Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сан қырлы талант иесі - АРҚА АЖАРЫ

Сан қырлы талант иесі

Уақыт ұшқыр. Уақыт зымыран. Өзімен бірге пенде баласында қанкөбелек ойнатып, өмір айдынының терең түкпірлеріне зырқыратып, зымыратып алып бара жатыр. Алмағайып уақыттың жалына жармасқан пенде баласының мұраты – өмір атты айдында бір батып, бір малтып алға қарай жүзе бермек. Кейде жал-жал алапат таудай толқындар оны жаңқадай үйіріп, қақпақылдай ойнап тағдыр тәлкегіне, өмір азабына салса, енді бірде өмір айдыны өзінің тып-тынық мейірімді төсімен сәбидей еркелетіп, әсем тербетері бар. Өмір бұлты қап-қара боп торлап, айнала төңіректі күңгірттендіріп, түнекке айналдырып, зіл батпан салмағымен еңсені басса, келесі бір кезекте өмір сәулесі күн шуағындай ерекше жарқырап, ерекше мейірім төге өз қызуымен пенде ғұмырын ерекше нұрландырып, сәулелендіріп жіберетіні ғажап.

Міне, осындай өмір перипепиясында шаршамай, шалдықпай өз мұрат-мақсаты жолында тағдырдың асау толқындарына қарсы қаймықпай, еркін, батыл, талмай жүзіп келе жатқан қайсар тұлғалардың бірі ретінде Ілекеңді, Ілия Жақанов тұлғасын атар едім.
 Ілия Жақанов – Қазақстанға белгілі композитор, жазушы, өнертанушы, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990 жыл),  «Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (1994 жыл), Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының құрметті академигі (1997 жыл), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998 жыл), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері және  Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің иегері (1997 жыл).
Ілия Жақановтың сан қырлы талантын сөз еткенде бізді қинайтын бір жайт бар. Ол не? Ол – Ілекеңді әдебиет пен мәдениеттің, өнердің сан қырлы салаларының басын қосып жүрген талант иесін осы салалардың біреуіне қоса салудың қиындығы. Ол – қазақ мәдениетінде жазушы, журналист, эссеист, публицист, композитор, музыкатанушы, өнертанушы ретінде танымал. Соңғы кезде қалың жұртшылыққа ол кісінің суретшілік қабілеті де танылып, өзінің төлтума картиналарымен көрнекті суретшілердің де қатарына жатқызылып жүр. Бұл да тарлан таланттың ешкімге ұқсай бермейтін қасиет белгісі, болмыс ерекшелігі  демеске лажымыз жоқ. Сонымен, Ілекең кім болды? Жазушы ма, композитор ма, өнертанушы ма? Сонау бала кезімізден жалпы біз емес-ау жалпы көпшілік қауым Ілияның «Асылым», «Әсел», «Балқан таудың баурайында», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Еділ-Жайық», «Нені ойладың», «Толағай» сияқты лирикалық әндерінің әсем әуенімен тербетіліп өскені жасырын емес. Әсіресе, композитордың «Асылым» әні талай жастардың көңіліне махаббат сазын оралтып, талай жүректерге ем, дәру болып дарыған-ақ шығар?! Талай айлы түнде ғашық жүректер осы әннің әуеніне тербетіліп, алдағы өмірлеріне серт байласқан-ақ шығар?! Бәрі де мүмкін. Оның «Асылым» әнін қазақ жастарының махаббат әні, махаббат гимні ретінде қабылдағанымыз абзал. Ән қайырмасында келетін:
Зорға басып, жүрегімнің тасуын,
Сені ойладым келеді деп, асылым! – деген, немесе:
Сары күзде сарғайдым да жасыдым,
Сені ойладым, аңқылдаған асылым! – деп келетін жолдарда қанша сыр, қанша мұң, қанша үміт жатыр! Махаббат тақырыбындағы әндердің ішінде осы әнге жететін әндер кемде-кем, сирек-ау деп ойлаймын. Жалпы Ілекеңнің қай-қай әнін алсаңыз да осы махаббат сарыны әсем өрнек боп, ерекше лейкмотив ретінде жарқырай көрінеді. Көңілге қуаныш, үміт сыйлайды.
