 жылы 26 жасөспірім бар. Байқағаныңыздай, олардың саны жылдан-жылға азайып отыр. Бұл әрине кешенді жұмыстың нәтижесі деп білеміз.
Білім беру саласындағы айшықты істерді жіпке тізгендей түгел айтып шығу мүмкін емес. Біздің ендігі мақсатымыз бойымыздағы барлық күш-жігерімізді сарқа жұмсап, заман талабына сай білім, тәрбие ісін жаңа сипатта дамытып, жарқын белеске көтеру болып табылады. Биылғы оқу жылында әріптестеріммен бірлесіп, оқу-тәрбие үрдісін қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сүйене отырып, ұйымдастыруды мақсат етемін.  Оқушыларды  тәрбиелеу мен оқытуда табысты нәтижелерге бірге жете берейік!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар