Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Көкшетауды далада қалдырмаймын!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Көкшетауды далада қалдырмаймын!..»

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі әрдайым жүрегімді жылытып жүреді.

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Парламент Сенатының депутаты

 

Көз алдымда көгілдір Көкшем көлбеп жатыр. Көңіліңді өсіріп, көзіңнің жауын алар бар сұлулығымен сыланып жатқан Бурабай баурайындағы айдыны шалқар Айнакөлдің жағалауынан сәл жылжып барып томсырая қалған Жұмбақтастың сыры мен мұңын  осы күнге шейін кім ұқты дерсіз?!  Сұлу дүниенің сұқ көзі бір қадалмай кете алмайтын Оқжетпестің ұшар басындағы қара тасты жарып шыққан көк қарағайдың мына тіршілікке ұмтылған қайсарлығы мен  іңкәрлігіне сүйсінген көңілмен еріксіз бір ойға да берілерің бар. Тұтаса біткен дүниенің көгілдір бір әлеміндей сезілер  Көкше… Көкшетау жайлы ойланып, толғанып кетер бір шақта, есіме Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген әрдайым жүрегімді жылытып жүрер бір ауыз сөзінің дәйім есіме оралатыны бар.
1998 жыл. Азаттығымызға жеті жыл. Тәуелсіз ел болып, оңымыз бен солымызды енді-енді тани бастаған шағымыз. Кеңестік заманның зар илетіп кеткен тұсы бұл. Ел дағдарысқа енген. Жұмыссыздық жайлап, дүкен сөрелері  бос, қаңырап тұр.  Жалақылары мен зейнетақыларын айлап ала алмай шулап қалған ел. Сол қалың елінің  ғасырлар бойы зарлы арманы болып келген және де енді қолға тиген Тәуелсіздігінің көк Туын қолына алып, әлем кеңістігіне нық  әрі сенімді қадам жасай бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз», – деп және де «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», – деп тарих сахнасына өзіндік үнімен шығып, өзіндік айқын мақсатымен де, парасатты саясатымен де дүниені өзіне қарата бастаған да, қазақ елін айдай әлемге жаңа-жаңа таныта бастаған да шағы-тын.
Еңсеміз биік, рухымыз асқақ. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, өзіміздің түп тарихымызды түгендей бастадық. Мағжан мен Ахаңдар ақталды… Алаш қайраткерлері қайтып оралды… хандарымыз бен билерімізді, ел қорғаған батырларымызды ардақтап, ескерткіштер қойып, ас беріп, бұрын айта алмағанымызды айтып, жаза алмағанымызды жаза бастаған, былайша айтқанда өзімізді-өзіміз құштарлана да, құмарлана да тануды, өзімізді-өзіміз тиянақтап, табуды бастаған кезіміз.
Тәуелсіздіктің міне, осындай бір толғамалы тұсында Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев Көкшенің бір пұшпағы Айыртауға келді. Сол айыр сағалы қос өркешті көгілдір таулы өлкенің Құлшынбай атты биік бір төбесі бар. Осы араға Қазақтың Қарасай батыры жерленген. Бұл жайында орыс ғалымы В.Румянцевтің 1913 жылы Санкт-Петербург қаласынан шыққан «Верный уезі» кітабында «В давние времена род Карасай жил в пределах нынешней Акмолинской области, по преданию могила Карасая находится на ур.Аиртау в Кокчетавском уезде» деп анық жазылса, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін»  кітабында да бұл расталады.

 

Сонан соң белгілі қоғам қайраткері, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған зерттеулері де қызықтыра түскені анық. Сол деректерге және көкшетаулық шежіре қариялардың айтқандарына сүйене отырып,  қазақтың Қарасай  батыры мен оның қанды көйлек жан жолдасы Арғын Ағынтай батырдың жерленген жерлерін анықтап, біраз мағлұмат жинағаннан кейін  «Қазақ батырлары Қарасай мен Ағынтай бабамыздың бейіті Құлшынбайдың төбесінде екендігін білмей келген едік. Енді оның нақты дерегі табылып отыр» деп жазған  мақалам   «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы  25 маусымдағы санында жарық көрді.
