Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері Көкшетау қаласындағы кемтар балаларға арналған №4 мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне бағалы сыйлық жасады.
Біраз жылдан бері облыстық ішкі істер департаменті мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерін қамқорлықтарына алып, түрлі мерекелерге орай сый-сыяпат көрсетіп тұрады. Таяуда мектепте кемтар балалар тәрбиесімен айналысатын мекеме қызметкерлерінің халықаралық конференциясы өтті.
Екі күнге созылған басқосуда қазақстандық мамандар Ресейден келген әріптестерімен тәжірибе алмас-ты. Осы жиынға шақырылған облыс полицейлері құр қол келмей, мектепке түрлі-түсті принтер сыйлады.
Олардың ең үлкен сыйлығы конференцияға қатысушылар мен мектеп оқушыларына арнап қойған концерттік бағдарламалары болды. Департаменттің шығармашылық ұжымының күшімен қойылған концертте елімізде және Ресейде кең таралған әндер шырқалды. Полиция қызметкерлерінің өнеріне оқушылар мен конференцияға қатысқан қонақтар дән риза болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.