Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі жыл сайын Президент күні қарсаңында «Тарихи таңдау» жобасы аясында елді мекендерге музей экспонаттарын апаруды дәстүрге айналдырған.
Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Қараша айының соңғы күні музей біраз экспонаттарын Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепке апарып, ұстаздар мен оқушылардың көптеген мұрағаттық құжаттармен танысуларына мүмкіндік берді.
Жалпы, мұндай көшпелі экскурсиялар ұйымдастыру оны тамашалаушыларға Н.Ә.Назарбаевтың жас кезіндегі комсомол-металлург болған кезінен бас-тап Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысына дейінгі жүріп өткен жолы жайлы баяндайтын бірегей материалдармен, оның ішінде сирек бейнешежіре кадрлармен, фотосуреттер және мұрағаттық құжаттармен танысуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ, өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы құжаттармен танысып, сол жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларды
оқи алады.
– Осындай көшпелі экскурсиялар арқылы біз музейдегі жәдігерлермен мейлінше көбірек таныстыруға, мүмкіндігінше ауыл-село тұрғындарын көбірек қамтуға тырысамыз, – деді мектепте болған кездесуде Тұңғыш Президент музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Қабдуәлиқызы Ақтаева. – Бұл орайда әсіресе, мектеп оқушыларының көбірек танысқаны дұрыс деп ойлаймын.
Әрине, көшпелі экскурсияға музейдегі жәдігерлердің аз ғана бөлігі апарылды. Дегенмен, осының өзі-ақ, көрген адамның қызығушылығын туындатып, оған ой салады, дүниетанымын кеңейте түсуге жағдай туғызады. Күләйша Қабдуәлиқызының мектепке Елбасы туралы кітаптар тарту етуі де көшпелі экскурсияның мәнін аша түсті.
Талғат ҚАСЕН.
Аршалы ауданы.