Ақтау қаласында қоян-қолтық ұрыс спортынан өткен республикалық жарыста облысымыздың намысын қорғап, рингке шыққан облыстық ішкі істер департаментінің «Динамо» спорт клубының мүшелері жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарысқа қатысқан спортшылар арасында республикалық, халықаралық дүбірлі жарыстарда олжа салған мықты спортшылар аз болған жоқ. Осындай мықтылар қатысқан байрақты бәсекеде облысымыздың спортшылары мықтылардың арасынан көрініп, үш алтын, екі күміс және бір қола медальді қанжығаларына байлады. Облыс командасының қоржынына алтын салғандардың бірі қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, полицияның кіші сержанты Ибрагим Беков болды. Оның тек қана қоян-қолтық ұрыс спортына ғана емес, үлкен шеберлікті қажет ететін жапондық джиу-джитсуға да қатысып, республика чемпионы атанғанын айтып өткен артық болмас.
Сонымен бірге осы жарыста 2015 жылы Еуропа чемпионатында күміс медальді жеңіп алған полиция лейтенанты Нұрлан Мусинов пен спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан Еуропа чемпионы атанған полиция лейтенанты Рахметолла Сатыбалдиев те жақсы өнерімен көзге түсіп, алтыннан алқа тақты. «Динамошылардың» бапкері Жасұлан Жантасовтың айтуынша, 2014-2015 жылдары командалық есеп бойынша көкшетаулық «Динамо» командасының спортшылары екінші сатыға көтерілген екен.
«Динамо» спорт клубы жас ұрпақтың салауатты және сергек болып өсуі бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Осы бағытта спорт үйірмелері құрылып, жұмыс істеуде. Оған білікті бапкерлер жетекшілік жасап, жастарды спортқа баулуда. Сонымен қатар, «Динамо – Қазақстан балаларына» атты дәстүрлі республикалық акция біздің облысымызда қолдау тауып, жергілікті жерлерде жасөспірімдер мен балалар арасында бұқаралық спорт шаралары өткізілу дәстүрге айналған.