Осы мақала жарық көргеннен кейін бұл жайды қызықтырушылар көбейді де, Аубай  Байғазиев,  Серік Үмбетов, Қайрат Сатыбалды, Әскербек Абаев, Аңсар Мұсаханов, Нұртілеу Бәкірұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Ләззат Тұрлашев, Бақыт Оспанов, тағы да басқа азаматтар хабарласып, көп ұзамай Көкшетауға келіп, сол арадан Айыртауға аттанып кеттік. Құран оқылып, ас берілді. Айналайын Қайрат белсенділік танытып, бірден «Қарасай батыр» қорын құрғызып, оны маған басқартып, батырлар басына кесене салуды ойластыра бастады да, осы бір абзал істің басы-қасында күні-түні өзі жүрді. Қазір Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі үлкен бір тарихи да рухани мұра болып, Айыртау сағасынан мен мұндалайды. Бұл кесене келіп-кетуші халықтан қысы-жазы бір арылмайды. Қасиетін ел таныды. Болат аға Назарбаев та келіп, менің «Қазақтың Қарасай батыры» атты кітабымның баспадан шығуына тілекші әрі демеуші болған-ды.
Әлқисса, сол Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Айыртауға  Елбасы да арнайы келіп, тағзым етті. Бұл 1998 жылдың 16 қазаны болатын. Арқаның қоңыр күзінің сарыала бояуына малынып, тамылжып тұрған табиғаттың ғажап бір шағыл шағы еді.
– Мына азамат осы араның тарихын зерттеп жүрген, – деп  Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов мені нұсқады.
– Білемін, – деді Елбасы.
Топтан әріректеу тұрған мені жанына шақырып алды да, әңгімеге тартты. Жүрексініп келемін. Батырлар жатқан Құлшынбайдың төбесіне шықты да, айнала төңірекке көз салып, сәл-пәлден кейін:
– Мына жер батырлар жатса жатқандай-ақ жер екен! Рахмет саған, – деді.
 Елбасы осыны айтты да, елдік пен ерлік, Қарасай мен  Ағынтай батырлардың қасиетті қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін, халқымыздың ықылым замандардан бергі ынтымағын, бірлік жайлы билердің өсиеттерін айтқан кезде кәнігі бір шешеннің  алдында тұрғандай болдым.
– Қарасай батыр бабам менің тікелей сегізінші бабам болып келеді. Маған дейін таратып бере аласың ба? – деді жылы жымиып.
Батырдың бар тарихын зерттеп жүргеннен кейін білетін едім, шежірені сол арада таратып бердім.
Бұл кез Қазақстан үшін аса бір жауапты кезең болатын. Алдымызда, яғни 1999 жылдың 10 қаңтарында кезектен тыс Президент сайлауы өткізілмекші. Аттандағандар мен айқайшылардың біразы өздерін Президенттіктен үміткерлікке ұсынып жатқан кез. Алайда іс басындағы Президентіміз Нұрсұлтан
Назарбаев әлі үнсіз. Ел елеңдеп, халық қобалжуға айналды. Өйткені, барлық қазақстандықтардың үміт артып, сеніп отырғандары бір-ақ адам, ол Назарбаев болатын! Елдің экономикасын аса  қиын жағдайдан алып шығып келе жатқан және де Кавказ бен Прибалтика елдеріндегі сияқты қанды қырғын мен ұлттардың араздығына жол бермей, Қазақстанды бейбіт тыныштықта, береке-бірлігімізді ұйытып, қазақ елін әлемге таныта бастаған Назарбаев қана керек еді бізге!
Көкейде жатқан осы бір алаң жай болғаннан кейін:
– Нұраға, – дедім батылданып, – алдағы Президенттік сайлауға дауысқа түсіңіз! Ел де халық та қолдайды, – деп барып, көкшетаулықтар да толық Сізді қолдайды, – дедім сенімді көңіліммен.
Сол сәтте Елбасы: – Сендер, көкшетаулықтар маған облыс орталығын Қызылжарға жібергеніме ренжіп жүрген жоқсыңдар ма? – деді де, үнсіз қалды.
– Нұраға, ренжімедік десем, бұл Сізге жалған айтқандығым болар. Реніш басында болды. Сіздің мына Көкшетаудың қалың қазағы солтүстікке қарай ауып, ана орыс шекарасындағы ел мен жерге ие болу мәселесін тереңінен де әріден ойластырғаныңызды кейін түсіндік. Қазір Сізге деген алғыстан басқа, ешбір өкпе де, реніш те жоқ, – деп жауап бердім.
 Сол сәтте… иә сол сәтте Елбасының толқи сөйлегенін естідім де, осыншама нәзік, осыншама сезімді жүрек болады екен-ау деп қатты толқып кеттім.
– Айналайын, рахмет! Мені сендер түсінбесеңдер… кім түсінеді енді?! Елге айта бар, Көкшетауды далада қалдырмаймын, – деді Елбасы шынайы бір пейілімен.
  Көңілім асқақтап шыға келді. Елбасыға шынайы ризашылығымды білдіріп, қолымдағы өзімнің «Қазақтың Қарасай батыры» атты кітабыма қолтаңба жазып беруін сұрадым. Кітапты алды да, Елбасы өзінің маржандай жазуымен « Жабал бауы-рым! Бабалар аруағына істеген ерен еңбегіңе ризамын! Бақытты бол! 16.Х.98.» – деп жазып, қолын қойып берді. Елбасының сол тілегі мен сол ниеті мен үшін де, менің ұрпақтарым үшін де мәңгі бір тілеушімдей, мәңгі бір  ақ батадай болып, асыл мұрам болып,  дүние тұрғанша сақтала берері анық.
Көкшетауды далада қалдырмаймын! Елбасының осы бір ауыз сөзінде киелі де қасиетті Көкшенің және де оның ханы Абылай мен ғұлама ғалымы Шоқанның,  Қазақтың Қарасай батырының мәңгі тыныс тапқан, «ауылым қонған Сырымбет саласына» деп сыр қатқан Ақан серінің, «жер шоқтығы Көкшетау» деп асқақ үнімен ән салған Біржан салдың, аққуға үнін қосып, гәккулеткен Үкілі Ыбырайдың, Құлагердің шабысын көрген ел мен жерге деген, оның өткені мен бүгініне деген құрметі сыйып тұрған-ды.
Бұл  сол кездегі Қажыгелдин  үкіметінің Қазақстандағы кітапханадан бастап жауып, кей облыстарды да қысқартып, таратып жатқан кезеңі болатын. 1997 жылдың  3 мамыры күні Көкшетау облысы да таратылып, Солтүстік Қазақстан облысының құрамына толықтай қаратылды. Мұның алдындағы қақаған қыс айының бірінде, нақтырақ айтар болсақ, 1997 жылдың жаңа жылының түнінде айдай әлемге масқарамыз шығып, Көкшетау қаласының жылу қазандығы  мен  барлық жылу құбырлары қатып, жарылып, бейнетті күндер
басталды.
Сол кездері электр жарығы да белгілі бір уақта ғана беріліп жүрді, газ да жоқ. Шәйімізді көп қабатты үйіміздің алдына от жағып, кезектесіп қайнатып алып жүрдік. Балаларымызды суық үйде қатырып алмайық деп ауылдағы ағайындарға апарып бердік. Міне, сол бір қиын-қыстау күндері Көкшетауға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қатып, істен шығып жатқан қала қазандығын көзімен көріп, тез арада қаржы бөлгізіп, Көкшетаудың ауыр жағдайын өз бақылауында ұстап, қамқорлық жасап еді.    Сол жайында Елбасы жөніндегі өзіміздің  бір   көңіл    толғанысымызда «кәне, қай елдің Президенті әлдебір қазандықты аралап, көріп жүр? Біздің Президентіміз ғана! Бұл өз елін, өз халқын адал сүйген Назарбаевтай ғана адамның қолынан келеді» деп айтқан да болатынбыз.
Хош сонымен, облыс орталығы мәртебесінен айырылған Көкшетаудың жағдайы қиындап кетті. Кәсіпорындар жабыла бастады. Жұмыссыздық жайлады. Халық біртіндеп ауа көтеріліп, көше бастады, пәтерлер де иесіз қалып жатты. Сондай бір көңіліміз құлазып, алдағы күніміз не болар екен деп алаңдап жүрген сәтте, яғни, 1998 жылдың 16 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген бір ауыз сөзі көңіл тоңын жібітіп, үміт шырағын жаққандай болып еді.
Елбасымен жолығатынымды біліп отырған көкшетаулықтар алдымнан шығып, «иә, қалай екен, не болды?» деп сұрап жатты.
– Қалай екенін білмеймін, біздің әкімдермен сөйлескеннен де, Елбасымен сөйлесу оңайырақ па деп қалдым. Ал, не болды десеңіздер, Елбасы «Көкшетауды далада қалдырмаймын» деді, сәлем айтты бәріңізге, – деп  Елбасымен бір сәттік кездесуден әсерленген  көңілімді осылайша түйіп айтқан болатынмын.
Сонымен, 1999 жылдың 8 сәуірі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысының орталығын Көкшетау қаласына ауыстыру жөніндегі Жарлығы шыққандағы ел қуанышын көрудің өзі бақытты бір шағымыз еді. Ел сүйіншілеп кетті. Бұл Жарлықты Көкшетауға сол күні үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев келіп естіртті де, жиын өткізді. Сол сәтте  Елбасының «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген бір ауыз сөзі  жүрек түпкірінен естіліп жатыр еді.
Артынан көп ұзамай Көкшетауға Елбасының өзі келді. Көкшетау қаласының астаналық облыс орталығы мәртебесіне ие болуына байланысты 1999 жылдың 21 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Ақмола облысы активінің жиналысын өткізді. Сол жиында Елбасының алдында сөз сөйлеу сеніміне ие болдым.
– Ардақты ағайын! Аса мәртебелі Президент мырза!
Ел қуанышында шек жоқ бүгін! Жүрек толқытар осынау бір салтанатты сәтте өзіңізге деген ел алғысы да, ел разылығы да шексіз, шетсіз бүгін! Қуанамыз, әрине!  Қуанамыз да, жұбанамыз!  Өйткені, аруақты да ардақты Көкшетаудың, кербез Көкшенің қасиетті киесі де, жерінің иесі де – Ақбас бура өз мекеніне аңырана жетіп, аңсап оралып тұр бүгін. Оралуыңмен, киелім!  – деп жүрек толғанысынан шыққан сөздерімді осы күндері де аса бір ыстық көретінім бар. Өйткені, бұл менің Елбасының алдында тұңғыш сөйлеуім болатын!
– Сол киелі Ақбас бураны шудасынан жетелеп әкеліп және де уысынан шығарып алған ұлы Абылайдың ақ туын мынау еліңізге өз қолыңызбен қайра бір ұстатып отырған Сізді, ардақты Нұраға, Оқжетпес өзінің биік шыңына көтереді. Биші қайыңы мың бұралған биімен, Айнакөл көбік шашқан ақ толқынымен, Зеренді зерлі шашуымен қуана қарсы алады. Жұмбақтас сырын ашып, мәңгі ұйқыдағы Жекебатыр да басын көтеріп, ол да батасын беріп жатыр. Сексен көліңіз де бүгінгі қуаныштан арнасына сыя алмай, тербеліп, теңселіп, ол да бір сол қуаныштан шалқып, тасып төгіліп жатыр!
Иә, Көкшетау қуанады, Көкшетау уанады бүгін! Шүкіршілік қылады! Оған да сан қилы себептер бар. Әріге бармай-ақ, 1996 жылдың желтоқсан ызғарынан қатып, қалтыраған күндерден бастап Сіз өз Көкшетауыңызды ұдайы бір қамқорлығыңызға алып, бізді өзіңіздің үлкен жүрегіңіздің қызуымен, жан жылуыңызбен сонан бері жылытып-ақ келе жатырсыз. Біз үшін бұл бақыт еді. Біз үшін бұл шаттығы мол қуаныш еді! Көкшетау жүдемесін деген ниетіңізбен бірдей-бір Министрлікті жібердіңіз. Оған да қуандық! – дей келіп, Елбасының тікелей тапсырмасымен Көкшетау қаласына Қазақстан Республикасының экология және табиғатты пайдалану министрлігінің қоныстандырылғандығы қиындықтан қиналып, тұншыға бастаған Көкшетаудың тынысын бір кеңейтіп тастағандығын айттым.  Соны айта келіп, тағы да жүрек сөйлеп жатты.
– «Көкшетауды далада қалдырмаймын!..» Осы бір ауыз сөзіңізді өткен жылдың қазан айының
16  жұлдызында  ұлы бабаңыз Қазақтың Қарасай батыры жерленген биік төбенің басында тұрып, бабалар аруағына мінәжат етіп, «Көкшетауды далада қалдырмаймын, құдай қаласа, бәрі де орнына келеді», – деген бір ауыз сөзіңіз әр көкшетаулықтың жанына демеу болды, қуанып жүрдік. Бір үміт, бір күдікпен өмір сүріп жатқан уақыттың бір сәтті күні, әлемді жайлап бара жатқан экономикалық және қаржы дағдарысына да қарамастан, «Көкшетау, сен үшін», – деп биылғы жылдың 8 сәуірі күні Ақмола облысының орталығын Көкшетауға көшіру жөніндегі Жарлығыңызға қол қойып, Көкшетаудың аруағын тебіренттіңіз! Тебіренбеген жүрек, толғанбаған жан қалмады!
Қараөткелден Көкшетауға бет түзеген бүгінгі көшке сәт сапар тілейміз! «Елге ел қосылса – құт» дегенді дана қазақ бекер айтпаған да болар. Басы қосылып отырған қос ел, енді бір мақсат, бір мүддеге бірлесіп еңбек етейік, қазақ елінің мүддесіне, оның халықтарының мүддесіне қызмет етейік.
Көкшетау – исі қазаққа ортақ мекен. Тәуелсіз қазақ елінің ұлы көшін Президентіміз Сарыарқаның кіндік тұсына бекер бұрған жоқ. Соны ұғына білейік те, Астана іргесіндегі мына Көкшетауымызды сол Астананың серігі, сол Астананың егізі ете білейік! Бұл – әрбірдесін, елдің іргесін бекіту! Ал, ел іргесін бекіту, мына отырған сіздер мен біздің жатпай-тұрмай атқарар істеріміз болса керек-ті.  
Қайсыбірін айта берерсің! Әйтеуір, дүние кезек деген және де бар ғой. Сол адал ниетіңізбен, ақ адал сеніміңізбен күні бүгінге дейін аялап, әспеттеп, қастерлеп, қадірлеп, ардақтап келе жатқан Көкшетауыңыз да, көкшетаулықтар да енді Сізді біз де қуантуға міндеттіміз. Сеніңіз бізге! Тәңір иесі Көкшетау аспанында, Көкшетау асқарында, Көкшетау шалқарында Сіз бен біздерді әрдайым сол қуаныштармен жүздестіруге жазсын!
Адамзат өз дәуірінің жаңа бір мың жылдығы – ХХІ ғасырға бет алып бара жатқан ғасырлар тоғысындағы тарихи аса күрделі кезеңдегі қазақ елінің алдында тұрған ұлы міндеттерді біз де айқын сезінеміз. Ол міндеттің ұлысы – ел болу! Сол ел болу міндетінің ұлт алдындағы, тарих алдындағы, келер ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілігін біз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті өзіңіз жүргізіп отырған саясат өзегінен, Сіздің әр ісіңізден, Сіздің әр қадамыңыздан айқын танып та отырмыз. Соны тани отырып: «Ел болу жайын Елбасыдай ойлайық, елдің жағдайын да Елбасыдай ойлайық», – дегім келеді!
Дүние кеңістігінде тұтанып жатқан отты қақтығыстар мен қантөгістерден еліңізді аман алып өтіп, даналығы да балалығы да мол туған халқыңызды жайсаң да, жақсы күндерге тезірек жеткізсем деген бір ғана арман, бір ғана мақсат бар Сізде!  Сол арман, сол мақсаттың орындалуын
бір тәңірден тілейсіз, мазасыз күй кешесіз, континенттің ел-еліне аспан ұшып, қиыр барасыз, сол сапарларыңызда қазақ елінің Қарасай бабаңыздай қорғаны, Абылайдай айбыны болып жүресіз! Сол сапарларыңызда, сол ұлы істеріңізде Сізді, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы, сол бабалар аруағы қолдасын әрдайым! Еліңіз, жұртыңыз, мына отырған халқыңыз да аман болғай!
Елбасыға елдің атынан, барша көкшетаулықтардың атынан аруақ тербеп айтылған  алғысты сөз еді бұл!
Сөйткен де, сөйткен көңіл ұшындағы Көкшетау аз уақыттың аралығында түлеп сала берді. Бұл енді астаналық Ақмола облысының мәртебесімен дамыды.  Обалы нешік, облыс орталығын Көкшетауға көшіріп, орналастырудың  және жолдары ойылып, кәсіпорындары тоқтап, халқы  еңбекақылары мен  зейнетақыларын айлап ала алмай улап-шулап отырған Көкшетаудың сол кездегі бар ауыр жүгі мен тауқыметін арқалаған облыс әкімі Сергей Витальевич Кулагиннің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің, тынымсыз еңбегінің, шынайы жанашырлығының арқасында Көкшетауға жан бітті.  Сол кезде бірден апатты жағдайға жетіп, жабық жатқан «Көкшетау» мәдениет сарайын күрделі жөндеу қолға алынып, қаланың бір шетінде, былайша айтқанда ай далада «ақ отау» болып қалған қазақ театры үшін Көкшетаудың дәл орталығынан ғимарат таңдап, оны театрға лайықтап жабдықтау басталды. Көкшетаудағы қазіргі Шахмет Құсайынов атындағы қазақ театры өзінің сұлу да ажарлы архитектуралық кескін-келбетімен жұртшылықты сүйсіндіріп жүрсе, бұл да сол Кулагиннің  қолтаңбасы. Көкшетауға хан Абылайдың ескерткіші орнатылды. Жалпы айтқанда  Көкшетаудың әр көшесінде Кулагиннің қолтаңбасы сайрап жатыр десе де болғандай.
 Көкшетау далада қалған жоқ. Бүгінгі Көкшетау Елбасының шынайы жүрегінің қамқорлығымен тәуелсіз Қазақстанның көркем де келбетті бір қаласы болып күн сайын құлпырып, гүлденіп келеді. Соны көрген сайын, Елбасының «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген осы бір ауыз сөзі жүрегімді жылытып, сайрап тұрады әлі де!
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар