«Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің 25 негізі» акциясының он екінші күні отбасылық құндылықтарға арналды. Осыған орай, облыс орталығындағы Достық үйінде «Асыл әже» байқауы ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – жастардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, салт-дәстүрлерді дәріптеп, насихаттау. Танымдық-мәдени іс-шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблея-сы мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп өткізді. Тәлім-тәрбиелік мәні зор байқауға өзге ұлт өкілдерінен шыққан әжелер қатысты. Шаңырақтарының ұйытқысы болып отырған ардақты әжелер алғашқы кезеңде өздерін таныстырып, ұлттық салт-дәстүрлерін сипаттайтын көріністер қойып, бірлігі жарасқан қазақ елінде тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп жатқандықтарымен ерекшеленді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Асыл әже» аталымын «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айгүл Маментикова жеңіп алса, «Алтын әже» аталымын «Бари» армян этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рузанна Дегоян иеленді. Ал, өзінің іскерлігі мен жан-жақты әмбебаптылығымен көзге түскен «Татар мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Анюза Урманова «Өнерлі әже» аталымы бойынша үздік шықты. Тұла бо-йынан мейірімділік оты маздаған Ақмола облысының «Русская община» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Александра Сокольская «Мейірімді әже» атанды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.