Осы күндері Есіл қаласында жаңа баспанаға қолы жеткен тұрғындардың қуанышында шек болмады.
Аудан әкімі Аманбек Қалжанов жаңа баспана иелерін құттықтай келе, осынау игі істің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өтті.
– Пәтердің бағасы шарықтаған заманда баспаналы болу кез-келген адамның арманы. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан аудан орталығында бүгінгідей жаңа көп қабатты үйлер көптеп бой көтеріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындар қатарының көбейе түсетіндігіне сенім мол, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Ағымдағы жылдың басында облыс әкімі Сергей Кулагин коммуналдық тұрғын үй қоры есебінен Есіл қаласындағы 40 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру үшін қаржы бөлу мәселесін шешкен болатын. Осы мақсатта облыстық бюджеттен бөлінген 148 миллион теңге қаржыға 40 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында пайдалануға беріліп отыр.
Есіл ауданы.