«Достар» мәдениет сарайында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының, этно-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктердің рөлі» тақырыбында диалог алаңы өтті.
Шараға облыс орталығындағы әйелдер жетекшілік ететін ұйымдардың, этно-мәдени және діни бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоғары және орта арнаулы білім беру ордаларының студенттері мен оқушылары қатысты.
– Кез келген мемлекеттің тұтастығы мен бірлігін шайқалтатын кереңсіздіктің бірі – сыбайлас жемқорлық болып табылады. Ата-бабаларымыз бізді әділдікке, арлы болуға тәрбиеледі. Ертедегі соттардың қызметін атқарған билеріміз ұлы дала заңына бағынып, қашан да ар жолынан аттамай, туғаны алдына келсе де, әділ шешім қабылдай білген. Төле бидің «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзі соның бір айқын дәлелі, – дей келе Ақмола облыстық дін істері басқармасының жанындағы конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығының басшысы Данияр Тоқсанбаев адамгершілік пен кісілік тұрғысынан сыбайлас жемқорлықтың теріс әрекет екендігін тарихи мысалдармен жастарға жан-жақты талдап, түсіндіріп берді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, кез келген адам өзі тұрып жатқан мемлекеттің заңдары мен заңнамаларына бағынып, әділ және иманды жолмен өмір сүруі қажет» деп атап көрсетті ол.
Сондай-ақ, диалогтік алаңға жиналған қауымға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова қоғамдық бірлестіктер мен этно-мәдени орталықтардың осы орайда атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Ол өз сөзін барша жиналғандарды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесімен құттықтаудан бастап, күні кеше қабылданған декларацияның мән-маңызына тоқталды. Одан әрі, облыстың әр аумағында белсенді жұмыс істеп жатқан 240 қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің орын алмауы үшін атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Бұдан әрі Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің, Ғалым атындағы мешіттің дін қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, осы бір теріс әрекеттің шариғаттағы мән-мағынасын түсіндіріп, оның адамдық қасиеттердің қалыптасуына кері әсерін тигізетіндігіне назар аударды. Сонымен бірге, қайырымдылық істермен айналысып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүрген бірлестіктер мен адамдардың осындай ізгі ниеттеріне орай әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар тарапынан жалқаулыққа бой алдырып, мемлекет көмектеседінің жетегінде кету орын алмай ма деген ойлар да айтылды. Оған Ақмола облысының «Евангали-Лютеранский приходы» жергілікті діни бірлестігінің уағызшысы діни тұрғыда ондай мұқтаж адамдарға қашан да көмек қолын созу қажет деп жауап берді.
Сыбайлас жемқорлықтың теріс әрекет екендігін болашақ ұрпаққа бала кезден санасына сіңіріп өсіру, ол үшін ата-аналардың отбасында, тұрмыста сыбайлас жемқорлықтың ұлттық мәдениетке жат құбылыс екендігін жастарға түсіндіру қажеттігі айтылды. Жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мамандары қорытындылады.
Ырысалды Шамшиева.