Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мақсаттары – мүгедектерге қолдау көрсету - АРҚА АЖАРЫ

Мақсаттары – мүгедектерге қолдау көрсету

Сол кезде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қол арбаға таңылған бес-алты жігіт ақылдаса келе мүгедектердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бір ұйым ашуға бел байлайды. Мақсаттары – өздері сияқты кембағал жандардың құқықтарын қорғап, өмірден өз орындарын табуларына жәрдемдесу, мүмкіндіктері шектеулі жандардың да өздері сияқты адамдар екендігіне қоғамның көзін жеткізу.

Осылайша «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы дүниеге келді. Алғашында талай кедергілер мен қиындықтарға ұшыраса да еш мойымай, қасқайып қарсы тұра білді. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт та өте шығыпты. Қоғамдық бірлестік қазір іргелі ұйымдардың біріне айналған. Ұжымда он беске жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, инженер, сәулетші, дәнекерлеуші, заңгер және тағы да басқа саланың мамандары бар.
– Біз негізінен мүмкіндігі шектеулі жандардың, соның ішінде тірек-қозғалыс аппаратының бұзушылықтары бар мүгедектердің мәселелерімен айналысамыз, – деп бастады әңгімесін Василий Леонидович. – Алғаш ашылған жылдары қиын болды, әрине. Мүгедектердің қоғамдық бірлестігі ашылыпты деп бізге ешкім қаржы ұсына қоймады. Бірлі-екілі кабинеттердің есігін қағып едік, құрғақ уәдеден әрі аспады. Содан кейін барып ақшаны өз күшімізбен, өз еңбегімізбен табамыз деп шештік. Васильковка шағын ауданындағы бос жатқан жерлерді жалға алып, темір гараждарды қойдық. Оларды жеке тұлғаларға жалға беріп, жанынан ақылы автотұрақ аштық. Содан біртіндеп шаруашылығымызды кеңейте бастадық. Қазір құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес. Мемлекет тарапынан да ұдайы қолдау көрсетіліп отырады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің түрлері де көбейді. Васильковка шағын ауданында өзіміздің өндірістік базамыз бар. Онда тігін, автокөліктерді сырлау цехтары, жөндеу шеберханасы жұмыс істейді. Жеке және заңды тұлғалардан тапсырыстар алып, орындаймыз. Атап айтар болсақ, былтырғы жылы 800-ден астам ортопедтік жастықшалар тіктік. Сынып қалған қол арбаларды жөндеуден өткіземіз. Қазіргі кезде жөндеу шеберханасында электрлі көтергіштерді құрастырумен айналысудамыз. Оған қажетті құрал-саймандарды өзіміз дайындаймыз. Тек қозғалтқышын ғана сатып аламыз. Осындай көтергіштерді облыстық үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының ғимаратына, «Алтын ғасыр» сауда үйіне орнаттық. Енді қол арбамен жүретін кез-келген мүгедек осы көтергіштер арқылы өзі қалаған қабатына көтеріле алады. Тек нүктені басса болғаны. Электрлі көтергіш 300 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Біздің бірлестік сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен сауда-саттық ғимараттарының, тұрғын үйлердің алдына мүгедектердің еркін кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасау мақсатында пандустар орнатады. Осының бәрі де «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.
Аталмыш бірлестікте инватакси қызметі де жақсы жолға қойылған. Бұл бағытта 6 автокөлік өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарға қызмет көрсетеді. Олардың үшеуі Көкшетау қаласында тұратын тірек-қозғалыс аппаратының бұзушылықтары бар мүгедектерге қызмет көрсетсе, енді қалған үшеуі Щучинск, Степногорск, Атбасар қалаларындағы осындай кембағал жандардың жұмысқа, емдеу мекемелеріне тегін барып келулеріне қолайлы жағдай жасап отыр. Осындай қамқорлықтары үшін көкіректері қаяу жандардың осы қызметті ұйымдастырушыларға айтар алғыстары да шексіз.  Мүгедек жандардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында «Мерген» спорт клубы ашылған болатын. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар жүзу, жеңіл атлетика, теннис, пневматикалық қарудан нысана көздеу сияқты спорт түрімен айналыса алады. Клубтың қазір жүзден астам мүшесі бар. Степногорск, Щучинск, Атбасар қалаларында және Жақсы ауданында аталмыш клубтың филиалдары жұмыс істейді. Клуб мүшелері облыстық, республикалық жарыстарға үнемі қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Целиноград ауданында тұратын бірінші топтағы мүгедек Вадим Дукарт жазда Бразилияда өткізілген Параолимпиадаға Қазақстан командасының құрамында қатысып, пауэрлифтингтен тоғызыншы орынды жеңіп алды. Бұл біз үшін жақсы нәтиже.      
«Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде қатысып отырады. Биылғы жылдың 27 қазанында Шымкент қаласында өткізілген «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» республикалық байқауына қатысып, жүлделі екінші орын үшін 1,5 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Осы жоба аясында бірлестік медбикелері Көкшетау қаласындағы орталық емханамен, денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыс жасай отырып, бірінші топтағы мүгедектердің үйлеріне барып, тегін дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуде.
Әрине, шешуін табуды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Физиоемдеу, уқалау және тағы да басқа медициналық қызмет түрлерін көрсету үшін ыңғайлы ғимарат жоқ. Егер осындай бір арнайы жабдықталған орын болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілер медициналық қызметтердің де тізімі артып, сапасы жақсара түсер еді. Алайда, Василий Леонидович қол қусырып қарап отыратын жандардың қатарынан емес, бұл мәселенің де алдағы уақытта өзінің оң шешімін табарына сенімді.

Жанат СӘБИТОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар