Тәуелсіз Қазақстанның заманауи, мықты ел болып дамуына, біздің Президентіміздің қосқан үлесі өте зор. Осы қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан халқы үлкен жетістіктерге жетті. Елбасының қаламынан туындаған кітаптар қазір көп қазақстандықтардың үйінде бар. Біздің Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының кітап қорында Елбасының өз кітаптары және Президентіміз туралы жазылған дүниелер өте көп.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» деген кітабында Қазақстанның ядролық қарусыз болашаққа ұмтылуы, ядролық қаруды жою үшін күрес жүргізу, елде бейбітшілікті, тұрақтылықты, ынтымақтастықты берік ұстау жөнінде толық, тұжырымды сөзбен баяндап жазылған. Еліміздің келешегі бейбітшілікте, сондықтан, Елбасы бұл кітабында еліміздің өмір сүру жолының әр тұстарын зерделеп көрсетеді. Сонымен қатар, Елбасының «Тарих толқынында» деген кітабында да қазақ елінің дамуы, дағдарыстан өтуі, бейбіт ел болуға ұмтылуы өте әдемі жазылған. Бұл кітабын жазу барысында Президент өзінің ұшқыр ойымен, сәби баланың өсуі мен елдің өсуін салыстырып, жақсы көрсете білген. «Тарих – біздің кешегіміз және бүгінгіміз, оны ұмыту мүмкін емес, керісінше тарихты білу, бағалау керек дейді», – бір сөзінде Елбасы.
Ал, «Сындарлы он жыл» кітабы Тәуелсіздігіміздің 10 жылына арналып, сол уақыттағы еліміздің дамуы, экономикасы, саясаты, әлеуметтік жағдайы, басынан өткен қиындықтары мен жеткен жетістіктерінен хабардар етеді. Елбасының келесі бір кітабы «Халыққа арнау»,–деп аталады. Бұл кітапқа әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттігін қалыптастырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөйлеген сөздері мен сұхбаттары енген. Еңбекте Қазақстан Мемлекетінің тәуелсіздігі мен егемендігінің іргетасын қалап, баянды ету жолында алтын әріппен жазылған 2006 жылдың тарихи фактілері мен оқиғалары қамтылған. Сондай-ақ, «Темірқазық» кітабында біздің Президентіміздің сөйлеген сөздері топтастырылған. Нұрсұлтан Әбішұлының Президенттік қызметке кірісу рәсімінде, мемлекеттік рәміздерді таныстыруда, ел орталығын Сарыарқа төсіне ауыстыру барысында алғаш БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөздері, сондай-ақ, Абай, Жамбыл мерейтойларында жасаған терең талдаулы баяндамалары, ел тарихындағы ірі тұлғаларға ескерткіштер ашу салтанаттарындағы сөздері Қазақстанның тәуелсіздік дәуіріндегі жылнамасы іспеттес «Темірқазық» кітабына жүйеленіп топтастырылған.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықта өзінің қағидалары мен міндеттемелерінен кері шегінбейтін, дәйекті саясат жүргізетін, бейбіт, қатар даму идеясының сенімді жақтаушысы болып табылатын басшы ретінде белгілі. Танымал дипломат Нұрлан Онжанов жазған «Бітімгер» кітабында Біздің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Украина дағдарысы кезінде, бейбітшілікке, ынтымақтастыққа қосқан үлесі жайында дәйекті мысалдар жақсы көрсетілген. Соңғы жылдары Украина дағдарысы газеттердің бірінші беті мен әлемдік БАҚ-тардың жаңалықтар таспаларынан түсер емес. Аталған жанжалды бейбіт реттеудің жолдарын іздестіру белсенді жалғасуда. Минск-1 және Минск-2 келіссөздері, Украина дағдарысын реттеудегі басқа да көптеген ілгерушіліктер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың делдалдық күш-жігер жұмсауының нәтижесінде жүзеге асты. Кітап авторы біздің мемлекетіміздің басшысы Украинаның оңтүстік-шығысындағы бітімге әкелген белсенді қызметінің куәгері болған еді. Кітапта майдандағы 2015 жылдың ақпан айына дейінгі оқиғалар қамтылған. Біздің Президентіміз ақыл-парасатымен елдің келешегін, тәуелсіздігін биікке жетелейтін кемеңгер Елбасы. Мұны осы тұрғыдағы кітаптар топтамасынан да жақсы аңғаруға болады.
Айман ЖЫЛҚОЖИНОВА,
М. Жұмабаев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу
залы секторының кітапханашысы.