Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Теңгелер тарихынан сыр шертеді - АРҚА АЖАРЫ

Теңгелер тарихынан сыр шертеді

«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» акциясының «Ұлттық валюта» – сегізінші күні аясында «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі» Ақмола филиалы мұражайында «Теңге – тәуелсіз Қазақстанның валютасы» көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысты. Аталған мұражай 2004 жылдың 15 қарашасынан, яғни, ұлттық валютамыздың айналымға енгізілген күнінен бастап жұмыс істейді. Бүгінгі таңда көрмеде 1 мыңнан астам жәдігер сақталған. Оның ішінде Алтын Орданың мыс пұлы (монета), Темір әулетінің күміс теңгелері көне жәдігерлер қатарында. Жақында банк басшылары Алтын Орданың мыс пұлын облыстық өлкетану мұражайына тапсырыпты. Жалпы, мұражайдың
ашылуына қаржы саласында ұзақ уақыт қызмет істеген Асылхан Оспанов, Төлеген Пан көп қолғабыс жасаған. Ондағы басты мақсат – банктің құрылу тарихы, банк саласында қызмет істейтін жас мамандарды тәрбиелеу, қала тұрғындарын банк жүйесінің даму тарихымен таныстыру болып табылады.
– Мұражайда ұзақ уақыт қаржы саласында қызмет істеген Николай Мамыченков, Жаманбай Хамзин, Берік Тіржанов, Қуанышбек Рымжанов, Төлеген Пан және Төлеген Жақанов сияқты ардагерлерге арналған арнайы қабырға тақта да бар. Олар біздің тарихымыз, ұстаздарымыз, өңірде банк жүйесінің дамуына үлес қосқан адамдар. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында олардың есімдерін атап, тарихи жәдігерлерді бір ақтарып шығудың маңызы зор, – дейді қолма-қол ақшамен жұмыс істеу бойынша бөлім басшысының орынбасары Талғат Қасымов.
Көрмедегі жиырмасыншы ғасырдың басындағы инкасатор бұрышы да келушілердің назарын өзіне аударады. Онда көкшіл сұр түстес сөмке, монеталарды есептеу үшін қажетті есеп машиналары, қазіргі электронды калькуляторлардың көне механикалық түрлері,  банкнот орамаларына мөр соғу сияқты банк қызметкерлеріне қажетті көне заттар сақталған. Оған қоса, қазан төңкерісіне дейінгі Ресей валютасы мен кеңестік дәуірдегі ақшалар мен құнды қағаздар да көптеп кездеседі. Сонымен қатар, АҚШ, Италия, Испания, Швеция, Жапония және Қытай елдерінің де ұлттық ақшаларын кездестіруге болады. Олардың ішінде өзіміздің төл валюта-теңге мен тиынымыз мұражай төрінен орын алған.  
– Ширек ғасыр тарихы бар Тәуелсіз Қазақстан үшін 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валютаның айналымға енгізілуі айтулы оқиға болды. Осы арқылы еліміз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді. Теңгенің бірыңғай қатары, ортақ тұжырымдамасы мен дизайны бар, оған көркемдік, сол сияқты технологиялық сипаттағы ұғымдар жатады. Осының арқасында теңге банкноттары мен монеталары түрлі халықаралық байқауларда топ жаруда, – деді Талғат Қасымов өз сөзінде.
Бүгінгі күні монеталардың алтыннан 49 түрі, күмістен 187 түрі, нейзильбер қоспасынан 102 түрі жəне нейзильбер қоспасы мен нибрасс қоспасынан 5 биколорлы түрі шығарылды. Коллекциялық монеталарды Ұлттық банк 1995 жылдан бері шығарып келеді. Қазақстандық монеталар «Vicenza Numismatica» (Италия), «Монета жұлдыздары» (Ресей), «Krause Publications» (Германия), Монета сарайлары директорларының конференциясы (Австралия, Мексика) сияқты беделді халықаралық байқауларда 20 аталым бо-йынша наградаға ие болған.
– Бүгінгі көрме маған қатты ұнады. Көрмеден өңірімізде қолданыста болған және осы күні қолданылып отырған ақшалар туралы көп мәлімет алдым, – деп өзінің ойымен бөлісті Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушысы Темірлан Ғабдолов.
Жалпы, осы күні көрмеге келушілер қаржы саласының қызметі туралы банк қызметкерлеріне өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар