«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының «Білім беру» бағыты бойынша сараптамалық комиссиясында «Ақмола облысының білім беру саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту» бағытындағы облыс аумағында салынып жатқан білім беру мекемелерінің құрылысы туралы мәселелер талқыланды.
Комиссия отырысына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, сараптамалық топтың аймақтық кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов, комиссия мүшелері және мүдделі басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібіне сай облыстағы білім беру саласындағы мемлекеттік және жеке- меншік серіктестік мәселесі бойынша ең алдымен «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының» аймақтық басшысы Дмитрий Беляков баяндама жасады. Орталықтың атқарып жатқан жұмыстарына жан-жақты тоқтала келе, облыс бойынша барлығы 21,6 миллиард теңгенің жүзеге асырылатын 52 жобасының тізілімдемесі бар екендігін айтты. Бұл жобалар үш кезең бойынша, яғни, биыл алғашқы кезеңде 11, келесі жылы 30 жоба, соңынан тағы да 11 жоба болып жүзеге асырылмақшы. Алғашқы кезең бойынша қолға алынған 11 жоба Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі туралы» заңына сай жүргізілуде. Бұл жобалар бойынша облыста денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және білім беру салаларына қатысты құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Білім беру саласы бойынша 8,7 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба қолға алынса, оның 29-ы балабақша, біреуі орта мектептің құрылысы. Целиноград ауданының Ақмол ауылы бойынша 280 орынға шақталған балабақша құрылысы мәслихат сессиясында қарастырылып, шешім шығарылғаннан кейін жеке серіктестермен келісім-шарт жасалған. Қазіргі күні балабақшаға кезегін күткен 515 бала бар. Жеке серіктестердің ұсынған жобалары бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерін салу мәселесі комиссия мүшелері мен арнайы шақырылған тиісті басқармалар өкілдері арасында қызу пікірталас тудырды. Мәселен, биылғы жылғы көрсеткіштер бойынша облыста 3 жас пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 90-95 пайыз көлемінде. Осы орайда, «алдағы уақытта балабақшаларды балалармен толықтыру мәселесі туындамайды ма?» деген сауал қойылды. Бұған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гомазов жауап берді. Мәселен, Көкшетау қаласының Сарыарқа ықшам ауданында салынған «Көктем» балабақшасында балалар жеткіліксіз. Өйткені, мекеме шалғай орналасқандықтан, ата-аналардың көбі балаларын орталықтағы немесе өздеріне ыңғайлы, жұмыстарына жақын балабақшаларға апарып жатады. Сол себепті, балабақша салатын жерді анықтағанда, ол жердегі халықтың тығыздығы мен демографиялық өсімі ерекше назарға алынуы тиіс екендігі ескертілді. Және де, алдағы уақытта бүлдіршіндерді тұратын мекен-жайларына орай, өз аудандарындағы жақын балабақшаларға орналастыру, орын алмас-
тыру жұмыстары жүргізілетіндігі қоса айтылды. Тағы бір айта кететін мәселе, жекеменшік серіктестердің жобалары белгілі бір шекті уақытқа дейін ғана алғашқы мақсатта жұмыс істеп, кейін өзінің негізгі бағытын басқа сала бойынша ауыстыруы мүмкін екен. Мысалы, мекеме бой көтерген уақытта ол балабақша ретінде ашылса, кейін он-он бес жылдан соң, яғни, мерзімі аяқталған соң сауда орталығы немесе дәмхана, мейрамхана сияқты басқа мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін. Осындай жағдайларды да алдағы уақытта ескеру қажеттігі баса айтылды.
Мәжіліс соңында «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сессия отырыстарында қаралған сексеннен астам ұсыныстардың 35-і бойынша заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізілгендігі туралы хабарлады.
Ырысалды Шамшиева.