Композитордың «Балқан таудың баурайында», «Жайлаукөл кештері», «Еділ-Жайық» әндерінде оның  туған жерге деген іңкәр көңілі, аяулы сезімі, ыстық сағынышы, дүрсілдеген жүрегінің лүпілі анық байқалады. Оның «Еділ-Жайық» әні елге деген мейірбан мол махаббаттан туындаған, қазақ жерінің осы бір қасиетті екі өзеніне арналған ән-гимн іспеттес туынды. 60 жылдардан (XX ғ.) бергі уақыттағы қазақ өнерінің тарихында өзінің лирикалық толқыныстағы жүрек тербетер әндерімен, қалың тыңдарманның көңіл түкпірінен орын алған ғажайып әндерімен Ілия Жақанов есімі сыршыл да тамаша композитор ретінде сақталып қалары анық.
 Ілекеңнің екінші бір үлкен қыры–жазушылығы. Ол кісінің 1959 жылы Қазақ мемлекеттік  университетінің филология факультетін бітірген тіл-әдебиет маманы екенін де еске алайық. Автордың ертеректе жазылған «Қайта оралған ән» (1968 жыл), «Қош бол, вальс» (1969 жыл) повестері оқырмандарға ерекше әсер қалдырды. Оның басты ерекшелігі әдебиетте өнер тақырыбын қозғауы болатын. Өнер тақырыбы – Ілияс Жансүгіровтың өнер тақырыбындағы поэмалары мен қазақтың қабырғалы прозаигі Тәкен Әліқұловтың әңгіме-повестерінде жарқын көрініс тапты. Осы бір үрдіс І.Жақанов прозаларында жарасымды жалғастық тауып, өнер тарландарының бедерлі бейнесі айшықталды. Оның бұдан кейінгі жазылған «Екі жирен» (1976 жыл), «Бірінші концерт» (1979 жыл), «Махаббат вальсі» шығармаларында, 1990 жылы шыққан «Ықылас» (алғаш қырғыз тілінде «Кертолғау» деген атпен 1989 жылы жарық көрген) атты романында бұл тақырып аясы кеңи түсті. Ілекеңнің жазушылық, қаламгерлік қыры, ерекше стилімен көркем тілі айрықша зерттеулердің нысанына айналу қажет. Жазушының ерекше тілі, стилі, көркемдік әлемі, дүниеге, шындыққа, ортаға деген эстетикалық парасат-пайымының кеңдігі оқырмандарын бейжай қалдырмайды, оны толқытып, әртүрлі көңіл-күй иірімдеріне салып толғандырады, шабыттандырады, қиялын ұштап, сан бояулы сезім бұрқаныстарын бастан кешіртеді. Жазушының «Ықылас» романы – оқырмандарының зор ықыласына бөленген көркем дүние. Жазушының «Ықылас» романы ХІХ  ғасырда өмір сүрген қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлы мен қырғыз қобызшысы Күреңкей арасындағы достық пен қырғыз бен қазақ халқы арасындағы бауырмалдық қасиеттері кеңінен баяндалады. Ықылас пен қырғыз аруы Кемен арасындағы ыстық сүйіспеншілік
сырлары сөз болады.
Жазушының шұрайлы тіл, образ жасаудағы шеберлігі тәнті етеді. «Ықылас» романында құбылысты ашудағы үдету (градация) тәсілінің көркемдік бояуы қанық. Оны өнікті тәсіл ретінде тиімді де оңтайлы қолданатыны байқалады. «Жұрт сүйініп, шешіле сөйлесті. Ықыласты әлі де ән тербеп отырды. Кеменнің ән салғандағы келбеті келді көз алдына. Ықылас Кеменнің сүттей ақ бетіндегі оймақтай қан қызыл нұрды, қос қарақаттай қона қалған егіз меңді, таңда ашылған гүлдей үлбіреген ернінің бір шетінде дірілдеген наз қылығының жанды үйірер шуағын, әннің әр сөзі, жанға тиер әр иірімінде найзадай тіп-тік кірпігінің бірде жатып, бірде қайтадан тікірейгенін, бір өліп, бір тірілген іңкәр кейпін, арманды халін көріп, өзі де қобалжи толқып, іштей мұң құбылды». (І.Жақанов. Ықылас. Роман. Алматы «Өнер», 1990 жыл, 205 бет).
Үдету тәсілі жазушы тілінің көркемдік бояуын ғана емес, кейіпкерлер болмысындағы психологиялық хал-күйді, ішкі сезім күйін үстеу қызметін де атқарып тұр. «Үйде Ықылас пен Кемен оңаша қалған-ды. О, дариға, дәл осындай бір сұхбатты сәт. Қас-қағым сәттің қадірі! Тағдырдың қыл үстінде қалтылдайтыны, үміт отының жылтылдауы.
Көздер бір-біріне маталды. Көздер арбасты. Көздердегі жақындық, қимастық, арман, күдік, қуаныш. Ештемені жасырмайтын қайран көздер.
Ықылас пен Кеменнің лүп еткен демі бір-біріне өрттей шарпыды. Екі кеудедегі екі жүрек бір жүрек боп соқты. Тіл – Мүсәпір. Тілде еш қарекет жоқ. Тіл байланды. Ықыластың көз ұшында жезкиік тым алыстағы түнгі оттай жылтылдатады. Ол тау қойнауынан жылт ете қап, жоқ болды. Емінтіп, елжіретіп, үздіктіре есін алады» (І.Жақанов. Ықылас. Роман. Алматы «Өнер» 1990 жыл, 206 бет).
Құбылысты суреттеуде жазушы тілінде импрессионистік бояулар нақышының молдығы да байқалады. Шебер суреткерлік қасиет кейіпкер сымбатын сомдауда анық байқалады.
«Кемен шешінді. Үстіндегі бар лыпасын жағаға тастады. Басын шалқақ көтеріп, қос бұрымының өрімін асықпай тарқатты. Енеден жаңа туғандай, уыз тәні ақ ұлпа бұлттай жарқырап, енді оған Қаншай сұқтанды қимылсыз қатып. Көл жиегінде таранған бір маңғаз аққудың кербез келбетін көрді ол. Шашын тарқатып алдына түсіріп, төгілдіріп тастай беріп еді, ол жаңағы есті тандырған періште мүсінді, жас қайыңдай бұралған қынай белді, тіп-тік сом жаратылған ақ балтырды, аққудың қанатындай екі иінін тұтас жауып, Қаншайды бір сұлулық тәңірісі арбады. Ол жүрегі әлденеден шошынғандай дүрс-дүрс соғып, жан-жағына жасқана, үрейлене көз тастады. Кей-кейде өзінің де көрікті екеніне іштей сүйініп тәңірге разы боп қалатын Қаншай, Ақмөрдей сұлуды туған анаға бас ұратын Қаншай мына бір өзгеше бітімді өз көзі түгіл айнадай жалтыраған су бетінен, қиырдан шалған сұқты көздерден, тіпті, тіршілікке жарық берген күннен бәрі-бәрінен қызғанды» (І.Жақанов. Ықылас. Алматы «Өнер» 1990 жыл, 209-210 бет).
Ілекеңнің жазушы ретіндегі жоғарыдағы өнер тақырыбындағы көркем шығармалары – оның үшінші қыры өнер тарихы, музыка тарихы, өнертанушылық өрісіне бастау алатын дайындығы іспеттес дүниелер деп те таныған абзал. Бұл тарапта оның «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» сияқты сал-серілерге арналған «Аққулар қонған айдын көл» (1988 жыл) эсселер жинағы, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары,  «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары бар.
Ілия Жақанов – қазақ өнертануында әнші-ақындар шығармашылығын, сал-серілер мәдениетін ұзақ жылдар бойы талмай, жалықпай, ерекше қажыр күш-қуатпен терең зерделеп жүрген білікті зерттеуші. Бұл турасында филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбеков былай деп жазады: «Өнеріміздегі осы бір ғажайып құбылысты, ерекше өнерді қырық жылдан бері ерінбей-жалықпай, жан-жақты, терең зерттеп келе жатқан сал-серілердің жарқын бейнесін атқан таңдай жарқыратып аша бастаған кісі – Ілия Жақанов. Сал-серілер өнеріне, олардың өмір-тіршілігіне, сән-салтанатына, асыл мұрасына, тағдырына, ұлт тарихындағы құбылыс ретінде ерекше мән беріп, арнайы терең зерттеген Ілиядай зерттеуші болған жоқ. Ілияның көптен бері айызымызды қандырып, тамылжытып жазып келе жатқан эсселері, ертегідей етіп жүргізген талай теле-радио хабарлары көпшіліктің жадында» (М.Жолдасбеков. Ақан сері өмірінің ақиқаты // Егемен Қазақстан. 30 шілде, 2014 жыл).
Ілия Жақанов ән зерттеушісі ретінде Арқаның әншілік мектебінің дәстүрі болмыс сипатын қалың оқырмандарға танытып қоймай, талай белгісіз әндердің тарихын оның шығарушы композиторларын анықтауға бар күш-жігерін жұмсады. Біржан салдың «Айбозымын», Ақан серінің «Шырмауығын» қайта тірілтіп, қазақ әндерінің қатарына қосуы, Мәриям Жагорқызына таңылып жүрген «Дударай» әнінің нақты иесі, шығарушы халық өнерпазы Үлебай екендігін дәлелдеп шығуы зерттеуші қарымы мен қажырын танытса керек. Оның үстіне Ілия Жақановтың 80 жылдары (ХХ ғ.) қазақ телевизиясындағы Арқа әндерін шебер орындаушысы Қайрат Байбосыновпен бірге жүргізген тағылымды да мәнді телехабарлары көпшілік көрермендердің есінде сақталары хақ. Осы саладағы І.Жақанов еңбектерінің қатарына «Сырлы жүрек пернесі» лирикалық эссе кітабы (2008 жыл) мен «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Бір кезде Ақан едім аспандағы» деп аталатын хикаяты, «Зәуреш» атты зерттеу еңбегінде қазақ өнерінің тарихына қосылған құнды еңбек деп қарастырғанымыз абзал. «Бір кезде Ақан едім аспандағы» кітабында зерттеуші қалың жұртшылыққа белгісіз талай жайттардың шындығын ашады. Мысалға қазақтың дүлдүл ақыны І.Жансүгіров қалың жұртшылыққа «Құлагер» поэмасында Құлагер өліміне кінәлі деп Батыраш, Қотыраштарды айыптайды. Кейінгі көптеген зерттеушілер, әдебиетшілер де Батырашты айыпты қылады. Тарихи шындыққа айналып кеткен осы жайдың олай емес, бұл пікірдің терістігін алғаш көрсеткен қазақ ақыны М.Жұмабаев. Ол Ақан сері жа-йында жазған тарихи, көркем очеркінде Құлагердің өліміне кінәлі Батыраш емес, Барақбай екендігін айтқан. Ілекең өзінің осы мәселеге байланысты ұзақ жылғы жүргізген зерттеулерінде Барақбай зұлымдығын айғақты дәлелдермен дәйекті деректермен ашып көрсетеді. Зерттеуші жалаң қиял емес, М.Жұмабаев зерттеуіне, Қасым қарияның қоңыр дәптеріне сүйеніп және Батыраштың ұрпақтарынан, өзге көзкөргендердің куәлігінен шындықты қалпына келтіреді. Ақан өмірінің ақиқатын алдыңызға тартады. Бұл еңбекте Батыраштың біз ойлағандай қарақшы емес, ортасына аса сыйлы, текті, дәулетті адам болғандығы айтылады. Олардан басқа Ақтоқты мен Балқадиша жайындағы шындықтың да бетін олардың үлгілі отбасы болғандығы және кейінгі ұрпақтары жайлы тың деректері оқырманын қызықтыра тартады. Қазақ зиялыларын ұзақ жыл толғандырып келе жатқан мәселенің кілті ашылып, осы мәселенің соңғы нүктесі қойылғандай болады.
2014 жылы өнертанушының «Зәуреш» атты зерттеу эссесі жарық көрді. Мұнда Ілекең Мұхиттың «Зәуреш» әнінің тарихы мен батыс өңіріндегі талай белгісіз болып келген әншілер мен өнер тарландарының қызғылықты тағдырын сөз етеді.
Ілекең кабинетте қамалып отыратын зерттеуші емес. Оның Қазақстанда болмаған мекені жоқ. Қай жерде белгісіз ән табылды өнерпаз бар болса сол жерге жетуге асығатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінде болғаны өз алдына, ол Иран, Қытай, Түркия қазақтарының арасына да түрлі экспедиция ұйымдастырып, белгісіз әндер тауып қайтатын.
Ілия ағамыздың тағы бір қыры – оның аудармашылық өнері. Ол қырғыз жазушысы Қасымбековтың «Сынған қылыш» романын (1981 жыл) қазақ тіліне аударған. Ш.Айтматов шығармаларының кейіпкерлеріне арнап «Даниярдың әні», «Әселім жаным» әндерін шығарған. Қырғыз тілін меңгерген жазушы өзінің «Ықылас» романын қазақ тілінде шығармас бұрын 1989 жылы қырғызша «Кертолғау» деген атпен шығарған. Ол – қазақ және қырғыз мәдениетінің алтын көпірі іспеттес тұлға. Бауырлас, туыстас түркі халқына деген ықыласы, құрметі ерекше. Бұл да көпшілігімізде сирек кездесетін қасиеттердің бірі. Ілекең есімін Көкше жұртшылығы да сүйіспеншілікпен атайды. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ шығармашылығын насихаттауда ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. 1998 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан республикалық сал-серілер мектебін ашып, оған өзі жетекшілік етті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанды. Енді сөзімізді түйіндей келгенде байыптап қарасақ, қазақ мәдениетінің тарихында мысалға оның жазушылығын ғана алсақ, ол өзінің таза көркем шығармашылығымен-ақ, қазақ прозасына елеулі үлес қосқан жазушы ретінде, халық жүрегіне жол тартқан әндерімен композитор ретінде, қазақ ән өнерінің тарихын байытқан толымды зерттеушілігімен талантты өнертанушы ретінде қалары сөзсіз екен. Егер Ілекең осы үш саланың тек біреуімен ғана айналысқанның өзінде қалдырған еңбектерімен жұрт ықыласына, халық абыройына ие болады екен. Мұндай өнерпаздық әмбебаптық сирек таланттардың еншісіне бұйырса керек. Ендеше қазақ руханиятының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан Ілекең еңбегіне қарыздар екенімізді айта отырып, сексеннің сеңгіріне шыққан ағамызға өнерпаздық болмысыңыз алдағы уақытта ортаймай, қаламыңыз қолдан түспей, толымды зерттеушілігіңіз мұқалмай, шығармашылық өрісіңіз кеңейе берсін деп тілейміз.    
    
 Сәбит ЖӘМБЕК,
филология ғылымдарының
кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар